Өткен аптада Қарасай аудандық Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өткізіліп, оның жұмысын кеңес төрағасы Сағат Мәсімақынов басқарды.
Алдымен белгіленген күн тәртібі бойынша кеңес мүшелері «2020 жылдың 14 қазанында онлайн режимде өткізілген Алматы облыстық Қоғамдық кеңесі отырысының шешіміне сәйкес, Қарасай аудандық жер қатынастары және сәулет және қала құрылысы бөлімдері басшыларының тұрғындарға мемлекеттік қызметтерді көрсету жөніндегі жұмыстары туралы» аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы А. Болубаев пен аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Д. Жапаровтың есебін тыңдады.
Бұл жөнінде бірінші болып Сағат Ұлтарақұлы сөйлеп, аталған мәселенің маңыздылығын айтты, осы орайда көрсетілетін қызметте тәртіп пен реттілік керектігіне назар аудартты, Жер кодексі мен қызмет стандартын қатаң сақтаудың айрықша мәні бар екенін алға тартты. Сондай-ақ, жер комиссиясының отырыстарын формальды түрде өткізуге жол бермеу керектігін де, барлық жұмыстың заң талаптарына сай жүргізілуі тиістігін де әңгіме арқауына айналдырды. Талқыланған жайға байланысты кеңес мүшесі Орынбай Жанәділ де өз ой-пікірін ортаға салды.
Келесі кезекте отырыста «Жұмыспен қамту» жол картасы шеңберінде Қарасай ауданындағы инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы бойынша 2020 жылға бөлінген қаржының жұмсалуы және бекітілген объектілердің жылдың аяғына дейін толық және сапалы аяқталуы туралы» аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Ж.Қатубаев, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Е.Нағашыбаев, аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы А. Жақанбаев есеп берді.
Бұл ретте аймақта көптеген жұмыс атқарылып жатқанын атап айту керек. Осылайша ауданға қажетті объектілер мерзімінде бой көтеріп, жолдар жөнделді, бірқатар жұмыссыз азаматтар жұмыспен қамтылды. Жалпы, осы орайдағы барлық істі аудандық Қоғамдық кеңес тұрақты бақылауында ұстайды. Кеңес мүшелері Едіген Жүнісбеков, Сағындық Жылқыбаев, Әмина Абдраманова бұл мәселеге байланысты есеп берушілерге сұрақтарын қойып, пікірлерін білдірді.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе – «Алматы облысы, Қарасай ауданы жергілікті атқарушы органдарының мемлекеттік қызметтерді көрсету саласындағы заңнаманы сақтау жұмысы бойынша 2020 жылдың 9 айының қорытындысы туралы» Қарасай ауданы әкімі аппаратының мемлекеттік қызметтер мониторингі және ақпараттық технологиялар бөлімінің басшысы Е. Омербаев есеп берді.
Аталған есеп жайында да кеңес мүшелері ұсыныс-тілектерін айтып, өздерінің сұрақтарын қойды.
Жиын соңында барлық талқыланған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
Қаскелең қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Несіпбала Әбенқызы Әбділдаеваның аудандық Қоғамдық кеңестің мүшелігіне алынғанын да айта кеткеніміз жөн.
Қарасай аудандық Қоғамдық кеңесі отырысының жұмысын оның төрағасы Сағат Мәсімақынов қорытындылап, қазіргідей күрделі жағдайда барлық жұмыс та жауапкершілікпен жүргізілуі тиістігін, істің бәрі де сапалы атқарылып, жүйелі болуы керектігін, әсіресе, адамдардың тұрмыс-тіршілігіне, жұмыспен қамтылуына, яғни, әлеуметтік мәселелерге айрықша назар аудару қажеттігін атап көрсетті.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.