Елдің әлеуметтік-экономикалық даму барысында адам өміріне жағдай жасап, халықтың әл-ауқатының жақсаруына үлкен үлес қосатындар – құрылысшылар. Құрылысшылар қолының іздері мыңдаған тұрғын үйлер мен түрлі ғимараттарда, мектептер мен аурухана да, емханаларда, балабақшаларда сайрап жатыр. Сондықтан бұл еліміздегі ең қажетті мамандықтың бірі. Иә, олардың қажырлы еңбегі әрқашанда құрметке лайық. Осы орайда, олардың кәсіби мерекелері қарсаңында аймақтағы нысандардың салынуын бақылайтын Қарасай аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Жарас Қатубаевпен әңгімелескен едік.
–Биыл аудан бойынша құрылыс қарқыны қалай жүріп жатыр?
– Жалпы, аймақтың сәнімен келбетін келтіруде айрықша салынған нысандардың маңызы зор. Дегенмен, біз ең алдымен жергілікті тұрғындарды әлеуметтік маңызы бар мекемелермен қамтамасыз ету мен оларды ретке келтіруді бірінші кезекке қоямыз. Атап айтқанда, аудан бойынша ағымдағы жылы үш мектепте жапсаржай салу аяқталып, тоғыз білім ордасы құрылысының жобалау-сметалық құжаттамалары жасалуда. Сонымен қатар, бізде құрылыс жүріп жатқан көпқабатты үйлер де бар. Олардың құрылыс-монтаж жұмыстары басталып, инженерлік желілері де ретке келтірілуде. Иә, жаңа ғимараттар да бой көтеріп, ауданның көркін одан әрі арттыруда.
– Сіз жоғары сөз еткен білім мекемелерінде құрылыс нысандарын ретке келтіру жұмыстары жөнінде кеңірек айтып берсеңіз. Себебі, биылғы аудан әкімінің есеп беру кездесуінде білім мекемелерінің жай-күйіне қатысты біраз ескертпелер мен шағымдар түскен еді.
– Біздің өңірімізде бұл мәселе жолға қойылып, мектептерде үшауысымдылық оқуды жою мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, Абай ауылындағы мектепте 600 орындық жапсаржай құрылысын салу былтырғы жылдың 5 маусымынан басталып, биыл 30 мамырда пайдалануға берілді. Дәл осы мерзімде Қаскелең қаласындағы С.Керімбеков атындағы орта мектепте 300 орындық жапсаржайдың құрылысы аяқталды. Ал, жуырда осындай қосымша қалыпқа келтіру жұмыстары Шамалған бекетіндегі Ы.Алтынсарин мектебінде атқарылып, енді жаңа оқу жылында оқушылар 600 орындық ғимаратта білім алатын болады. Сонымен қатар, ауданымыз бойынша тағы да үш мектепке жапсаржай салуға және алты жаңа мектептің құрылысын жүргізуге жобалау-сметалық құжаттамалар жасалуда. Яғни, Алмалыбақ ауылындағы, Шамалған бекетіндегі, Іргелідегі Л.Толстой орта мектептерінде қосымша ретке келтіру жұмыстары жүргізіледі. Ал, халық санының көбеюіне байланысты балалардың саны да артқан Үштерек, Жармұхамбет, Бұлақты, Долан ауылдарында 600, Әйтей ауылындағы «Өмірзақ» тұрғын үй кешенінде 900 және Батан ауылында 450 орындық білім ұясының жаңа ғимаратын тұрғызуға ашық байқау өткізу үшін құжаттар әзірленуде. Сонымен қатар, биыл 20 маусымда балалар мен жасөспірімдерге арналған Шамалғандағы «Úshqońyr» денешынықтыру-сауықтыру кешені толығымен қолданысқа берілді. Оның көлемі 6 гектарлы жер телімін алып жатса, 54×30 метрлі алаңы көптеген спорт түрлерінің жеке залдарына арналған. Ал, 600 адамға лайықты етіп тұрғызылатын стадионда төрт жолақты жүгіру жолдары мен стрит-воркаут алаңдары бар. Бұл жерде көптеген спорт түрлеріне қатысты залдар мен арнайы бөлмелердің барлығы заманауи, соңғы стандарт үлгіде жабдықталған. Аталған кешеннің жоба авторы «Урбостиль» ЖШС-і. Ал, оның құрылысымен мердігер мекеме «U-Con-Two» Bi-Group жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысты.
– Ендігі кезекте соңғы жылдарда бой көтерген көпқабатты тұрғын үйлердің жай-күйі тоқталсақ. Осы бағыттағы құрылыс деңгейі қандай?
– Бекітілген егжей-тегжейлі жоспарға сәйкес, Қаскелең қаласында 8 гектар жер теліміне 1750 пәтерді құрайтын «Қарлығаш» тұрғын үй кешенін салу жоспарланған болатын. 2016-2018 жылдары 7 қабатты 50 пәтерлі 4 тұрғын үй берілді. Оның ішінде екеуі мемлекеттік бағдарлама аясында бой көтерген. Аталған кешенді салған мердігер компания «Еламан» ЖШС-імен Қарасай аудандық әкімдігі арасында ағымдағы жылдың 14 ақпанында меморандумға қол қойылды. Осы талаптарға сәйкес биылғы жылы салынған 100 пәтердің 50-і «7-20-25» бағдарламасы арқылы берілетін болды. Ал, аудан орталығында 2018 жылы салынған «Алатау Ажары» тұрғын үй кешенінде 60 пәтерлі үй салынып, тұрғындарға берілген болатын. Осы жыл соңында тағы осынша пәтер пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, Әйтей ауылдық округінде 32 гектар жер теліміне 2019-2021 жылдар аралығында екі қабаттан тұратын 520 пәтерлі 130 таунхаус үйлер салу жоспарланып отыр. Олардың басқа тұрғын үйлерден ерекшелігі – бір үйде төрт пәтер орналасады.
– Аудандағы инженерлік желілердегі дамыту және жайластыру жұмыстары қалай атқарылуда?
– Аймақтағы бірқатар жерде осы бағытта жұмыстар жүруде, олар осы жылдың соңына таман аяқталады. Жұмысы қомақты әрі күрделі учаскелер келесі жылы іске қосылады. Мысалы, Шамалған бекетіндегі жеке тұрғын үйлердегі сыртқы байланыс желісін, «Қарлығаш» шағын ауданында инженерлік желілерді ретке келтіру осы жыл соңына дейін аяқталатын болады. Ал, Исаев ауылындағы жеке тұрғын үйлерде кенттік жолдар мен науалық жауын кәріз жүйесіне (канализация) құрылыс-монтаж жұмыстары 2020 жылдың 24 мамырына дейін жүргізіледі.
– Жалпы, құрылыста қандай мердігер компаниялармен жұмыс істейсіздер?
– Арнайы келісімшартқа отырып, бірлесе жұмыс істейтін мердігер мекемелері жоқ. Себебі, әрбір нысанның жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалғаннан кейін Алматы облысының құрылыс басқармасында ашық байқау жарияланады. Сондағы қойылған талаптарға сай келген компания құрылыс жүргізу мүмкіндігіне ие болады. Биыл білім мекемелерін «Құрылысшы ТБС», «Сұңқар», «АСК Ауыл Құрылыс», «Saulet Group», «Шебер», «Қаз Нұр жобалау», «КазСтройЭксперт», «ЭлМ» ЖШС-лері ретке келтіруде. Ал, үйлердің құрылысымен «К-Строй-Ивест», «Еламан», «KMS Optima» ЖШС-лері айналысты. Инженерлік желілерде «Іргетас Құрылыс-ІІ», «Ком сервис», «Асатай», «Қарасай Құрылыс» ЖШС-лері жұмыс істеуде.
– Ауданымызда құрылыс саласында нәтижелі жұмыс атқарып жатқан қай мекемелерді атар едіңіз?
– «Қарлығаш» тұрғын үй кешенін тұрғызған, жекеменшік-мемлекеттік серіктестік арқылы «Қарлығаш» балабақшасының іргетасын қалап, әлі де жобаны жалғастырып келе жатқан «Еламан» ЖШС-інің салған нысандары халық игілігіне қызмет етуде. Сонымен қатар, бізде жуырда ғана әлеуметтік нысанның бірі – Батан ауылындағы амбулаторияның құрылысын аяқтап тапсырған «Дәулет-Серпін 603» ЖШС-і бар. Бұл мердігер мекеме ауданға бірнеше он жылдық көлемінде нысандарды салу және ретке келтіру жұмыстарымен еңбектері сіңіп келеді. Ал, биыл білім мекемелерінде құрылыс жүргізген «Құрылыс ЖТС» ЖШС-сі үздік нәтиже көрсетті. 600 орындық Жамбыл ауылында жаңадан мектеп салып, Абай ауылындағы мектепті ретке келтіру жұмыстарын жүргізді.
– Әңгімеңізге рахмет. Осы сәтті пайдаланып, Сізді және құрылыс саласында қызмет етіп жатқан барша жандарды алда келе жатқан кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймыз. Алдағы уақытта да өркениетті еліміздің өсіп, өркендеуі жолында толағай табыстарға жете берулеріңізге тілектеспіз. Бойларыңызға сарқылмас күш-қуат, еңбектеріңізге таусылмас жетістік, отбасыларыңызға ортаймас бақ-ырыс тілейміз!
Сұхбаттасқан Бұрым ОРЫНБАСАР.