Өткен жылы еліміздің еңбек нарығында бірқатар өзгерістер орын алған еді. Шілде айының бірінен бастап ҚР Әлеуметтік кодексіне сәйкес облыс орталықтары мен ірі қалаларда еңбек мобильділігін қамтамасыз ететін 20 орталық пайда болды. Ал осыған дейін халықты жұмыспен қамту орталықтары Мансап орталықтары болып қайта құрылды. Атауы өзгергенімен оның негізгі қызметтері сол қалпында қалды. Бүгінде аталған мекемелер жұмыссыздық мәселесін шешу бағытында еңбек етуде.
Соңғы жылдары халық саны күрт өскен Қарасай ауданындағы осындай мекеменің жұмысы қауырт. Таяуда біз Қарасай аудандық Мансап орталығының бөлім басшысы Абзал Нұсқабаймен кездесіп, аудандағы жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытында атқарылып жатқан істер жайында тілдескен едік.
– Абзал Санжарұлы, негізгі мәселелерге көшпес бұрын аудандық Мансап орталығы жайында жалпы ақпарат беріп өтсеңіз. Мекеме қандай бағытта жұмыс істейді? Қандай қызметтер көрсетіледі?
– Мансап орталығының міндеті – ұлттық еңбек нарығының көрсеткіштерімен ұштастыра отырып, жергілікті ерекшеліктерді ескеріп, өңірлік жұмыспен қамту саясатын іске асыру. Яғни бөлек мекеме ретінде құрылғанымен, негізгі функциялар өзгеріссіз қалды. Өздеріңіз білетіндей, халықты жұмыспен қамту орталықтары азаматтар және жұмыс берушілерге еңбек делдалдығын көрсету, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын жүзуге асыру, жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғауды ұйымдастыру бағытында жұмыс істейтін. Мансап орталығы осы жұмыстарды әрі қарай жалғастыруда.
Жалпы өткен жылы енгізілген өзгерістер жұмыспен қамту қызметін жүйелі түрде қайта құруға, еліміздегі халықты жұмыспен қамту жүйесін жақсартуға, мемлекет есебінен көрсетілетін еңбек делдалдығы бойынша қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған. Сондай-ақ көрсетілетін қызмет түрлерін толық цифрландыруға ауыстыру жұмыстарын жетілдіру болып отыр.
– Өзіңіз айтып өткендей, қазіргі уақытта қызметтерді цифрлы форматта өткізуге ерекше назар аударылған. Біздің ауданымыздағы Мансап орталығында бұл бағыт қаншалықты дамыған? Сіздердегі қандай қызмет түрін электронды түрде алуға болады?
– Заман ағымына сай цифрлық технологияны барынша ілгерілету қажеттілік болып отыр. Сондықтан цифрландыру – қазіргі таңда Қазақстанның дамуындағы ең маңызды бағыттардың бірі. «Электрондық үкімет» жүйесі сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге, процестердің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы жүктемені азайтады. Бүгінде еліміздегі мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі онлайн форматта қолжетімді. Бұл бізге де қатысты.
Ауданымыздың тұрғындары орталыққа келмей-ақ «Қазақстан Республикасының еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде «www.enbek.kz» сайты арқылы жеке кабинетін құра отырып, жұмыс іздеуші ретінде тіркеле алады. Сонымен қатар субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру үшін жұмыс орындарын құрғысы келетін кәсіпкер электрондық еңбек биржасында «жеке кабинет» арқылы Мансап орталығына өтінім беру мүмкіндігі қарастырылған. Сондай-ақ ол үшін «электрондық еңбек» биржасы ақпараттық жүйесі арқылы ұсынған электрондық жұмыс табеліне сәйкес, жоба аясында жұмысқа орналасқандардың жалақысына берілетін субсидияның сомасын аудару мүмкіндігі де жасалған.
– Көбейіп келе жатқан жұмыссыздық – ешқашан күн тәртібінен түспейтін мәселе екені анық. Осы ретте Қарасай ауданындағы жұмыспен қамту бойынша ахуал қандай? Жұмыссыз ретінде тіркелушілер көп пе?
– Қарасай ауданында жұмыссыз жүргендер аз деп айта алмаймын. Жыл басынан Мансап орталығында 11 200 азамат жұмыс іздеуші ретінде тіркелген еді. Әрине, біздің тараптан барлық қажетті шаралар атқарылды. Нәтижесінде 11 200-ден 11 144 (95%) адам жұмыспен қамтылды. Оның ішінде: 9044-і тұрақты және 2100-і уақытша жұмысқа жіберілді.
Жалпы аудан ауданы бойынша 2024 жылы 11750 тұрғынды (оның ішінде 9498 азаматы тұрақты және 2252 азаматты уақытша) жұмыспен қамту жоспарланған болатын. Бұл бағыттағы жұмыстары әлі де белсенді түрде жүргізілуде.
Ниеті бар, нақты жұмыс істеймін деген адамға ауданда жұмыс орнын міндетті түрде тауып береміз. Өтініш пен бос жұмыстар тізімін Enbek.kz cайтынан немесе Мансап орталығынан білуге болады.
– Мансап орталығы «бос жұмыс орындары» жәрмеңкесін жиі ұйымдастырып тұрады. Осы ретте сұрайын дегенім, ауданымыздағы жұмыссыздық мәселесін шешу бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Иә, біздің ауданда жұмыс берушілерінің қатысуымен «бос жұмыс орындары» жәрмеңкелері жиі өтіп тұрады. Бұл – жұмыссыздық деңгейін азайтудың тиімді жолдарының бірі. Аталған жобаға қатысу үшін жас ерекешеліктерге, дипломы барлары да немесе жоқтары да, мүгедектігі бар азаматтар да, тіпті жазасын енді өтеп келген азаматтар үшін де жұмыс табылады. Биылғы жылы 11 бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылып, ауданымыздағы ірі және орта кәсіппен айналысатын 220 мекеме қатысып, 1200-ден аса вакансия ұсынылды. Оған жұмыс іздеуші 1950 азамат қатысып, 230-ы тұрақты жұмысқа орналасуға жолдама алды.
Мұнан бөлек Мансап орталығы тарапынан «Қазақстан Республикасының еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде субсидияланатын жұмыс орындары ұсынылады. Атап айтқанда, «алғашқы жұмыс орны», «жастар тәжірибесі», «ұрпақтар келісімшарты», әлеуметтік жұмыс орындары, ақылы қоғамдық жұмыс, «күміс жас» бағдарламалары және жұмыс берушілердің ұсынған бос жұмыс орындары. Оның аясында Қарасай ауданында азаматтардың өмір сүру сапасы мен табысын арттыруға бағытталған ұлттық жоба шеңберінде – 658 азамат жұмыспен қамтылды, оның ішінде тұрақты жұмыс орны – 498, уақытша жұмыс орны – 160. Сонымен қатар жеке бастамамен жұмысқа орналасқандар саны – 5612. «www.enbek.kz» интернет ресурсы арқылы жарияланған бос жұмыс орындарына – 3887 азамат тұрақты жұмысшы ретінде орналастырылды.
«Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша – 82 азамат, «жастар тәжірибесі» арқылы – 116 азамат, «ұрпақтар келісімшарты» жобасы бойынша – 6 азамат, «күміс жас» жобасы арқылы – 163 азамат, әлеуметтік жұмыс орындарына – 74, ақылы қоғамдық жұмыстарға – 1527 азамат уақытша жұмыс орындарымен қамтамасыз етілді.
– Өзіңіз білетіндей, Қарасай ауданы бүгінде ірі өнеркәсіптік аумақ болып саналады. Осы ретте жаңа бизнес идеяларын іске асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтсеңіз.
– Мансап орталығы арқылы жаңа кәсібін бастағысы немесе жұмысы жүріп тұрған ісін ілгерілету үшін өтеусіз және қайтарымсыз негізде 400 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде (2024 жылы – 1 476 800 теңге) грант беріледі. Оны жұмыссыз немесе жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеу мерзімі үш жылдан аз, жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, халықтың әлеуметтік осал тобына жататындар ала алады. Қаражатты кәсіпкерлер қажетті еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, жануарларды, малды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды, өсімдіктерді, коммерциялық жылжымайтын мүлік объектілері, сондай-ақ сауда объектілері, оның ішінде жалға алу, пайдалану, бизнес-жобасын іске асыру үшін ғимараттарды жалға алу ақысы ретінде нысаналы мақсаты бойынша пайдалану қажет.
Биылғы жылы халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 37 азаматқа, атап айтсақ, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған 5 адам, еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар 7 адам, 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары бар 21 көп балалы отбасылар, 3 асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем алушы, бір атаулы әлеуметтік көмек алушыға 400 айлық көрсеткіш көлеміндегі мемлекеттік грант беру жоспарланып, барлығы грант алды. Оның ішінде: нан, сүт және жартылай полуфабрикат өндіруге – 8 жоба, оқыту орталықтарына – 3 жоба, жиһаз және тігін цехтарына – 9 жоба, сән салоны мен массаж орталықтарына – 5 жоба, гончарлық өнім, ат әбзелдерін өндіру және металл конструкцияларын өндіретін цехтарға – 4 жоба, ауылшаруашылық саласына – 2 жоба қорғалып, комиссияның оң шешімін алды. Грант алған азаматтар жеке кәсіпкерлікпен айналысып, уақытында есептерін тапсыруда.
– Жалпы кәсіпкерлерге арналған гранттың беру жолын түсіндік. Ал оны алған адам шарт талаптарын орындамаса, оларға қандай шара қолданылады?
– «Кәсіпкерлік бастамаға жәрдемдесу жөніндегі шараларды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларын бекіту туралы» ережесінің 26 және 27 тармақтарына сәйкес, мемлекеттік грант алушы гранттық қаражаттың нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылғанын немесе грант қаражатының пайдаланылмағанын растау болмаған кезде шарт жасалған күннен бастап 3 ай ішінде портал арқылы қаражатты толық ерікті түрде қайтаруға өтінім береді. Грант алушы қаражатты толық көлемде пайдаланбаған жағдайда оны толық қайтаруды және ішінара пайдаланған жағдайда порталдағы «жеке кабинетте» тиісті өтініш беру арқылы қалғанын қайтаруды жүзеге асырады.
Сонымен қатар, Алматы облысының еңбек мобильдігі орталығы ұсынған «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға қатысушыға халықты жұмыспен қамту орталығы жаңа бизнес-идеяларын іске асыруға берген гранттың нысаналы игерілуі туралы шартының» 2-тармағына сәйкес, іс-шараларын уақтылы және тиісінше жүргізуге, атап айтқанда, әлеуметтік аударымдарды төлеу керек екені жазылған. Шартта көрсетілген міндеттерді орындамауына байланысты Қарасай ауданының Мансап орталығы бизнес идеяларды іске асыру үшін алынған қаражатты сот тәртібімен қайтару құқығын өзіне қалдырады.
– Елімізде тағы бір баса назар аударылатын бағыт – жастар мәселесі. Ал Мансап орталығы осы бойынша да жұмыс атқаратынын білеміз. Бұл жайлы жалпылама айтып өте аласыз ба?
– 2024 жылы тұжырымдама шеңберінде барлығы – 997 жас азаматты белсенді шарамен қамтамасыз ету жоспарланған. Атап айтқанда, «жастар практикасы» бойынша – 141 азамат, «алғашқы жұмыс орны» бойынша – 86, «ұрпақтар келісімшарты» бойынша – 6 азамат, «ақылы қоғамдық жұмыс» бойынша – 700 азамат. Сонымен қатар, 21-35 жас аралығында жастар арасындағы 64 адамға 320 млн теңге көлемінде 2,5% шағын несие беру көзделген болатын.
Ағымдағы жылы мекемемізге 4814 жас азамат жүгінді, халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 9 жас 400 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі грантқа өтініш беріп, үшеуінің өтініші қанағаттандырылды. «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша – 310, «жастар практикасы» бойынша – 116, «алғашқы жұмыс орны» бойынша – 82 адам, ақылы қоғамдық жұмыстарға – 431, әлеуметтік жұмыс орындарына 20 адам жіберілді. Жалпы тұрақты жұмысқа орналастырылғандар саны – 1555. Қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 47 жас, «ұрпақтар келісімшарты» жобасы бойынша алты азамат жіберілді.
Айта кетейік, жалпы 2024 жылы статистикалық есеп негізінде Қарасай ауданы бойынша – 11075 NEЕТ санатындағы жастар анықталды. Оның ішінде: мектепте оқитындар – 4, студенттер – 70, үй шаруасында бала күтімімен отырғандар – 1142, қайтыс болғандар – 4, әскери қызметін өтеушілер – 25, Қарасай ауданында тұрмайтындар – 2118, 35 жастан асқандар – 2180, мүгедектігі бар азаматтар – 13, бас бостандығынан айыру орнында отырғандар – 12, ҚР азаматтағы жоқ жас азаматтар саны – 32, бейресми жұмыс жасайтындар – 2202, жеке кәсіпкерлер – 203, тұжырымдама шеңберінде белсенді шараларға тартылған жастар саны – 1015, тұрақты жұмыспен қамтылғандар – 1555, жұмыссыз жастар саны – 600.
– Мүмкіндігі шектеулі тұрғындарға сіздердің орталықтарыңызда қандай қызмет түрлері көрсетіледі?
– Жалпы Қарасай ауданы бойынша мүгедектігі бар азаматтар саны – 5764. Оның ішінде І топтағы мүгедектігі бар азаматтар саны – 719, ІІ топтағы – 2108, ІІІ топтағы – 2427, ал балалар саны – 510. Бүгінде 1240 мүгедектігі бар азамат тұрақты жұмыспен қамтылған.
Жыл басынан бері Мансап орталығына мүмкіндігі шектеулі 220 азамат жүгініп, оның ішінде 81 азамат тұрақты жұмысқа орналастырылды. «Қысқа мерзімді кәсіптік оқуға және қайта даярлау курстарына» төрт азамат, «бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негізінде 50 азамат оқып, мүгедектігі бар жеті адамға 400 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі қайтарымсыз грант берілді. Сондай-ақ «жастар тәжірибесі», «алғашқы жұмыс орны» және «ұрпақтар келісім шарты» жобасына үш жұмыссыз азамат жіберілді. «Күміс жас» жобасы арқылы бес адам, «әлеуметтік жұмыс орны» арқылы бір адам және «ақылы қоғамдық жұмыс» орындарына 44 жұмыссыз азамат орналастырылды.
Қарасай ауданы бойынша 22 мекемеде 31 азаматқа квота бөлініп, қазіргі таңда 31 азамат тұрақты жұмысқа орналаса алды.
– Ал атаулы әлеуметтік көмек ше? Биыл оны ауданымызда қанша адам алды?
– 2024 жылдың IV тоқсанына «Алматы облысының еңбек мобильдігі орталығы» филиалы «Қарасай ауданы бойынша Мансап орталығы» тарапынан 2850 істің электрондық шешім жобасы құрылды, оның ішінде 1176 іс тағайындалды, 1674-і бас тартылды. АӘК тағайындалғандардың ішінде еңбекке қабілетті адамдар саны – 1843. Оның ішінде жұмыс істейтіндер – 859, бала және мүгедектігі бар адамдардың күтімі бойынша – 950 адам, белсенді жұмыспен қамту шараларына қатысатындар – 270 адам.
Бүгінгі күні, Қарасай ауданының Мансап орталығының кеңесшісі мен ассистенттері телефон байланыс арқылы ең төменгі жалақыны алатын атаулы әлеуметтік көмек алушыларға хабарласып ең жоғары жалақысы бар бос жұмыс орындарын ұсынуда, сонымен қатар «Қазақстан Республикасының еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» негізінде жұмыспен қамтудың белсенді шаралары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
– Келер жылға жоспар қандай, бөлісе отырсаңыз?
– Алдағы жылы еліміздің барлық облыстарында шетелде жұмыс істеуге ниетті азаматтар үшін алдын ала даярлау орталығы ашылу жоспарланған. Жаңа бастама азаматтарға құқықтық, әлеуметтік және экономикалық мәселелер бойынша кеңес беру мен қолдау көрсетуге бағытталған.
Өздеріңіз білетіндей, қазіргі уақытта қаржы тұрақтылығына ұмтылған еліміздің азаматтары шет мемлекетке заңсыз түрде барып, жұмыс істеп жүр. Деректер бойынша бүгінде өзге елде еңбектеніп жүрген 50 мыңға жуық қазақстандықтардың 30 мыңға жуығы – мигрант. Ал бейресми дерек бойынша бұл сандар әлдеқайда ауқымды болуы мүмкін. Шет елдегі жұмыстың жалақысы жоғары болғанымен, кемшілік жақтары да жетерлік. Мәселен, заңсыз барған адам ешқайда шыға алмайды. Құжатсыз ұсталса, жауапкершлікке тартылатын болады. Олардың еңбек келісімдері де рәсімделмейді. Медициналық сақтандырулары болмағандықтан, жұмыс барысында жарақаттанса, дұрыс ем де ала алмайды. Яғни олардың азаматтық құқықтары қорғалмайды десек болады.
Бұл мәселені шешу мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері Оңтүстік Корея, Ұлы Британия және Қатармен келіссөздер жүргізді. Мақсат – сонда барып жұмыс істейтін азаматтарымыздың еңбек құқықтарын қорғау, емін-еркін жүріп, тең жалақы алуын, уақытылы демалысқа шығуын, медициналық сақтандыру болуын қамтамасыз ету. Осының арқасында енді мемлекеттік бағдарламамен баратындардың барлық жағдайы реттеледі.
Тілек білдірушілер өздері тұрып жатқан жергілікті жерлеріндегі мансап орталықтарына жүгінулері қажет. Мұнда біз оларға мағлұматтар мен кеңестер береміз, тіл үйретеміз, қауіпсіз көші-қонды қамтамасыз етеміз, сапарға дайындаймыз, жалпы жан-жақты қолдау көрсетеміз.
Қазірдің өзінде ауданымыздағы «Зияткер» тіл орталығымен меморандум жасастық. Сондай-ақ SDU университетімен келіссөздер жүргізілуде.
Біздің тараптан Алматы облысы бойынша даярлау орталығын Қарасай ауданында ашу туралы өтініш жасалды. Қазір ол қаралу үстінде.
Тағы бір жаңашылдық келесі жылы «Face ID» жүйесін енгізетін боламыз. Бұл өзгеріс көбінесе кәсіпкерлерге байланысты. Яғни «жастар практикасы», «алғашқы жұмыс орны», тегін курстар секілді өзге де бағдарламалар арқылы біз адамдарды жұмыспен қамтуға дайын кәсіпкерлерге жіберіп отырамыз. Алайда бүгінде бағдарламаға қатысушылар да, кәсіпкерлер де келісімшарттағы талаптарды дұрыс орындамауда. Сондықтан «Face ID» жүйесін енгіземіз. Мәселен, үш айлық тегін курстарды алайық. Оны жүргізетін орталықтар өздеріне «Face ID» жүйесін қоюы керек. Ол арқылы біз жіберген азаматтың сабақтарға уақытылы барып, қатысып жүргенін бақылап отырамыз. Егер де «қатыспауы» көп болатын болса онда оған тиесілі шәкіртақы берілмейді. Ал кәсіпкер сол адамға бөлінген қаражатты қайтаруы тиіс болады.
Осылайша, осы салада артып бара жатқан жемқорлық пен құқықбұзушылықтар саны азаяды деп ойлаймыз.
Әрине келер жылы бұдан өзге де өзгерістер орын алады деп күтіп отырмыз. Қазіргі таңда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде біраз жаңашылдықтар талқыланып жатыр. Алайда ол жайында нақты ақпарат әлі жоқ.
– Абзал Санжарұлы, сұқбат соныңда аудан тұрғындарына айтар сөзіңіз бар ма?
– Иә, бар. Бұл әрнәрсе үшін «делдалдардың» көмегіне жүгінетіндерге байланысты.
Жаңа айтып өткенімдей, бүгінде елімізде барлық қызмет түрін онлайн түрде алуға жақсы жағдай жасалған. Атаулы әлеуметтік көмек, мемлекет тарапынан берілетін көмек, жұмыссыз қалғандарға арналған жәрдемақы, қайтарымсыз грантқа өтініш беру және тағы да басқа көмек түрлерін алуға өтініш беру үшін тұрғындар өзгелерге ақша төлейді. Мәселен, кейбірі қайтарымсыз грантқа өтініш беру үшін делдалға ақша береді. Ал ол болса өтінішті 1 минуттың ішінде «www.enbek.kz» сайты арқылы бере салады. Бұл жағдайда адамдардың көбі ақша беріп, өтініш тастағаны, оның қабыл болатындығын білдірмейтінін түсінбейді. Грантқа деген өтініші қабылданбаса, бізге келіп, «мен ақша төледім ғой» деп наразылықтарын білдіріп жатады. Ал кейбірі мұның бәрін онлайн жасауға болатынын білмейді немесе ол өте ұзақ әрі қиын үрдіс екен деп ойлайды.
Осы ретте маман ретінде ауданымыздың тұрғындарына айтатыным, онлайн түрде өтініш беру, көмек алу өте оңай. Сайттарда ақпараттың бәрі бірнеше тілде, түсінікті жазылған. Әр қадамыңыз ойластырылып қойған. Тіпті мұның өзі қиын десеңіз, қастарыңызда орналасқан мансап орталықтарына жүгініңіздер. Мұнда мамандар барлық сұрақтарыңызға жауап беріп, көмектеседі.
Осындай жеңіл нәрселер үшін босқа ақша шығарудың қажеттілігі жоқ.
– Уақытыңызды бөліп, сауалдарымызға жауап бергеніңізге көп рақмет. Жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз!
Сұқбаттасқан Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.