Елімізде Жұмыспен қамту орталықтары 2011 жылдан бері жүйелі түрде жемісті еңбек етіп келеді. Еңбекпен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыруды мақсат еткен орталықтар ашылған сәттен бастап 2017 жылға дейін «Жұмыспен қамту» және «Жұмыспен қамту – 2020 Жол картасы» бағдарламаларына басымдық берсе, 2017 жылдан қазіргі таңға дейін «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын» жүзеге асыруда.
Жұмыспен қамту орталықтарында бірыңғай жұмыс стандарттарын негізге ала отырып арнайы дайындалған қызметкерлер істейді. Бүгінде ауданымыздағы жұмыспен қамту орталығына оның директоры ретінде Эльмира Тасырова білікті басшылық етуде. Оның айтуынша, халықты әлеуметтік қызмет саласында 22 маман істейді. Мұндағы барлық қызметкерлер өз ісінің шеберлері деп айтуға болады. Негізі қаланған күннен бастап қазіргі уақытқа дейін жұмыс істейтін Данара Серікова, Өмірбек Құбиев деген тәжірибелі қызметкерлер жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, білгендерін үйретуден жалықпайды. Ал, солардың артын жалғап келе жатқан жас та болса білікті мамандар ретінде Абылай Зуайда мен Абзал Нұсқабайды атап айтуға болады. Аудандағы аталған орталықта басшылық еткен Марат Жұмағұлов, Қадырбек Атчабаров сынды ардақты азаматтар да өз кезегінде бұл мекеменің дамып, жетілуіне өзіндік үлестерін қосты.
Орталық қызметкерлері аудан көлемінде ұйымдастырылатын барлық шараларға белсене қатысады. Коронавирус пандемиясы кезінде жұмыспен қамту орталығының мамандары мен ассистенттері аудан әкімдігімен және жастар үйімен бірлесіп, ерікті ретінде қайырымдылық шараларына қатысқанына куә болдық. Өз жұмыстарын тоқтатпай онлайн түрде қызмет көрсетті.
Олардың осы негізде халық игілігіне орай атқарған жұмыстарын елеусіз қалдырмай, 10 жылдық мерейтойларына орай жақында аудан әкімінің орынбасары Дулат Сансызбаев мекеме ұжымына арнайы барып құттықтап қайтты. Оған қоса Дулат Мұратұлы аудан басшысы Жандарбек Далабаевтың Алғыс хатын аталған орталықтың басшысы Эльмира Тасыроваға табыс етті. Сонымен қатар, ол орталықтың ұжымын 10 жылдықтарымен құттықтай отырып, отбасыларына амандық, жаңа табыстар және кәсіби біліктіліктерінің арқасында биік асулардан көріне беруді тіледі.
Иә, бұл орталық он жылдық тарихында көптеген отбасының қиын жағдайдан шығып, жұмыссыздар қатарынан кәсіпкерлер санатына енуіне жол ашты. Жерлестерміздің қайтарымсыз гранттар арқылы мемлекеттік көмекті алуына мүмкіндік берді. Сонымен қатар, Жұмыспен қамту орталығы бос орындар жәрмеңкесін де тұрақты ұйымдастырып тұрады. Жұмыс берушілер мен іздеушілерді бір арнаға тоғыстыратын мұндай жәрмеңкелер көптеген жандардың қызмет жолын бастауына жол ашты. Осындай ірі жәрмекеңкелер 2019 жылы Қарасай ауданында ұйымдастырылды. Сол жылы Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақмола және Қостанай облыстарынан жұмыс берушілер арнайы өздері келіп қабылдау жүргізген болатын. 368 жұмыссыздың 122-сі жаңа жұмысқа орналасты. Ал, тағы бірі – облыстық сот орындаушыларымен өткізілген жәрмеңке. Оның барысында істі болған азаматтарды жұмысқа орналастыру қарастырылды. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған бұл шараның нәтижесіне сәйкес аталған мекеменің қызметкері Абылай Зуайда Алғыс хатпен марапатталды.
«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы» аясында да жүйелі жұмыстар атқаруылда. Мәселен, биылғы бірінші жартыжылдығындық бойынша аталған бағдарламаның бірінші бағытына сәйкес – «Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету» бағыты бойынша 130 жұмыссыз азаматтарды кәсіби оқыту, қайта даярлау курстарына жіберу жоспарланып, олар оқуға жіберілді. Екінші бағыты бойынша 90 азаматқа 200 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі мемлекеттік грант беру жоспарланып, бүгінгі күні 63 азамат грант алды. Жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша 2021 жылы 21 азамат 83 млн 420 теңге шағын несие алды. Үшінші бағыты – жастар тәжірибесіне жоғарғы және орта кәсіптік оқу орындарын бітірген 49 жас маман жіберілді. «Алғаш жұмыс орны» жобасы аясында 7 азаматты жұмысқа жіберу жоспарланып, оның 6-ы жұмысқа алынды. Әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру аясында 55 азаматты әлеуметтік жұмыс орындарына жіберу жоспарланып, оның саны 71 азаматқа жетті.
Қоғамдық жұмысқа 920 адам жіберу жоспарланып, 1174 азамат жұмысқа жіберілді. Оның 254-і жұмысын аяқтап, 120 азамат тұрақты жұмысқа орналастырылды. Ауданымыз бойынша жыл басынан бастап, 756 жұмыссыз азамат тұрақты жұмысқа орналастырылды. Бағдарламаның шеңберінде мүгедектігі бар азаматтар да назардан тыс қалмай, келіп тіркелген 89 азаматтың 34-і тұрақты жұмысқа, оның ішінде 23-і квота бойынша орналасты. Жыл басынан бастап пробация қызметінің есебінде тұрған 77 азаматтың 60-ы тұрақты жұмысқа жіберілген. Иә, бір жоғарыда тізбектеген істер аталған мекеме жұмысының бір бөлігі ғана. Алдағы уақытта жоспарға сәйкес басқа да жұмыспен қамту қызметтері жүргізіледі.
Мекеменің осындай елеулі еңбектері ескеріліп, марапаттарға да ие болған. Атап айтқанда, облыстық «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасарының атынан, облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысынан, Алматы облысы мен Қарасай ауданы әкімдерінен Алғыс хаттар алған. Сонымен қатар, Қарасай ауданынынң 90 жылдығына орай ұйымдастырылған мемлекеттік қызметшілер арасында өткен байқауда тоғызқұмалақ сайысы бойынша Аида Садуова бірінші орын иеленді. Сондай-ақ, мекеме қызметкері Абылай Зуайда биылғы жылы өткізіліп жатқан облыстық «Еңбек жолы» байқауында «Үздік жас маман» номинациясы бойынша өз бағын сынауда.
Жұмыспен қамту орталығы осы 10 жыл уақыт ішінде жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтушыларды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартуда елеулі еңбек етіп, жыл сайынғы алға қойған мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізіп, Тәуелсіз қазақ елінің дамуына өз үлесін қосып келеді.
Ауданымыздың әлеуметтік әлеуетін арттыру жолында қажырлы еңбектеріңіз еленіп, ел игілігі жолында жаңа табыстарға жете беріңіздер!
Бұрым ОРЫНБАСАР.