Қарасай ауданына арнайы іссапармен күні кеше ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова келді. Құрметті қонақ аудан халқын жұмыспен қамту мәселесіне мән беріп, жұмыссыздықтың шешу жолдарына қатысты міндеттемелер жүктеді. Сондай-ақ министр кадр даярлауға да назар аударып, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Ведомство басшысы алдымен Шамалған ауылында орналасқан Қарасай ауданы бойынша мансап орталығының бүгінгі жай-күйіне назар аударды. Ал аталмыш мекеменің қызметі мен ауданда азаматтарды жұмыспен қамту бойынша атқаралып жатқан жұмыстардың жай-жапсарын Алматы облыстық еңбек мобильдігі орталығының басшысы Абылай Зуайда таныстырды.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Қабыкенқызы мансап орталығының жұмысын оң бағалаумен қатар, оны жетілдіру жағына тоқталды. Айтуынша, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Жастар практикасы», «Қоғамдық жұмыс» және «Алғашқы жұмыс орны» сияқты жобалар нәтижелі болу керек. Яғни, азаматтар100% жұмысқа орналасуы тиіс. Сондай-ақ министр ауданда салынып жатқан кәсіпорындармен ортақ келісімге келіп, инвесторлармен жиі байланыс орнатып, жаңа жұмыс орнын айқындау керек екенін айтты. Осылайша жаңа жұмыс орындарын тауып, аудан тұрғындарының жұмыссыздық жағдайын біржақты шешуді міндеттеді.
Жоғарыда аталған дәл осы мәселе бойынша аудан басшысы Жасұлан Естенов жұмыс жүргізіліп жатқанын түсіндірді. Мәселен, «Алтын Таға» темірбетон бұйымдарын өндіру зауыты, Оңтүстік Кореяның ірі «KT&G» компаниясы, «Фокус» логистикалық кешені арқылы 1500-ға дейін жұмыс орнын ашу көзделуде.
Министр сондай-ақ бұл жұмыс сапары барысында болашақ мамандық иелерін дайындауға да көңіл бөлді. Осы ретте Шамалған ауылындағы Кәсіптік оқудағы көпсалалы колледжіне барып, оқу орнының қызметімен танысты. Колледждің тарихы мен бүгінгі жұмысына қатысты ақпаратты аталмыш мекеменің директоры Гүлнар Такимова баяндады. Оның айтуынша, колледжді аяқтаған түлектерде жұмыссыздық мәселесі туындамайды. Тіпті, «Astana motors», «Жетісу Тойота» сияқты белді компаниялармен келісімшарт жасасып, оқуды аяқтаған мамандық иелерінің біразы бірден жұмысқа тұру мүмкіндігі қарастырылған. Сондай-ақ Гүлнар Тұрсынбекқызы мемлекеттің қолдауымен шеберханалар жаңа құрал-жабдықтармен жабдықталғанын жеткізді. Соның арқасында студенттер көлік жөндеуді үйреніп, оларға техникалық қызмет көрсетуді игерген.
Светлана Жақыпова колледждегі бірқатар шеберханаларды аралаған соң, кадр дайындау жүйесі жолға қойылып, ең бастысы студенттер мамандық иесі атанғаннан кейін жұмыссыздыққа тап болмау керектігін түсіндірді.
Айта кетейік, Шамалған ауылындағы Көпсалалы оқудағы кәсіптік колледж 1965 жылдан бері жұмыс істеп келеді. 57 оқытушы қызмет етеді және мұнда «автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «автомобиль жөндеу слесарі», «автомобиль электр жабдықтарын жөндеу жөніндегі электрик», «ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану», «ағаш ұстасы және паркет жұмыстарының шебері», «кең бейінді құрылыс жұмыстарының шебері», «құрылыс-әрлеу жұмыстарының шебері», «дәнекерлеу ісі», «электргазымен дәнекерлеуші» сияқты мамандықтар оқытылады.
Аудан халқын жұмыспен қамтуды көздеп, экономиканың артуына едәуір септігін тигізіп келе жатқан кәсіпорындардың бірі – «Алатау Прогресс КЗ» ЖШС. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақупова бұл мекеменің қызметіне қызығушылық танытты.
Бүгінде бұл орталық «Altamir» деген брендпен жиһаз дайындаумен айналысады. Қазіргі уақытта негізгі міндеті – «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан мектеп жиһаздарын, кеңсе заттарын дайындау. Бұл жайында кәсіпорынның бас директоры Берік Жиенбаев министр Светлана Қабыкенқызына түсіндіріп, алдағы жоспарымен бөлісті. Мекеме басшысының сөзіне сүйенсек, қазіргі кезде зауытта өндірілетін мектеп жиһаздарына сұраныс артуда және тапсырыс берушілер тарапынан жақсы бағаға ие болуда. Былтыр мұнда өндіріс көлемі 2 миллиард теңгені құраған. Бұл көрсеткіш жаман емес екенін айтқан министр С.Жақыпова жұмыс орнын арттыруды ұсынды. Ал «Алатау Прогресс КЗ» ЖШС-нің басшсы Б.Жиенбаев жұмысшылардың санын көбейту жоспарда бар екенін айтып, цех аумағын кеңейтіп, болашақта 150 адамды қызметке орналастырылу ойда бар екенін түсіндірді.
Министр Светлана Қабыкенқызының жұмыс сапары SDU университетінде жалғасты. Мұнда құрметті қонақты ЖОО-ның ректоры Әлімжан Игенбаев қарсы алып, оқу ордасының тарихы мен бүгінгі қызметі жайында ақпаратпен бөлісті. Сондай-ақ университет басшысы Президенттің: «Жаппай кітап оқитын ұлтқа айналуымыз керек», деген сөзін мақсат етіп, SDU қабырғасындағы заманауи үлгіде жабдықталған кітапхананы жан-жақты таныстырды.
Университеттің жай-күйімен хабардар болғаннан кейін Светлана Жақыпқызы аталған оқу ордасының спорт пен мәдениет ошағына айналған жаңа корпуста еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша кеңес өткізді. Оған ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті төрағасы Төлеген Оспанқұлов, мемлекеттік еңбек инспекторлары, кәсіпорын басшылары және еңбек қауіпсіздігіне жауапты мамандар қатысты.
Бұл жиынның модераторы ретінде Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Исатаев алғаш сөз алып, басқосудың негізгі мақсаты еңбек заңнамасы талаптарының сақталуы және өндірістік жарақаттануды төмендету шеңберінде жүргізіліп жатқан жұмыстар екенін айтты.
Кеңесте сөйлеген сөзінде Светлана Жақыпова еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету мәселелері Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ерекше бақылауында екенін атап өтті. Осы саладағы ағымдағы жағдай туралы, яғни жиынның күн тәртібіндегі алғашқы мәселе ретінде аталмыш министрлікке қарасты Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы – ҚР Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов баяндады. Оның айтуынша, қабылданып жатқан шараларға қарамастан, биыл Қазақстанда өндірістік жарақаттануды төмендету бойынша соңғы жылдары қалыптасқан оң динамиканы сақтау мүмкін болмаған. Мәселен, осы жылдың 6 айының қорытындысы бойынша еліміздің кәсіпорындарында 700 жұмыскер зардап шекті, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,6%-ға артық (633 жұмыскер), оның 90-ы қаза тапты, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30%-ға артық (69 жұмыскер).
Экономика салалары бөлінісінде зардап шеккендердің ең көп саны тау-кен металлургия өнеркәсібі кәсіпорындарында – 17%, құрылыс саласында – 13% және коммуналдық шаруашылық кәсіпорындарында – 5% байқалады.
«Есепті кезеңде Алматы облысында өндірісте зардап шеккендердің саны 2023 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 3 еседен астам өсті (10-нан 27 адамға дейін), өліммен аяқталған жарақаттар саны да 3 есеге өсті (0-ден 3-ке дейін). Өңірде ең көп зардап шеккендер құрылыс саласының кәсіпорындарында байқалады – 31%», – деді Төлеген Оспанқұлов.
Комитет төрағасы сондай-ақ Алматы облысының еңбек инспекциясы басқармасына жазатайым оқиғалардың себептерін жою жөніндегі іс-шараларды әзірлеуді, өңірде өндірістік жарақаттанудың өсу себептері және қабылданған шаралар туралы растайтын құжаттарды қоса бере отырып, талдамалық анықтама беруді тапсырды. Одан бөлек өндірістік жарақаттану деңгейі жоғары әрбір кәсіпорында еңбек жағдайлары мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды.
«Статистикаға сәйкес, 2023 жылы тексерілген кәсіпорындардың 1 млн 692 мың қызметкерінің 519 мыңы (35%) зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейді, оның ішінде Алматы облысында – зиянды және қауіпті еңбек жағдайлары бар жұмыстарда жұмыс істейтін 8,5 мың жұмыскерге жұмыс беруші еңбек заңнамасына сәйкес кепілдіктер мен өтемақылар береді (жұмыс уақытының қысқаруы, қосымша жыл сайынғы еңбек демалысы және еңбекақы мөлшерінің жоғарылауы, сүт, емдік және профилактикалық тамақтану). Мәселен, 2023 жылы 697 мың жұмыскер 255 млрд теңге сомасына зияндылығы үшін өтемақы алды, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 23% — ға артық. Бұл соманы жұмыс берушілер еңбек жағдайларын жақсартуға жұмсаған болуы мүмкін», – деп толықтырды Төлеген Оспанқұлов.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, республика кәсіпорындарында 18 мыңнан астам өндірістік кеңес құрылып, жұмыс істеуде. Онда 24 мыңнан астам еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлар еңбек етеді. 2023 жылы олар 111 593 тексеру жүргізді, нәтижесінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының 142 мыңнан астам бұзушылығы анықталды, оның ішінде 121 мыңы жойылды.
Кеңестің күн тәртібіндегі екінші мәселе – Еңбек заңнамасы талаптары сақталуы және өндірістік жарақаттануды төмендету шеңберінде жүргізіліп жатқан жұмыстар мен ағымдағы жағдайы. Ол жайында Алматы облысы еңбек инспекциясы бойынша басқарма басшысы Талғат Өміралиев баяндады.
Сонымен қатар, бұл жиында «ZETA» ЖШС бас директорының орынбасары Махсут Омарбаев, «KZ Recycling» ЖШС бас директорының орынбасары Талғат Ажибеков, «Филип Моррис Казахстан» ЖШС директорының орынбасары Дмитрий Филипенко сияқты тиісті компанияның өкілдері аталмыш серіктестіктердің бүгінгі таңда атқарып жатқан жұмыстарын сөз етті. Сондай-ақ олар еңбек заңнамасы талаптарының сақталуын алға тартып, мақсат-міндеттерімен бөлісті.
Кеңесті қорытындылай келе, Светлана Жақыпова өткен жылдың соңында Үкіметтің қаулысымен 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы бекітілгенін атап өтті. Құжат тәуекелге бағдарланған тәсіл негізінде еңбекті қорғауды басқарудың ұлттық жүйесін жаңғыртуды, кәсіптік тәуекелдерді төмендету жөніндегі шараларды экономикалық ынталандыруды, еңбекті қорғау саласындағы кәсіптік құзыреттер мен ғылыми әлеуетті дамытуды, еңбекті қорғау саласындағы бақылау мен мониторингтің тиімділігін арттыруды көздейді.
Министр Светлана Қабыкенқызының айтуынша, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Тұжырымдаманы белсенді іске асыруға кірісті. Отбасының цифрлық картасына ұқсас Кәсіпорындардың цифрлық картасы жасалды, ол нақты уақыт режимінде еңбек жағдайларына мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Мониторинг үшін мәліметтерді мемлекеттік еңбек инспекторларымен қатар кәсіподақтар да енгізетін болады. Олар үшін кәсіпорындар картасында жеке жұмыс орны құрылады. Сонымен қатар барлық бизнес-процестер автоматтандырылады.
Тағы бір айта кетерлігі, тұжырымдаманы іске асыру нәтижесінде әлеуметтік әріптестіктің барлық тараптары үшін оң нәтиже күтілуде. Жұмыскерлер үшін – өмір сүру сапасын жақсарту және денсаулықты сақтау, жұмыс берушілер үшін – қауіпсіз жұмыс орындарын құруға және еңбек өнімділігін арттыруға экономикалық қызығушылық, мемлекет үшін – әлеуметтік-экономикалық даму және елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру.
«Жоғарыда аталған шараларды іске асыру өндірістік жарақаттану мен кәсіптік аурулар деңгейін төмендетуге, құзыреттерді арттыруға және еңбек жағдайларын жақсарту бойынша экономикалық ынталандыруды күшейтуге ықпал етеді деп үміттенеміз. Алматы облысының әкімдігі мен өңірдің жұмыс берушілері Тұжырымдаманы іске асыру шеңберінде өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету және жұмыскерлердің еңбегін қорғау жағдайларын қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты күшейтуі қажет», – деп түйіндеді сөзін Светлана Жақыпова.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.
Суреттерді түсірген Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.