Қазақстандық жастардың басым көпшілігінің басын біріктірген «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының жаңа жұмыс маусымы басталды. 2005 жылы Елбасы бастамасымен құрылған бағдарлама өз ісін 16-шы рет жалғастыруда.
Жаңа маусымның ашылуына орай ауданның «Жасыл ел» еріктілері аптаның бірінші күні осы жылдағы алғашқы абаттандыру жұмыстарына қатысты. Нақтырақ айтқанда, оқушылар, студенттер мен жастардан құралған топтар қолдарына кетпен ұстап, аудандық әкімдік ғимараты мен мәңгілік алау маңында қаулап кеткен арамшөптерді жұлды, айналасын тазартты. Бұл жұмыстарға 30 адам қатысты.
– «Жасыл ел» жобасы тек қоршаған ортаны қорғау немесе еңбекке баулып, экологиялық тәрбие ғана бермейді. Сонымен қатар, біз бұл жобаны әлеуметтендіру мақсатында өткіземіз. Жасақта еңбек еткен жастарға жұмысына қарай лайықты қаражат төленеді. Айына берілетін жалақы көлемі 56 мың теңгені құрайды. Егерде жазғы демалысымды бос өткізбей жұмыс жасағым келеді деген балалар болса, біздің аудандық Жастар ресурстық»орталығына келіп, құжаттарын тапсырса болады, – дейді аудандық Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Айжан Балажанова.
Бір айта кетерлігі, өңіріміздің табиғатының көркі мен тазалығының сақталуына өзінің үлесін қосып жатқан «Жасыл ел» сапында 16 мен 29 жас аралығындағы кез келген азамат жұмыс істей алады. Биыл жазда «Жасыл ел» үш ай бойы жұмыс істейтін болады. Өтініштер жаз бойы қабылданады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.