Жуырда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмыстарының 2018 жылғы қорытындылары туралы алқа отырысы өтті.
Жыл қорытындысын тыңдап, ой түюге облыстың Әдеп жөніндегі уәкілдері, Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері, арнайы мониторингтік топтың, мемлекеттік қызмет көрсетулер бойынша ведомствоаралық жұмыс тобының мүшелері, облыстық басқарма, департамент басшылары, облыс әкімі аппараты мен аудан, қала әкімдері аппаратының басшылары, ауылдық округ әкімдері, «Атамекен» ҰКП облыстық филиалының қызметкерлері, бизнес пен инвесторларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы қолдауға бағытталған «Protecting business and investments» жобасының қатысушылары, Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалы, Қазақстан халқы ассамблеясы облыстық филиалы, кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері, «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі қызметкерлері мен жұмыс топтарының жетекшілері, «Жетісу» мемлекеттік қызмет мектебінің тәлімгерлері, үкіметтік емес ұйым және республикалық, облыстық БАҚ өкілдерімен бірге 350-ге жуық адам қатысты.
Ол үйреншікті форматтан бөлек, диалогтық алаң түрінде, президуимсыз, мінберсіз өтті.
Алқа отырысы екі бөлімнен тұрды, бірінші бөлімі «Атқарған жұмыстар қоғам көзімен» деп аталып, БАҚ өкілдері, қоғам белсенділері мемлекеттік қызмет саясаты туралы ой бөлісіп, талқылауға қатысты. Ал екінші кезеңі – ресми түрде жалғасты.
Алдымен Баниямин Файзуллин Арнайы мониторинг тобының мүшесі ретінде 2018 жылы атқарған жұмыстарға тоқталып өтті. Мысалы, Айгүл Соловьева бастап келген республикалық арнайы мониторингтік топтың облысымызға іссапары, колледж студенттеріне грант бөлу, жатақханаға орналасулары бойынша атқарған жұмыстарды айтты. Сондай-ақ, «Жетісу – адалдық алаңы» аясында медициналық мекемелер қызметіне жүргізілген мониторинг туралы сөз қозғады. Өз сөзінде: «Арнайы мониторингтіке топ – билік пен азаматтар арасындағы байланыстырушы көпірге айналуы тиіс. Осы бағытта ең алдымен, елдің бізге сенім артқаны абзал», — деді. Сөзін қорытындылай келе, мемлекеттік қызметшілер адал жұмыс істесін десек, ең алдымен материалдық тұрғыдан қамтылуы тиіс, деп атап көрсетті.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастырудағы БАҚ рөлі, мемлекеттік мекемелердің «төртінші билік» өкілдерімен қарым-қатынасы туралы «Жетісу» газетінің заң және саясат бөлімінің меңгерушісі, журналист Мәди Алжанбай сөз қозғады. Департаменттің жұмысын жариялауға бірден-бір белсене ат салысатын қаламгердің бірі ретінде жарияланған материалдардың ашықтығы мен толықтығына, сапалы әлі түсінікті мазмұнда оқырманға жеткізілетін тілге тиек етті.
Сонымен қатар, қоғам белсендісі, журналист, блогер Сандуғаш Дүйсеноваға сөз кезегі беріліп, ол өткір тілімен қоғамдағы әділетсіздікті, қиыншылықты қалың оқырманға ұсынып жүрген әлеуметтік желіде мемлекеттік қызметші өзін қалай ұстауы керектігіне тоқталып, негативті бағыттағы жаңалықты қалай ұтымды пайдалана білу қажеттігі жөніндегі ойымен бөлісті.
Өткен жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің бастамасымен Қаратал ауданы Үштөбе қаласында «Сервистік әкімдік» құрылған. «Соңғы уақытта барлық БАҚ Үштөбе қаласында құрылған «Сервистік әкімдікті» және осы әкімдіктегі оң өзгерістерді тілге тиек етіп жатыр. Өзіңіз жетісулық жобаны Астана қаласында өткен Агенттік алқа отырысында таныстырып, тәжірибеңізбен бөлісіп қайттыңыз», — деп модератор тұрғындарға бір орталықтан қызмет көрсету тиімділігі туралы өз ойын ортаға салу үшін Үштөбе қаласының әкімі Рүстем Бекбосыновты сөзге шақырды. Тың бастама көтеріп, кең кабинетін ашық алаңға, әйнек қабырғалы кабинетке ауысып отырған әкім «Сервистік әкімдіктің» басты мақсаты – ашықтық пен жариялылық қағидасы негізінде жергілікті тұрғындармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу және мемлекеттік қызмет көрсетуші мекемелерді бір орталыққа үйлестіріп, «бір терезе» жүйесі арқылы қызмет көрсету екендігін айтты.
Бірінші бөлімның соңғы сөзін «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Аманжол Жазықбаев алып, атқарылған шаруа мен алдағы мақсаттарға, жоспарлы шараларға тоқталып өтті.
Екінші бөлімді облыстағы мемлекеттік қызметтің жай-күйі туралы Алматы облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Мұрат Мәдіғұлов ашты. Ол модератордың облыстағы мемлекеттік қызметшілердің жалақысы қашан өсетіндігі, үстеме жұмыс және телеарнада мемлекеттік қызметті дәріптейтін арнайы хабар ашу туралы сұрақтарына жауап берді. Қазақстандық мемлекеттік қызмет бүгін кезең-кезеңмен мансаптық өсу қағидасына бет бұрған. Бұл, мемлекеттік қызметтегі тұрақтылықты сақтап, білікті кадрлардың санын арттырып, мемлекеттік аппаратты кәсібилендіруге ықпал етеді. 2018 жылдың қорытындысы бойынша төменгі лауазымдардан жоғары лауазымдарға тағайындалған қызметшілердің үлесі 73,5% құрайды. Ал, сол тағайындалған 383 мемлекеттік қызметшінің 41 пайызы (159 бірлік) әйел азаматтар. «Бұл нәзік жандылардың жоғары лауазымдарға орналасуы кезінде ер адамдармен тең дәрежеде бәсекеге қабілеттілігін көрсетіп отыр» — деген мордератор сөз кезегін өз басынан меритократия қағидасын өткерген Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Арзанбекова Сәуле Аманбайқызына берді.
Ал, алқа отырысының негізгі спикері ретінде мемлекеттік қызмет пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмыстарының жаңа механизмдеріне Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрғисаев Серікбай Өрікбайұлы тоқталып өтті. Ол жыл басынан мемлекеттік қызметке кіру тәртібіне енгізілген өзгерістер, тұрғындардың мемлекеттен алған қызметтерінің сапасымен қанағаттану деңгейін арттыру мәселесі, мектептердегі ақша жинаудың алдын алу мен қоғамды сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру жұмыстарын баяндады. Серікбай Өрікбайұлы мемлекеттік қызметке кіру тәртібіне енгізілген өзгерістердің басты мақсаты кәсіби мамандарды іріктеу және шағын мемлекеттік аппарат құру болып табылатындығын айтты. Осы мақсатта 2019 жылдың басынан бастап мемлекеттік қызметке іріктеуде бірыңғай құзыреттер шеңбері енгізілген. «Алматы облысы бойынша биылғы жылдың басынан 179 адам тестілеуге қатысып, оның ішінде 50% заңнамаға қатысты тестілеуден өтті, ал құзыреттілікке қатысты тестілеуге 87 адам қатысып, оның 65 % өтті», — деді Департамент басшысы.
Спикердің айтуынша, мемлекеттік қызметке кіру тәртібіндегі келесі өзгеріс – өткен жылдан бері конкурс өткізу барысында басшы лауазымдарына эссе жазу тәжірибесі енгізілген. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатыда облыстық (басқарма, департаменттер) деңгейдегі бас маман лауазымдарына үміткерлердің жоғары білімі болған жағдайда, еңбек өтілі талап етілмейтін болған. (2019 жылға дейін бұл лауазымдарға 1,5 жыл мемлекеттік қызмет өтілі қажет болған). Ал биылдан бастап, конкурстық рәсімдердің үш сатылы жүйеден екі сатылы жүйеге көшіру жоспарланып отыр. Бұл өзгеріс өз кезегінде конкурс өткізу рәсімдерінің уақытын 50 күннен 15 күнге дейін қысқартады. Серікбай Нұрғисаев биылғы жылдан бастап Агенттікте пилоттық жобада «кэжуал фрайдэй» немесе «жұма күні ресми дрес-кодсыз жұмысқа келу» тәжірибесі енгізілгендігін айтып, бұл өз кезегінде мамандардың потенциалын ашуға және ұжымда сенімді атмосфераны қалыптастыруға өз ықпалын тигізетіндігіне сенімін жеткізді.
БАҚ-та жүзден аса мақалалар жарияланып, 18 бағдарлама жарық көріп, 46 000 ақпараттық кітапша таратылды. «Сервистік әкімдік» құру жұмыстары жүргізілуде. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде, республикалық деңгейде облыс көсеткішінің жақсару динамикасы 19,9 % жоғарылады. «Былтырғы жылы халықаралық сыбайлас жемқорлықпен күрес күніне орай, Жетісу жерінде жаңа туындының тұсауы кесілді. Ол — «Құлқынның құлы» спектаклі. Мәдениеттің ошағын театр деп білгендіктен, кәсіби әртістер сахналаған, болған оқиға іздерімен жазылған туынды бүгінде облыс аймақтарына гастролдік сапармен аралап жүр», — деп сөзін қорытындылады ведомство басшысы. Бүгінгі таңда кәсіпкерлік қоғамның тұрақты дамудың кепілі екені баршамызға мәлім. Сондықтан да Департамент өз тарапынын Алматы облысы кәсіпкерлерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, әкімшілік кедергілерді төмендету және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту мақсатында «Protecting Business and Investments» инвестициялық жобаларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы қолдау жобасын жүзеге асыруда. Алқа отырысының соңында осы жоба аясында Департамент басшысы Серікбай Нұрғисаев пен «Oi – Qaragai Lesnaya Skazka» ЖШС өкілі Халафов Заур арасында және «АгроМелиоСтрой» ЖШС басшысы Байболов Бақытбек арасында Келісімге қол қойылды. Осылайша, жалпы жоба жүзеге асқалы бері Департамент қорғауына жалпы құны 450 млрд. теңгеден асатын 19 инвестициялық жоба қолдауға алынды.