Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында бүгінгі таңда түрлі жүйелі істер атқарылып, бұқара мен билік тілдесетіндей қарым-қатынас орнауда. Ел тілегін жеткізуші сондай жобалардың бірі жақында «Qazaqstan» ұлттық арнасында телекөрермендерге жол тартты.
Бір сағат бойы тікелей эфирде өтетін бағдарлама «Жедел желі» деп аталады. Оған Үкімет мүшелері, Парламент өкілдері және басқа да өңір басшылары арнайы шақырылып, жедел түрде жолданған халықтың сұрағына бірден жауап береді.
Жақында осы тележобаға алғашқы қонақ болып ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қатысты. Ол көптің көңіліндегі білім саласына қатысты сан сауалдарға жауап берді. Сұрақтардың барлығы «Qazaqstan» телеарнасының WhatsApp, FaceBook, Telegram, Instagram платформаларындағы ресми аккаунттарына жолданды.
Тәуелсіздік алған жылдардан бастап елімізде 13-ші білім және ғылым министрі болған Асхат Қанатұлы алдымен ұстаздардың біліктілігіне қатысты кеңінен тоқталды. Айтуынша, осы мәселе қазіргі уақытта қоғамның қызу талқысында. Қарама-қайшы көзқарас бар. Алайда министр ұстаздардың білім деңгейін анықтау қашанда маңызды екеніне тоқталды.
– Біз Президенттің тапсырмасы бойынша тиімділігі төмен университеттерді жауып жатырмыз. Бұл мәселе бойынша қоғамда түрлі көзқарас қалыптасқан. Университеттерді жапқанымызды қоғамның бір бөлігі қолдайды, ал жабылып жатқан университет иелері және сонда оқитын студенттер бұған қатты қуанбайды. Сол сияқты министр ретінде егер мен әріптестеріме «біліктілік аттестациясын алып тастаймыз» десем, барлығы бөріктерін аспанға лақтырып, қуана қабылдайтын еді. Бірақ бізге бұндай арзан пиар қажет емес. Әрине, кейбір шешімдеріміз мұғалімдердің көңілінен шығады, ал кейбір мәселелер өкінішке қарай олай емес. Біз қиын шешімдерді де қабылдай білуіміз керек. Жалтақтау дұрыс емес. Бізге керегі баланың жақсы, сапалы білім алуы, – деп нақты түсіндірді министр А.Аймағамбетов.
Министрдің сөзінше, осы атқарылып жатқан жұмыстар мектептерді сапалы мұғалімдермен қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар Асхат Қанатұлы егер баламыз жақсы білім алсын десек, мұғалімдердің біліктілігін арттырып, оны уақыт өте дәлелдеп отыру маңызды екенін алға тартты.
– Ұлттық біліктілік тесті – мұғалімдердің бес жылда бір рет өзі беретін пәннен тест тапсыруы. Мысалы, математика пәнінің мұғалімі сол пәннің бағдарламасын толық білуі қажет. Егер ол 6-7 сыныптың бағдарламасын біліп, 9-10 сынып бағдарламасын білмесе онда ол қалай мұғалім болып жүр деген мәселе туындайды, – деді еліміздің бас ұстазы.
Сондай-ақ Асхат Аймағамбетов мына деректерді де нақтылады: «2021 жылы министрлік ЖОО бітіріп, педагогика бойынша диплом алған түлектерге мектепке мұғалім болып орналасу үшін біліктілік тестін тапсыруды міндеттеген. Сол кезде тестке қатысқан 32 мың студенттің тек 10%-ы ғана өз білімін дәлелдей алыпты».
Бағдарлама барысында ұстаздардың қағазбастылық жөнінде сауалдары да талқыланды. Өйткені оқу жылының соңында мұғалімдер 144 беттік kundelik.kz сайтындағы журналды қағаз түрінде басып шығаруға міндетті екен. Бұл үрдіс алынып тасталғанымен, ескі әдеттен арыла алмаған мектеп басшылығы әлі де талап ететін көрінеді. Бұл мәселеден министр хабардар екенін айтып, ұстаздардан артық құжаттарды сұрату заң бұзушылық болып табылатынын түсіндірді.
– Бұған дейін мұғалімдердің баланың қай пәтерде тұратынын анықтау үшін үй аралап жүрген кездері болды. Біз оның барлығын алып тастадық. Қазір мұғалімдер есік қағып, үй араламайды. Одан бөлек мұғалім толтыратын құжат көп болатын. Саны, тіпті, 100-ден асатын. Соның бәрін реттеу үстіндеміз. Президенттің тапсырмасының аясында «мұғалім күніне 2 ғана құжат тапсырады» деген бұйрық қабылдадық. Олар – баға қою және оқу жоспары, – деп нақтылады министр.
Еліміздің бас ұстазының сөзіне сүйенсек, қазіргі күні педагогтар тарапынан басшылары электронды күнделікке толтырылған құжатты жыл соңында қағаз түрінде шығаруды талап етіп жатқандары туралы арыз-шағымдар түсуде. Алайда Асхат Аймағамбетов оның дұрыс еместігін және бағаны тек электронды жүйе арқылы қою міндетті екенін айтты.
– Кейбір әріптестеріміз әлі күнге дейін бұрыннан қалып қойған жұмыстан арыла алмай отыр. Былтыр 700-ден астам осындай қажетсіз құжатты талап еткендерді жауапкершілікке тарттық. Бағалар Kundelik.kz-ке қойылғаннан кейін оны қағазға шығарудың ешқандай қажеті жоқ, – деп кесіп айтты министр.
Тіпті, министрліктің бұйрығына «мұндай құжатты шығаруды талап етуге болмайды» деген пункт енгізілген. Осыған мойынсұнбаған басшы алдымен әкімшілік жауапкершілікке және жұмыстан шығаруға дейінгі тәртіптік жауапқа тартылады.
Сұрақ-жауапқа ұласқан сұхбат барысында зейнет жасына таяп қалған ұстаздар қауымына қатысты жақсы жаңалық айтылды. Министрдің айтуынша, жақын арада құрметті демалысқа жақындаған педагогтар үшін жеңілдік қарастырылады.
– 30 жыл еңбек өтілі бар мұғалімдерге тиісті жеңілдіктер қарастыру мәселесін талқылап жатырмыз. Сондай-ақ зейнет жасына жақындап қалған әріптестеріміздің жағдайын да түсінуіміз керек. Осындай әріптестерімізге де тиісті жеңілдік, мүмкіндік беру мәселесін де талқылап жатырмыз, – деп қысқаща қайырды министр мырза. Асхат Қанатұлының бұл атап өткен жеңілдіктері қандай болатыны әзірге белгісіз. Оған қатысты жақын уақытта ақпарат берілетін болады.
Көптен бері талқыланап жүрген Қазақстан тарихы пәнінің бағдарламасына қатысты да сөз қозғалды. Білім және ғылым министрі бұл өзгерісті мектеп бағдарламасын жаңғыртумен байланыстырды.
– Мысалы 6 сыныптың тарихына тоқталайықшы. Осы сыныптың оқушылары V ғасырдан бастап XVIII ғасыр аралығындағы оқиғаларды зу еткізіп бір оқу жылында оқып шығады. Бірақ ол Қазақстан үшін қандай кезең болғанын түсінуміз керек. Бұл уақытта түрлі оқиғалар болды: шығу тегіміз көрсетілген, қазақ хандығы құрылды, мәдениетіміз қалыптасты және тағы басқа. Сол сияқты кейінгі 7-8 сыныптар да осылай. Ал бұл кезеңдерде үлкен мән жатқанын түсінуіміз керек. Оны толықтай білгеніміз жөн. Осы мақсатта оның мазмұнын өзгертіп жатырмыз, – деп тоқталды министр бұл мәселеге.
Ел ауызында жүрген өзекті сауалдардың бірқатарына ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов осылайша жауап берді. Білім саласында жетілмеген, қордаланған мәселелер әлі де бар екенін тілге тиек етті. Ол өзін қашанда халыққа жақын екенін айтып, әлеуметтік желілерде жазылған хаттарға мән беретінін айтты.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.