Енді Еңбекшіқазақ ауданының тұрғындары ем іздеп қалаға сабылмайтын болды. Себебі, аталған ауданда заманауи аппараттармен жабдықталған медициналық орталық іске қосылды.
«РДЦ мед» сауықтыру орталығы шағын және орта бизнесті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламаның арқасында 2 миллион теңге грант ұтып алып, ауданда жоқ ЭЭГ аппаратын алды. Бұл құрылғы балалар мен ересектердің ми белсенділігін бағалауға мүмкіндік береді. Жүйке жүйесі қызметінің бұзылуы, бас миының қабынуы, менингит, эпилепсия және т.б. ауруларды анықтауға көмектеседі.
«РДЦ мед» сауықтыру орталығының директоры Зарина Черниязованың айтуынша, шағын және орта бизнесті қолдауға арналған бағдарламалар өте тиімді. «Мен 2021 жылы грантқа құжат өткіздім. Комиссия шешімімен 2 млн теңге бөлінді. Ол қаражатқа қажетті медициналық жабдықтар алынды. Бұрын аудан халқы ем алу үшін қалаға қатынайтын еді, қазір МӘМС бағдарламасы арқылы бізден ем алады. Сонымен қатар, ақылы қызметтер де бар. Емделушілер саны артып келеді. Сол себепті, қызметкерлер де көбейді. Алғашында тек екі дәрігер болдық. Олар – мен және УДЗ маманы. Ал қазір тағы да алты қызметкер алдық. Орталықты әлі де кеңейту жоспарда бар. Оңалту жүйелері мен емдік дене шынықтыру кабинеттеріне мамандар қажет. Ол үшін бізге қолдау керек», – деді Зарина Черниязова.
Одан бөлек, омыртқа жарығы, протрузия сияқты ауруларды емдейтін жабдықтар бар.Сонымен қатар, жоғары қарқынды магнитті стимуляция жүйесі іске қосылды. Ол бас ауруы, балаларда сөйлеудің тежелуі, афазия тіпті депрессияға да оң ықпал етеді. Бірақ бұл процедура ақылы, МӘМС бағдарламасына кірмейді. Бір сеансы – 7000 теңге. Толық курс алу үшін 10 сеанс қажет екен. Мүмкіндігі шектеулі жандарға жеңілдік қарастырылған.
Өз тілшіміз.
Еңбекшіқазақ ауданы.