Белгіленбеген жерде сауда жасау тек біздің ауданда ғана емес, көп шаһардың көшесінен көз алдыңызда көлденеңдейтін көрініс. Ал, қазір тәртіп пен талап, тазалық – бірінші міндет. Бұл тәртіпсіздікпен ауданның атқарушы органдары жыл сайын күрес жүргізіп келеді. Өткен аптаның бейсенбі күні, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ілияс Қалиевтің бастауымен, заңсыз сауданың алдын алуға бағытталған арнайы рейд ұйымдастырылды. Нақтырақ айтқанда, аудандағы кәсіпкерлік, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау бөлімдерінің, мемлекеттік кірістер, ішкі істер басқармаларының, қауіпсіздік комитетінің және Қаскелең қаласы әкімдігінің өкілдері бірлескен комиссия құрылды.
Алдымен, Қаскелең қаласындағы орталық «Жер-Ана» базарының маңы әңгіменің арқауына айналды. Әмбебеп сауда орнындағы кейбір сатушылардың өзінше еркіндігіне шек қойылғандай болды. Саудасын қыздырып жүргендердің біразы сауалдарға жауап берсе, бәз біреулері бас сауғалап жан-жаққа қаша бастады. Арнайы жұмыс тобының тексеруін көрген сол маңның тұрғындары да ұсыныс-ойларын білдіріп жатты. Бірі заңсыздықты тоқтату керектігін айтса, екіншісі арзан бағаның біраз да болса көмегі барын айтып ақтауға тырысты. Дегенмен, Ілияс Еділұлы бастаған жұмыс тобы «Жер-Ана» әмбебап базарының жан-жағын жіті қадағалып, саудасын қыздырып отырған бірнеше саудагерлермен сөйлесіп, жағдайымен кеңінен танысты.
Анықтау барысында кәсіпкерлердің аталған аймақта сауда жасауға рұқсат етілген куәліктері жоқтығы белгілі болды. Құрылған комиссия мүшелері саудагерлерге заңды сауда жасаудың әлдеқайда тиімді екендігін түсіндіріп, оларға Әкімшілік кодекстің 204-бабына сәйкес ауызша ескерту жасады. Сонымен қатар, алдағы уақытта заңсыз сауда-саттықты болдырмау бойынша Қаскелең қаласының әкімдігі мен аудандық кәсіпкерлік бөлімі бірігіп бақылау жұмыстарын ұйымдастыратын болады.
Бұрым ОРЫНБАСАР.