Қазақстандағы кәсіби мерекелердің тізімі биылдан бастап тағы біреуге артты. Ол – 10 шілдеге бекітілген Ветеринария қызметкерлерінің күні. Салмақты саланың өкілдері Қарасай жерінде де елеулі еңбек етуде. Осы аптаның алғашқы күні ауданның ветеринария қызметкерлері өз тарихында алғаш рет кәсіби мерекелерін атап өтіп, Шамалған ауылындағы «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында бас қосты.
Салтанатты шарада алдымен 95 жылдық тарихы бар ветеринариялық станцияның мақсат-міндеті мен аудан экономикасын арттыру жолындағы жұмыстары айтылды. Одан кейін Алматы облысы ветеринария саласындағы кәсіподақ төрағасы Күмісбек Айпейсов сөз сөйлеп, әріптестеріне ізгі тілегін арнап, осы салада талай жыл еңбек еткен Қанат Аскеев пен Ғалия Қуанышбекованың кеуделеріне «Еңбек ардагері» төсбелгісін тақты. Айта кетейік, кәсіподақ төрағасы К.Айпейсов бұл құрмет иелерінен бөлек, бірқатар қарасайлық ветеринария қызметкерлерін ауданның әкімі Жасұлан Естеновтың арнайы Алғыс хатымен де марапаттады.
Сондай-ақ ізгі тілектің легін Алматы облысы ветеринариялық станцияның директоры Сабырбек Хамитұлы жалғап, өз атынан Қарасай аудандық ветеринариялық станция бөлімінің басшысы Дүйсенбі Иманғалиевті жеке құттықтап, бір топ сала мамандарына Алғыс хаттар табыстап, ақжарма тілегін білдірді. Одан кейін Қарасай ауданы территориялық ветеринариялық инспекцияның басшысы Марат Арынбаев осы саланың аудандағы үлесін, қызметі жоғары екенін баяндап, жауапкершілігі мол жұмыстың жарқын үлгісін көрсетіп жүрген жандарға алғысын білдірді. Осылайша инспекция басшысы Алматы облыстық аумақтық инспекцияның басшысының міндетін атқарушы С.Динистановтың Алғыс хаттарын бірқатар жекеменшік ветеринариялық-санитариялық зертхананың дәрігерлеріне табыс етіп, еңбектеріне ризашылығын білдірді.
Жиындағы соңғы құттықтау сөз кезегі Қарасай аудандық ветеринариялық станция бөлімінің басшысы Дүйсенбі Иманғалиевке берілді. Ол әріптестерінің табандылықтарын ерекше атап өтіп, жауапты саланың жүгін арқалап жүрген жандарды және еңбек ардагерлерін ерекше атап өтіп, бірқатарын өз атынан Алғыс хаттармен марапаттады.
Кәсіби мереке тойланған бұл шарада сала қызметкерлеріне аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашып, ізгі тілектерін әсем үнмен жеткізді.
Қуанышты жаңалық ретінде айта кету керек, дәл осы Ветеринария саласы қызметкерлері күніне орай Қонаевта салтанатты шара өтіп, онда ауданымыздың ветеринариялық станция бөлімі ардақталды. Ұжымға жаңа көліктің кілті табысталып, мерейлерін үстем етті.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.