2022 жыл ел тарихында ерекше орын алатын маңызды оқиғаларға толы жылға айналды. Әлемде бірқатар үлкен дүрбелендер орын алды. Біздің елімізде де өкінішке қарай, жыл басы – қаңтар айы халқымыздың жадында «қасіретті қаңтар» болып жазылды. Мұнан бөлек мемлекетімізде жаңа реформалар жасалып, көптеген саяси-әлеуметтік өзгерістер болды. Елімізде туындаған бірқатар қиындыққа қарамастан біздің аудан үшін 2022 жылы жақсы жаңалықтарға толы болды. Барлық саладағы жұмыстар жақсы деңгейде орындалып, атқарылған ауқымды істер аз болмады. Әсіресе, ауданымыздың белсенділері жеткен жетістіктері қуантады. Осы ретте біз газетіміздің 2023 жылдың алғашқы санында оқырмандарымыздың назарына ауданның абыройын көтеріп, аты шыққан қарасайлықтар туралы жазуды жөн көрдік.
Жыл үздігі
Жылды жақсы көрсеткішпен аяқтағандардың ішінде бір емес көптеген мамандардың арқасында үздік атанған ауданымызға қарасты Райымбек ауылдық округінде орналасқан «Антиген» ғылыми-өндірістік кәсіпорыны да бар. Мамандарының сапалы жұмысының арқасында аталған кәсіпорын таяуда елордамыз Астанада «Алтын сапа» және «Парыз» байқауларының жеңімпаздарының қатарынан көрініп, «Үздік индустриялық жоба» номинациясы бойынша жеңді. Марапатты ғылыми-өндірістік кәсіпорынның басшысы Нұрлан Ахметсадыков (суретте сол жақтағы бірініші) Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан алды.
Айта кетейік, GLP (Good Laboratory Practice) және GMP (Good Manufacturing Practice) халықаралық стандарт талаптарына сай заманауи технологиялармен және құрылғылармен жабдықталған кәсіпорын 1998 жылы құрылған. Бүгінде ол ең озық өндіріс орындарының бірі болып табылады. Мұнда биология, медицина ғылымдарының кандидаттары, PhD докторанттар мен магистрлер адамдар мен жануарлардың ауруларын зерттеп, оған қарсы вакциналар мен әртүрлі препараттар әзірлеп, өндірумен айналысады.
Биология, медицина ғылымдарының кандидаттары, PhD докторанттар жұмыс істейтін кәсіпорынның ветеринарлық тәжірибеде жануарлардың аса қауіпті инфекциялық және инвазивті ауруларымен күресуге әзірлеген вакциналары, диагностикалық тест-жүйелері және биопрепараттар бүгінде елімізден бөлек Қырғызстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Ресей, Грузия және Армения елдері аумағында қолданылуда.
Білім саласының үздіктері
Биылғы жылы ауданымыздың білім саласында көптеген жақсы жаңалықтар болды. Мәселен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына келген сапарында өңірдің дамуына еңбегі сіңген бірқатар сала мамандарын марапаттаған болатын. Солардың қатарында Абай ауылындағы №2 орта мектебінің директоры Бәтима Нысанбаев да болды. Президенттің құрметіне лайықты болған мектеп директоры «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Сонымен қатар, биыл ауданымыздың орталығы Қаскелең қаласындағы Абай атындағы орта мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғалімі Айнұр Абишева оқу-ағарту министрлігі тарапынан дәстүрлі түрде өткізілетін байқауда жеңімпаз болып, «Үздік педагог» атағына ие болды. Бұған қоса, аудан орталығында орналасқан С.Керімбеков атындағы орта мектептің ұстазы, 23 жылдың еңбек өтілі бар Жанар Айтбаева өзінің білім саласына қосқан үлкен үлесі үшін оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтың Алғыс хатымен марапатталды.
«За большой вклад по защите интересов человека труда»
Ауданымыздың үздіктерінің қатарында – «Қарасай аудандық білім және ғылым қызметкерлері жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Сара Байбосынова да бар. Көптеген жылдар бойы Алматы облысы білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының Қарасай аудандық филиалында кейіннен дербес түрде құрылған «Қарасай аудандық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподақ одағында» еңбек етіп, кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға сүбелі үлесін қосып келген. Осы елеулі еңбегі үшін ол ҚР Еңбек Конфедерациясының атынан «Еңбек адамдарының мүддесін қорғауға қосқан зор үлесі үшін» медалімен марапатталды.
Жарылқасын Сақтаған – «Үздік жас мемлекеттік қызметші»
Жас болса да өзінің саласында белсенді қызмет атқарып, әріптестерінің арасында сыйлы болып жүрген Жарылқасын Сақтаған таяуда Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында өткен облысы әкімінің «Заңғар» жастар сыйлығының «Жас мемлекеттік қызметші» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған еді. Бұған қоса, жас маман әріптестерімен бірге облыс бойынша өткен мемлекеттік қызметшілерінің арасындағы зияткерлік «IQ-Doda» атты сайыста командалық ойында үздіктер қатарынан көрініп, облыстық ішкі саясат басқармасының дипломымен марапатталды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.