Бүгінде елімізде қоғамдық қызу талқылаудың тақырыбына айналған басты мәселенің бірі – тіл мәртебесі. Өйткені, қазіргі кезде елімізде қазақ тілін мүлдем білмейтіндер жетерлік. Бұған қоса егемендік алғанымызға біраз жыл болғанымен, қазақ тілінің терминологиясын қалыптастыру жүйесінде әлі күнге дейін өзіндік кемшіліктер бар. Аптаның алғашқы күні аудандық Мәдениет үйінде орналасқан «Тіл» оқу-әдістемелік орталығында өткен «Оқытудың жаңа әдіс-тәсілдері» атты облыстық көшпелі семинарда тіл мамандары осы мәселені кеңінен талқылап, өзара пікір алмасты.
Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының ұйытқы болуымен ұйымдастырылған жиынға біздің және де Еңбекшіқазақ, Талғар, Іле, Ескелді, Балқаш аудандары мен Текелі, Қапшағай қалаларында орналасқан орталықтардың меңгерушілері мен мамандары және бірқатар жоғарғы оқу орындарынан арнайы шақыртылған оқытушылар қатысты.
Модератор ретінде облыстық оқу-әдістемелік орталығының басшысы Жеңіс Жолдыбаев жүргізіп отырған жиында, жоғарыда айтып өткеніміздей, университеттерден шақыртылған оқытушылар тіліміздің маңыздылығы, тазалығы жайлы баяндама жасады. Нақтырақ айтқанда, алғаш болып сөз алған филология ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің оқытушысы Орынай Жұбаева біздің тілдік терминологияны қалыптастыру жүйесі әлі күнге дейін орыс тілі негізінде іске асып жатқандығы жайлы айтып, кей сөздердің аудармасына байланысты өз ұсынысын білдірді.
– Өкінішке орай, біздің қазақ тіліндегі қолданып жүрген сөздеріміздің көбі орыс тілінен өзгерістер енгізбей аударыла салғандықтан және де орыс тілінің жалғаулары жалғанғандықтан өзінің бастапқы кейпін жоғалтып алған. Біз бірінші кезекте қазақы болмысымызға тән сөздерді тауып, қолданысқа енгізуіміз керек. Мәселен, «жеке куәліктің» орнына «азаматтық куәлік», «халықаралық әйелдер күні» дегеннің орнына «халықаралық арулар күні» деп айтсақ мағына әлдеқайда дұрыс берілер еді, – дейді филология ғылымдарының докторы. Сондай-ақ, ол тіл ережелерін оқыту кезінде жіберілетін қателіктерге кеңінен тоқталды. Мемлекеттік тілде іс жүргізудің қалай жүзеге асып жатқандығы, қазақ тілінде сөйлеген кезде адамдардың қандай қателіктер жіберетіндігі жайлы да айтты. Ал, филология ғылымдарының кандидаты, Сулейман Демирель атындағы жоғарғы оқу орнының аға оқытушысы Бота Хасен болса, тілдік норма және тілде кездесетін қате қолданыстар жайлы кеңінен әңгімеледі. Мұнан бөлек, баяндама жасаушыларды мұқият тыңдаған Жеңіс Хамитұлы ол кісілердің айтқандары шын мәнінде бүгінде үлкен бір мәселелеге айналып отырғандықтан онымен айналысып, шешіп отыратын мемлекеттік орталық құрудың қажеттілігі бар екенін айтып өтті. Бұған қоса, ол бүгінгідей семинарды жылына үш рет емес, айына бір рет өткізіп отыру керектігін де жеткізді.
Жалпы, мемлекеттік тілдің мерейін қайтсек үстем етеміз деген жанашырлар жиналған алқалы жиын түстен кейін мәжіліс залында ұйымдастырылған «Тіл парасат» атты мемлекеттік тіл білгірлері байқауымен жалғасты. Өзге этнос өкілдері бола тұра бүгінде қазақ тілін жетік меңгеріп, әр аудандар мен қалалардағы орталықтарда сабақ алып жүрген тыңдаушылар арасында өткен байқау төрт кезеңнен тұрды.
Алғашқы айналымда сайыскерлер экранда көрсетілген ұяшықтарды таңдап соларда жазылған тақырып пен өздерін таныстырды. Екінші кезеңде арнайы дайындалған бағдарлама арқылы грамматикалық біліктіліктерін көрсетті. Жамбыл атамызға арналған үшінші мен төртінші айналымда олар ақын өміріне байланысты мәліметтерден құрастырлған сөзжұмбақтарды шешті, сондай-ақ, өлеңдерінен үзінділер оқыды. Осылайша сайыскерлер өздерін үкілеп жіберген өңірлерінің ғана емес, тілдің мәртебесін биіктетуге тырысып бақты.
Мағынасы зор танымдық байқаудың нәтижесінде, қатысушылардың барлығын Жеңіс Хамитұлы Алғыс хаттармен марапаттап, қаржылай сыйлықтар табыстады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.