Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жолғы Жолдауында халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер еткен кейбір шараларды атап өтті. Мысалы, 2020 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы екі есе өсті. Дәрігерлердің айлығы да айтарлықтай көбейді. Қазір олардың табысы еліміздегі орташа жалақыдан әлдеқайда жоғары. Жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі берілді. Миллионға жуық адам осы жобаның игілігін көрді – тұрғын үй мәселесін шешіп, баспаналы болды.
Сонымен қатар «Жайлы мектеп» жобасы аясында 400-ге жуық мектеп салынады. Қазір ауылдық жерде 300-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынып жатыр.
«Ұлттық қор – балаларға» жобасы қолға алынды. Соның арқасында жаңа жылдан бастап балалардың есепшотына қаражат түсе бастайды. Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген 8 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Шын мәнінде, көп жұмыс атқарылды, болашақта да өз жалғасын табады», – деді Тоқаев өз Жолдауында.
Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында елдің экономикасын арттыруға көп көңіл бөлді. Ұсыныстарын ортаға салып, бірқатар саланың дамуына серпіліс беретін бастамаларды сөз етті. Халықтың тұрмысын жақсартуға қатысты шараларды атап өтіп, Үкіметке нақты міндетті жүктеп, оны үш жылда орындалуын тапсырды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың байыпты бастамаларына сеніммен қараймыз. Оның саясатымен алға қойған міндеттер орындалса, еліміздің даму көрсеткіші арта түседі деген ойдамын.
Бақытгүл КӨНЕЕВА,
Кеген аудандық аналар кеңесінің төрайымы.