Қазіргі ата-ана баласы «Алла» атын аузына алып, намазға жығыла бастаса кәдімгідей қорқып, қобалжитын жағдайға жеткен. Мұндай жайт ата-бабамыздың үш ұйықтаса да түсіне кірмеген болар. Алайда, өкінішке қарай, бүгінгі ғаламдану заманындағы еліміздегі ахуал осыған саяды. Бұл арада мәселе діннің өзінен емес, дін атын жамылушы теріс пиғылдылардың құйтырқы әрекетінен ушығып тұрған жайы бар. Мамандар ұлтымызға жат ағымдар пайдаланатын амал-тәсілдердің психикаға теріс әсері барын, тіпті, кейбір жағдайда олар адамды жындыханадан бір-ақ шығаратынын немесе өз-өзіне қол жұмсауға дейін апаратындығын растап отыр.
Осы ретте жуырда ауданның орталық кітапханасында, «Діни экстремизм құрбандары мен деструктивті ағым ұстанушыларын оңалту орталығының» жылдық жоспарына сәйкес, «Теріс ағым жетегінен сақтан!» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Шараға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Жалпы және қолданбалы психология кафедра меңгерушісінің міндетін атқарушы, психология ғылымдарының кандидаты, доцент Жарас Сейтнұр және «Діни экстремизм құрбандары мен деструктивті ағым ұстанушыларын оңалту орталығы» КММ-сі директорының орынбасары Дәулет Қазыкенов, психологиялық коррекция және әлеуметтік бейімдеу бөлімінің басшысы Лаура Ұзақбаева, Алматы өңірі бойынша сектор меңгерушісі Медет Ашимхан, белсенді жастар мен ауылдық округ, ауданның психолог мамандары қатысты. Аталған шараны Қарасай ауданы бойынша инспектор-теолог маман Бауыржан Жадрин жүргізіп:
–Биылғы 2019 жастар жылына орай Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Еркін елде өскен ұрпақтың рухы әрдайым биік болуы тиіс. Жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса – ол елдің еңсесі де биік болады» десе, кезінде ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген. Иә, тәрбие мен білім әрдайым бір-бірінен алшақтамай, қатар жүруі керек. Біздің мүддеміз осы. Жастардың ой өрісін дамытып, оны дұрыс жеткізе білуге баулу, ұйымдастырушылық қабілетін, шығармашылығын әрі қарай жетілдіруге және жан-жақты дамуына, болашақта адам ретінде толық қалыптасуына жағдай жасау негізгі міндеттеріміздің бірі. Бүгінгі таңда кейбір келеңсіздіктер осы отбасы – ошақ қасынан тәрбиенің дұрыс бастау алмағандығынан туындап отыр. Сондай-ақ, жастар арасында қазіргі әлемдегі экстремистік ұйымдардың мақсатын, олардың қарулы топ құра отырып, кез келген іс-әрекеттерге баратынын, дәстүрлі діннің қағидаларын бұзып, бұрмалап, дінаралық қайшылықты тудыратынын, сол сияқты халыққа жат идеологияны насихаттау, ұлтаралық арандатушылық, іріткі салу фактілерін жан-жақты көрсетіп, ел тыныштығына, мемлекет тәуелсіздігіне, жалпы адамзатқа төндірер қаупін айтып түсіндіру қажет, – деп айтып өтті.
Кездесуде жоғарыда аталған мамандар қарапайым тілмен жастарға бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің бірі–діни теріс ағымдардан сақтану жолдарын тарқата айтып берді. Жат ағым арбауына ілесіп, ұлттық құндылықтарынан бас тартуға дейін барған жастардың мұндай теріс әрекетінің түп-төркінін жастарымыздың діни сауатсыздығынан іздеу керектігін жеткізді. Сондай-ақ, олар кереғар ағымдардың алдын алу мен дәстүрлі ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу турасында баяндама жасады.
Кездесу соңы сұрақ-жауапқа ұласып, жиынға қатысушылар қозғалып отырған мәселеге қатысты көкейлерінде жүрген сауалдарға жауап алды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.