Жастардың теріс пиғылдағы жат діни ағымдардың жетегінде кетуі — бүгінгі қоғамның басты дертінің бірі. Оның басты себебі: дәстүрлі дін, мәдениет, тарих және салт-дәстүрлері жайлы жеткілікті білімдерінің болмауы. Харизматикалық қасиеттерге ие теріс діни ағым насихаттаушысы діннен аз хабардар адамды оңай таниды және оны өз қарамағына тартып алады. Зайырлы қоғамда өскен ұрпақ теріс діни сенімдердің торына байланбай, әр нәрсеге сыншыл санамен қарайтын, жан-жақты білім алуға ұмтылған және де өзге дін өкілдеріне құрметпен қарайтын азамат болып өсуі тиіс. Бүгінде жат діни ағым идеологиясының жастарға таралуына тосқауыл қою мақсатында еліміздің барлық өңірлерінде алдын-алу және оңалту шаралары өткізілуде. Өткен аптада аудандық орталық кітапханада «Жастар арасында кері діни ағымдар идеяларының және діни экстремизм мен терроризмнің таралуының алдын алу» тақырыбында жиын өтіп, оған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің философия және саясаттану факультетінің доценті, саясаттану докторы Дамира Сиқымбаева, аудандық аурухана саламатты өмір салты орталығының дәрігері Дана Тәждинова, теолог-инспектор Бауыржан Жадрин мен ауданымызға қарасты колледж студенттері қатысты.
Шара барысында инспектор-теолог Бауыржан Бейбітжанұлы жиынның мақсаты мен өзектілігін атай отырып, қазіргі таңда жастардың көптеген ағымдарға өтіп кетіп жатқандығы, оны тоқтатудың жалғыз амалы отбасында ата-аналардың балаларын ұлттық құндылықтармен тәрбиелеу, яғни, үлкенді сыйлау, ар мен ұят, обал мен сауап, ізеттілік пен құрмет мәселесіне көңіл бөлу, бала тәрбиесінің ата-аналарға үлкен жуапкершілік артатыны және оны ата-аналар сезінуі тиіс екендігін атап айтты. Сондай-ақ, Дамира Әлиқызы Қазақстандағы әртүрлі діни ағымдардың белең алып кеткенін және оның, әсіресе, жастарымызға кері әсері тиіп жатқандығын сөз етті. Одан бөлек, қазіргі таңдағы Қазақстанда дәстүрлі ислам дінін тереңірек оқыту, ол үшін мектеп қабырғасынан бастап және отбасы, ошақ қасында ислам дінінің құндылығын ата-аналардың өз перзенттеріне үздіксіз айту керектігіне және оны мектеп қабырғасында жүйелі түрде оқу бағдарламасына енгізе отырып жүргізу қажеттілігіне баса назар аудару міндет екендігін айтты. Ал, көтеріліп отырған мәселеге байланысты өз ойын жалғаған Д. Сиқымбаева Қазақстан бойынша көптеген мекемелерде оның ішінде, мектепте, колледж, институт, одан басқа да мекемелермен тығыз қарым-қатынас орнатып, басқа ағымға түсіп кеткен жастарымызбен жасалып жатқан үгіт-насихат жұмыстарына тоқталып өтті. Мұнан бөлек Дана Бектұрғанқызы түрлі діни ағымдардың ықпалымен кейбір қоғам мүшелерінің медицинаға қатысты көзқарастарына байланысты бас тартып жатқан профилактикалық екпенің маңыздылығы және қажеттілігі жөнінде әңгімеледі. Студенттерге вакцинамен басқарылатын инфекциялардың түрлері, Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес екпе алу мерзімдері, қарсы көрсетілімдер туралы толық мәлімет беріп өтті. Сонымен қатар, жиында «Жусан операциясы», «АҚШ, 11 қыркүйек 2001жыл», «Бүгінгі Нью-Йорк» сияқты тақырыпқа байланысты бейнероликтер де көрсетілді.
Кездесу барысында қазіргі таңдағы еліміздегі діни ахуал, заңнамалық актілердегі өзгерістер мен толықтырулар, ғаламтордан келетін қауіп-қатерлердің зардабы, оны пайдаланудың тәртібі мен мәдениеті турасында да сөз қозғалды. Қоғамда орын алып жатқан жағдайлар мен оқиғалар кеңінен түсіндіріліп, жастардың діни сергек, сауатты болу керек екені айтылды. Жиын барысында жастар тарапынан көптеген сұрақтар қойылып, оған мамандар тиісінше жауаптар берді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.