Жібек жолы ауылдық округінің аумағындағы айналма жолдың құрылысы басталғалы осы маңдағы төрт үй апатты жағдайға тап болған. Баспанасына уайымдап базынасын айтудан жалықпаған тұрғындардың сөзіне сенсек, көліктерге арналған көпір салына бастағанда түрлі дүмпулер орын алып, үйлердің қабырғалары мен іргетастарында жарықшақтар, сызаттар байқалған.
Қараша халықтың сөздеріне иланып, уәждерін тыңдау үшін жақында теміржолдың түбінде орналасқан үйлерге арнайы бардық. Айтқандай-ақ баспаналарының бұрышындағы түйістер ажырап, қабырғалары жарылған. Ендігі тұрғындардың басты талабы – үйлерін толықтай сүріп тастап, қолдағы жарамсыз құжаттарының күшіне енуі.
– Көпір салынбай тұрғанда бізде ешқандай мәселе туындамаған. «ҚазАвтоЖол» компаниясы құрылыс бастап, 1500-дей шұңқыр қылып қаза бастағанда үйлеріміз теңселе бастады. Біз қазір нан, су сұрап жатқан жоқпыз, тек қолда бар құжатымыз күшіне енсе екен дейміз. Өйткені «2020 жылы үй сүріледі, мемлекет мұқтажына алынады» деген қағаз берілген болатын. Сол кезде осы үйлердің жері қызыл сызыққа енген. Енді келіп «ҚазАвтоЖол» компаниясы: «бізге бұл үйлер керек емес» деп жатыр, – деді Жібек жолы ауылының тұрғыны Нұрғали Қасымов.
Дәл осындай пікірлердің легін қалған үш үйдің адамдары да жалғастырды. «Ешкімге керексіз аралда қалғандаймыз. Өйткені үйдің артында теміржол, алдында көше жоқ, жанында биік көпірлер», – деп ашынды Жексенбай Құттымұратұлы.
Тұрғындардың шағымын тыңдау кезінде әңгімемізге ортақтасып, түсінік беру үшін «QazAvtoJol» ҰҚ» АҚ Алматы облыстық филиалы басшысының орынбасары Нұржан Таңатаровты арнайы шақыртқан едік. Ұлттық компания өкілінің айтуынша, әу, басты жоба экспликациясына сәйкес аталған төрт үй сүрілуге тиіс 29 үйдің қатарында болмаған.
– Бұл үйлер құрылыс аумағынан алшақ орналасқандықтан, біздің жобамызға соншалықты кедергі келтірмеген. Яғни шекараға кірмей тұр. Өйткені үйлерге зиян келтірмес үшін талапқа сәйкес құрылыс аумағы 35 метр қашықтықта орналасу керек. Ал көпір салынатын шекараға кіретін 29 үй кезінде бұзылды. Қазір енді бұл үйлердің жағдайын жергілікті атқарушы органдар шешуі тиіс. Біз өз тарапымыздан үйлердің апаттық жағдайына қатысымыз бар-жоқтығын анықтау үшін арнайы тексеріс жасаймыз. Қорытындысына көз жеткізіп, сосын бір шешімге келеміз, – деді Нұржан Тоқтасынұлы.
Апаттық жағдайға тап болған тұрғындардың шағымы мен ұлттық компанияның өкілі айтқан ақпаратты ескере келе, жер мәселесіне жауапты Қарасай аудандық жер қатынастары бөліміне арнайы бардық. Мекеме басшысы Ғазиз Малдыбаевтан аталған жайтқа байланысты түсінік беруін сұрадық.
– Республикалық маңызы бар айналмалы жол құрылысын іске асыру мақсатында 2020 жылдың 5 ақпанында Қарасай ауданының әкімдігі арнайы қаулы қабылдаған. Бұл жұмыстың тапсырыс берушісі «QazAvtoJol» ҰҚ» АҚ Алматы облыстық филиалы болып табылады. Аталған компания ұсынған экспликациясына сәйкес 29 жер учаскесі мемлекеттік мұқтаж үшін иеліктен шығаруға жатып, олар толық сатып алынды. Ал бүгінгі күні шағымданған меншік иелері «QazAvtoJol» ұлттық компаниясы ұсынған тізімде болмаған. Егер аталған компания төрт үйге қатысты хат жолдаса, заң аясында қарастырамыз, – деп ашығын айтты Қарасай аудандық жер қатыныстары бөлімінің басшысы Ғ.Малдыбаев.
Жұрт дүрліккен жағдайдың ақ-қарасын анықтағанымыздай, айналып келгенде тұрғындардың мәселесі «QazAvtoJol» ұлттық компаниясының ұсынысымен ғана шешілмек. Төрт үйдің тағдырына аталмыш мекеме бей-жай қарамайды деген үміттеміз. Ал ашынған халық болса мәселеміз шешілмесе, Президентке дейін шығамыз деп отыр.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.