Кез келген мемлекет-тің, өңірдің мерейін көтеріп, мәртебесін арттыратын спорты мен өнері. Осы екі дүниеге барынша назар аударып, қолдау көрсеткеннен ешкім ұтылмайды.
Кеген ауданында 10 Мәдениет үйі, төрт ауылдық клуб және 13 кітапхана, бір тарихи-өлкетану мұражайы жұмыс істейді. Білімді де білікті ұйымдастырушы, күміс көмей дәстүрлі әнші Нұрмаман Оқас бастаған ауданық Мәдениет үйінің жанында Кеген халық театры, «Ереуіл» фольклорлық-этнографиялық ансамблі бар. Кеген халық театры былтыр облыста өткен халық театрлары мен жаңадан құрылған театрлар арасында өткен байқауда бас жүлделі болған еді.
Аудандық әкімдіктің кіші залында биылғы театр күніне орай бір топ мәдениет қызметкерлеріне сый-құрмет көрсетілді. Аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Кеңес Қабылбеков алғашқы сөздің басын бастап, аудандағы халық театрының, мәдениет қызметкерлерінің көп жұмыс жүргізіп келе жатқанын, әрбір мәдени шараның мазмұнға бай өтуіне тікелей атсалысып, араласып келе жатқандарын тілге тиек ете келіп, шығармашылық табыс тіледі. Бұдан кейін жақында ғана өткен сайлауда Кеген аудандық мәслихатының депутаты болып сайланып, көп ұзамай аудандық мәслихаттың төрағасы болып үлкен сенімге ие болған Алмасбек Нұғыман сала қызметкерлеріне жүрекжарды тілегін жеткізді. Салтанатты сәтте Кеген халық театрының жетекшісі Кәдірбек Сүлеймен бастаған Аршын Нұрбақыт, Нұрым Байбала, Ақмарал Сүлеймен, Дидар Асанов, Айым Тілеукеева, Ермек Ділдәбек секілді бір топ театр мүшелері облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының, облыстық халық шығармашылығы орталығының Құрмет грамотасымен, Кеген ауданы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Қанат БІРЖАНСАЛ.
Кеген ауданы.