Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашыл болған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы республика көлемінде талай тазалық жұмыстарына себепші болуда. Соның аясында Қарасай жерінде апта сайын ұжыммен бірлесе атқарылатын, аудан халқы атсалысатын санитариялық істердің реті үзілген емес.
Өткен аптаның сенбісінде аталған акция бойынша аудан көлемінде сенбілік өтіп, айнала көгалдандырылды.
Экологиялық бастаманың негізгі шарасы «Таза қала» деген ұранмен Қаскелең қаласындағы аудандық Полиция басқармасының аумағына қарасты Абылайхан көшесінде ұйымдастырылды. Оған бірқатар мекеменің қызметкерлері, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік қызметшілер, аудан жастары және басқа да қоғам белсенділері қатысты.
Аталған шара барысында көше бойына жүздеген түп тал егілді. Оның ішінде көпжылдық көрік беретін қайың, шырша ағаштары да бар. Сонымен қатар аталған аумақтың айналасы күл-қоқыстан тазартылды.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» экоакция аясында дәл осы күні ауданға қарасты елді мекендердегі мемлекеттік және жекеменшік мекемелер, жергілікті тұрғындар сенбілік ұйымдастырды. Нәтижесінде ауылдық жерлердегі қоғамдық орындар реттеліп, керексіз қалдықтар шығарылды.
Мұндай ауқымды экологиялық бастамалар ауданның көркін келтіріп қана қоймай, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және қоғамдық жауапкершілікті арттыруға ықпал етері сөзсіз. Игі шара алдағы уақытта да жалғасын табады.
Өз тілшіміз.