Атыңнан айналайын, құшағын жайған дәйім ақ мекенде аты мен атағы жер жер жарған өңірлер көп. Ата қоныс, бабалар мекендеген өлкеде шешіресін бауырына басқан, қазынасы көзді тартқан жерлер жетіп артылады. Мынау киелі өңір, қастерлі мекендегі сұлулығы көзді тартқан, бал бұлағы сарайыңды ашқан, табиғаты жұпарын шашқан жерлер – өлкенің сәні, таусылмас әні! Соның бірі әрі бірегейі – ерте замандардан өлең мен жырға арқау болған қасиеті Қарқара жері! Ықылым дүниеден көзді баурап, жүректі жаулаған Қарқараның кең жайлау қастерлі төрі! Сан ғасырлардың құшағынан қарағайы жарасып, мың бұлағы бал татып, сұлулығымен жан біткеннің мөлдір жанарын өзіне қаратып келген Әйгілі Үш Қарқара өңірі! Толықсып туған айдай көркем де келбетті өлке!
Мұқағали өлмес жырына арқау еткен, Еркіндей ақын шөлі қанбай тамсап өткен, Батықтар мен Мұқатайлар, Шеризат пен Асанқадырлар жанарларын алмай, қаламдары талмай жырлап келген Аспантаулар өлкесіндегі қастерлі де қасиетті Қарқара туралы жүректен жыр, өзектен сыр ақтарарылып жатады. Әр тасы, әр топырағы, әр талы мен жапырағы, әрбір қырат-қыры,бұйрат белі шешіресіне ғана толы, әр аттам белі, белесі сырына, тарихына толы..
Қойнау-қойнауында мөлдірей ағып мың бұлағының жатқаны анық. Құшақ-құшағында асау толқынын ойната мың сан өзендерінің еркелей ағып жатқаны тағы да шындық. Небір тал-терек, нулы орман, емдік қасиеті мол жасыл құрағының жиылып келіп дәл осы бір жерге көрік беріп тұрғаны да бір Аллаға аян. Көрсең көзің тояр, мөп-мөлдір жанарыңды алмай қарай бергің келер сұлу өлке – жер біткенің жаннаты. Құшағынан шыққан ер азаматтары, дара тұлғаларының талмас қанаты. Табан аттағаннан, аяғың кіргеннен жап-жасыл жайлаудай көзді тартқан жердің бар сұлулығы, тұла бойына біткен тамашасы дәл осы көкпеңбек құрағы. Жайылып қана жатар жасыл жайлау жері. Қарқарадай таң ғажайып керім өңір одан сайын толқи, одан сайын шуақтана, одан сайын үлбірей түседі. Неткен ғажап?! Қасиетті Қарқара, киелі өңір жаңбырлы жылы одан сайын жүзін аша толықсый, тербетіле түседі. Алыстағы ақ бас таулары қандай шіркін?! Қырқасынан киіп қашып, асқарынан құланы асқан қарағайлы өлке нағыз дер шағында. Теңіздей толқыған өлке гүл құшағы мың түрлі емдік шөбімен де тербетіледі. Гүл Қарқара, Үш Қарқараның қастерлі төрі – шежіресіне бай, тарихына кенен. Бір сөзбен айтқанда, тарихы – кенен, өңірі – өлең, өлке!
Бұл Қарқара – қазағымның намысты ұлдары, ерен ерлері қылышы мен найзасын қолына алып, ат ойнатқан жер. Дауысы айға жетіп, күнге естірілген, атағы жер шалған әйгілі «Қарқара көтерілісінің», «Албан көтерілісінің» бұрқ ете түсіп, найзағайлы дауылға ұласқан жері дәл осы Қарқара. Әйгілі Ереуіл Төбедегі ескерткіш орнатылған Ереуілдің дәл төбесінен көтеріліс оты жанып, жалындай ұйытқып, дауылдай қаулап, жан-жағын жыландай арбап ала кеткен жері дәл осы Қарқара. Көтерілістің оты жанған, батырлары мен аттарының басы қалған жер де дәл осы Қарқара.
Жүз жылда бір келген Қарқараның жайы осындай немесе жүз жылдықтағы Қарқараның жері осындай. Бұл өлке қырғыз бен ырғыздың, қытай мен орыстың басын қосқан, алты алаштың, алыс-жақын шетелдің басын қосқан «Қарқара жәрмеңкесі» деген атпен тарихына қалған әйгілі жәрмеңкесімен атағын алысқа, дауысын ғарышқа жеткізген өлке. Шығу секілді құмның астында қалалары қалған жер. Айта берсең, айта бергің, тізе берсең тізе бергің келетін өңірдің жайы осындай. Бұдан 100 жыл,бір ғасыр бұрынғы дәл осы жердегі найзаның кескілескен дыбысы, қан жоса болған қылыштың үні, темір мен темірдің айқасқан дабысы құлағымызға келмесе де, тарих беттеріне өшпестей болып жазылған қат-қат кітаптар, тарихи құжаттар, бейне фильмдер, құшақ-құшақ қағаздар көз алдымызға келеді.
Қарқара көтерілісін, оның Жәмеңке мен Ұзақ сында батырларын жазбаған жазушы жоқ. Оны жырламаған ақын да қалмағандай мынау қазақта. Оған шын қуанасың. Оған шын жұбанасың. Ұлы Дала, Мәңгілік Ел деп аталған қасиетті жердегі аты алысқа, дауысы ғарышқа жеткен көтерілісті, батыр бабаларымыздың биік рухы мен жалын намысын, қайсар келбеті мен өр бейнесін көз алдыға келтірген алапат шайқасты жазбағанда кімді жазар едің?! Басын оққа, өмірін отқа байлаған намысты бабаларымыздың бір ерлігін асырып, бір ерлігін көтермегенде нені көтерер едік, шіркін! Солардың ішіндегі шоқтығы биік заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Қилы заманы» болды. Ұлы Мұқаң жай жазған жоқ, дәл біз сөз етіп отырған Қарқараны көзімен көріп жазды. Дәл осы иелі өңірге арнайы ат басын бұрып, ат шалдырып, қиіз үйлерін қоныс етіп, жата-жастана жатып жазды. Албан Асан, Көдек пен Шарғын, Таңжарық секілді аузы дуалы, сөзі маржан мен алтын жүздеген ақындар жырлады бұл көтерілісті. Жүз жасаған Жамбыл да қатарынан қалған жоқ. Дәл осы Қарқара жайлауында өткен көтеріліс, дәл осы жадыраған жаз айында болған көтеріліс ел жадынан, тарих бетінен ешқашан ұмытылмайды. Соғып тұрған жүректерде, жанып тұрған жанарларда тұрып қала береді бұл көтеріліс. Ұзақ пен Жәмеңкедей, Жаңабай мен Қазыбектей, Серікбай мен Бекдайырдай, Құдиярбек пен Жанпейістей, Нүке мен Қағазбектей, Құрман мен Тұрлықожадай, Білал мен Жайшыбектей, Суанқұл мен Әубәкірдей, Монай мен Мұқандай, Қожеке мен Жақыпбердідей, Дәркембай мен Диқанбайдай ерлерінің рухын асқақтатып, даңқын асыратын жер болып қала береді. Батыр бабаларымыздың даңқын ғана асқақтатпай, құшағындағы қалың елінің мерейін, құтын асыра беретін қасиетті, киелі өлке болып Ұлы Даласының құшағында Мәңгілік Ел болуға ұмтыла беретін жер болып қала берері даусыз. «Бұл елдігімізге сын, Албанның баласы. Елден адал туған ұл болса, белді бекем буып, бекінетін шағына келді. Берсек бала өледі, бермесек шал өледі. Бала өлгенше шал өлсін.Бала бермейміз» – деген бабалардың үні өшпек емес. Дәл осы сөздер жүректерге, мәрмәр тастарға өшпестей жазылып қала беруі тиіс.
Тарихты ұмытпаймыз. Тарихтан аларымыз көп. Тарихқа – тағзым жасағанымыз бек абзал?! Қарқара көтерілісі оңай болған жоқ. Көтерілісті басып-жаншуға 8750 әскерден құралған 36 рота, 3900 жендеттен құралған 24 жүздік, 16 зеңбірек пен 47 пулемет пайдаланылды. Төрт жүзге тарта үй өртенді немесе жоқ болды. 1905 адам оққа ұшты. 684 адам жараланды. 1105 адам тұтқынға түсті немесе із-тозсыз жоқ болды. 300 мыңнан аса адам ата мекенін тастап кетуге мәжбүр болды. Халқымыздың біртуар перзенті Мұқаметжан Тынышпайұлының 6 желтоқсан 1917 жылғы «Қазақ» газетінің 254 санында жарияланған мәліметтерінде 1916 жылғы көтерілісте Албан руындағы 69440 жанның 35100 адамы құрбан болғаны атап көрсетілген. Олардың көпшілігі «Әскери сейілдің» құрбаны болған әйелдер, балалар, қарттар делінген. Сол үшін бұл жердің қайыспай көтеріп тұрған қасіреті бөлек. Сол үшін бұл жердің қара нардай көтеріп тұрған қайғысы ерек.
1926 жылы Қарқара көтерілісінің 10 жылдығы аталып өтілді. Оған сол кездегі елордасы Қызылорда қаласынан Әміре Қашаубаев, Серке Қожамқұлов, Иса Байзақовтай қазақтың маңдайына біткен дара ұлдары, шоқтығы биік өнерлі тұлғалары, мәдениет пен әдебиет қайраткерлері бастаған өнер ұжымы арнайы ат арылтып келіп, халық алдында өнер көрсетті. Салтанат соңында мемлекет қайраткерлері Ораз Жандосов пен Ыдырыс Көшкіновтей елдің ерен тұлғалары жиналған халықты ұйымдастырып, көтеріліс ошағы болған жерге тас үйгізді. Оған «Ереуіл төбе» деп ат берді. Ескерткіш орнатуды болашақ ұрпақтарға аманаттады. 1996 жылы көтерілістің 80 жылдығында Ереуілтөбеге үлкен ескерткіш орнатылды. Көтерілістің 90 жылдығында аталған ескерткіш күрделі жөндеуден өткізілді. Ел тізгігін ұстаған азаматардан айналайық! Жанат Тажиев бастаған азаматтардың қолға алуымен сол Ереуілтөбедегі ескерткіштің айналасы биылғы жаңбырлы көктемде 16 гектар жерді алып жатқан үлкен саябаққа айналды. Оның да айналасы тамаша етіп қоршалынды. Саябаққа түрлі мыңдаған түп көшет отырғызылды. Оған арық тартылып, су келтірілді. Саябақ іші күн нұрынан қуат алып, түн мезгілінде жарқырай жанып тұратын 10 шаммен қамтылды. Кезінде облысты басқарған Амандық Баталовтың мүдделі болуымен ел мен жері үшін туған бір туар азаматтың қамқорлық жасап, қаражат қарастыруымен аталған 16 гектар саябақтан бөлек Қарқара ауылынан Ереуіл ауылына дейінгі 12 шақырым жол күрделі жөндеуден өткізіліп, асфальтталды. Ескерткішке дейінгі 2,5 шақырым жол жасалды. Мыңжылқы шағын ауылына барар жолдағы өзенге жаңа көпір жасалып, жолы қалыпқа келтірілді. Ереуіл ауылынан атшабарға дейінгі 7 шақырым жол жасалды. Үй тігілетін, автотұрақ орындары бар, жалпы көлемі 52 гектар атшабар аумағы жасалынды. Ереуіл ауылына дейінгі дейінгі жолдарды, жаңа көпірлерді, атшабарды жасауға атсалысқан М.Грачев бастаған «ДСУ-13» мекемесінің құрылысшылары мен мамандарының атына, «Алматы жолдары» ЖШС-і құрылыс мекемесі басшылығы мен мамандарының, барша еңбеккерлерінің атына да көптен-көп ел алғысын жеткіземіз. Ескерткіштің айналасына жасалынған саябақта аудан мекеме-ұйым басшылары мен ұжымдарының, облыс аумағындағы «орман шаруашылығы» мемлекеттік мекемелері еңбеккерлерінің үлкен еңбегі, зор үлесі бар! Шүкір, аудан аумағында Жәмеңкедей батыр бабамыздың атында бір орта мектеп бар. Бір округ Ұзақтай батыр бабамыздың атымен аталады. Қақпақ ауылында Жәмеңке Мәмбетұлының, Сарыбастау ауылына Ұзақ батырдың тас тұғырлары орнатылған.
Соңғы жылдар ауданда өңірге инвестициялар молынан тартылған. Айкелді Молжановтай азамат бастаған ЖШС қараусыз жатқан мыңдаған жерлерді иелігіне алып, дәнмен толқытып, картоппен шалқытты. Асқар Сүлейменов бастаған «Кеген агро» мекемесі де мыңдаған жерге жан бітірді. «Еврохимия –Қарқара» мекемесі Қарқара өңірінен жер алып, ас тұзы мен содасын өндіретін құрылым ашып, келешекте 600-700-дей адамды еңбекпен қамтуды көздеп отыр.
Бақ дарып, қызыр қонған Қарқара ауылының ел-жұрты мемлекетіміздің «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында таза ауыз суына қолдарын жеткізді. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында Қайыпов, М.Әуезов, Райымбек, Мақатаев, Нүсіпұлы секілді 6 көше асфальтталды. 3 көше жарықтанды. Қарқара орта мектебі күрделі жөндеуден өтті. Соңғы жылдарда 1500 тонналық тұқым қоймасы мен «Назира» шаруа қожалығы арқылы 200 басқа дейін мал бордақылайтын алаң жасалды.
Өңірде 3600 бас іріқара, 11000 бас қой-ешкі, 2600 бас жылқы көрік беріп тұр. Тек ет-сүт өндіру бағытындағы, «Сыбаға» бағдарламасымен жұмыс жүргізетін Қанат Дүзбаев басқаратын «Бүркіт» шаруа қожалығын, 3 мыңнан аса асыл тұқымды «Архар-меринос» қойын өсіретін Қанатбек Молдасанов басқаратын «Құмтекей» шаруа қожалығын, 470 бас асыл тұқымды «Әулие көл» ірі қарасын өсірумен айналысатын Амантай Әкебаев бастаған құрылымды орнымен мақтан етеміз. Олар қосымша Павлодардан таза қанды таза тұқымды қазақы жылқы өсірумен де айналысуда. Оның саны бүгінде елуге жетті. Жалпы 250 бас жылқысы бар. Биылғы маусым тұсында 37 отар жайлаудың төсін дүмбіретіп отыр. Бұл – жақсы дүние. Биылғыдай жаңбырлы жылғы көктемде әр жүз саулықтан жүзден қозы-лақ ерді. Әр жүз басқа 94-тен құлын, 84-тен бұзау алынған.
Бұл ауыл, осынау киелі өңір ақ бидайы, алтын дәнімен де жүзін ашып, маңдайын жарқыратып отырады. Биыл да өңірі астығымен жайнап тұр. Округ бойынша 360 гектар дәнді-дақыл, 250 гектар күздік өсірілген. 407 гектар картоп бой түзеп келеді. Оның сыртында «Кеген агро» ЖШС-гі 700 гектар жаздық дәнді дақыл, 400 гектар күздік бидай өсіруде. «Қарқара өнімдері» ЖШС-гі 550 гектар күздік бидай, 70 гектар картоп өсіруде.
Ауылда 2619 жаннан тұратын 512 отбасы бар. Білім ордасында 62 мұғалім еңбек етуде. 375 оқушы бар. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша еңбек етіп келе жатқан ауылымыздың дәулетін асырып, мерейін асқақтатып отырған 112 шаруа қожалығы жұмыс істейді.
Бәркелді! Ел ырысын шалқытып, жер мерейін асырған азаматтар аман болсын! Қолдары қуатты болсын! Ауыл-алтын бесік, жанға нәсіп. Ер азамат-елдің көркі, ауылының тірегі.
Киелі де қастерлі өлкенің аты мен затына, атағына сай мерейін асқақтатып отырған түлектері шүкір, жетіп-артылады. Киелі, құтты, шежірелі, тарихи өлкенің аты мен затына сай дарындары жетерлік. «Елу жылда – ел жаңа» десе халық даналығы, «Жүз жылда жер де жаңа, ел де аман» дедік біз шын көңілімізбен. Жүз жылда жеріміз жаңа, еліміз аман! Ырыс пен ынтымағы жарасқан елде жақсылық көп. Ырыс пен ынтымақ сүттей ұйыған жерде бақыт пен байлық жетерлік! Қарақара ауылы гүлдене берсін!
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Қарақара ауылы.
Кеген ауданы.