Егемендік туралы Декларация қабылданып, Қазақстанның тәуелсіздікке алғашқы қадамы жасалынған Республика күні – мемлекетіміз бен қоғамымыз үшін мән-маңызы бар айрықша мереке. Айтулы ұлттық мейрам 25 қазан күні Қарасай жерінде салтанатты түрде аталып өтілді.
Аудандық Мәдениет үйінің алаңында ұйымдастырылған шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Жасұлан Естенов ұлттық құндылықты дәріптеуге арналған көрмені тамашалады. Одан кейін ресми бөлімге кезек беріліп, сахнаға ҚР Туы салтанатты түрде әкелініп, Гимнді ауданның өнерпаздары жанды дауыста шырқады.
Құттықтау тілегін білдіру және марапаттау үшін ортаға шыққан Жасұлан Тоққожаұлы осынау ұлық мерекенің мән-маңызына жан-жақты тоқталып қана қоймай, өңірде ауқымды жұмыстар атқарылды және келер жылы одан да көп іс тосып тұрғанын айтып өтті. Мұнан кейін ол ауданның өркендеуіне үлес қосып, еңбегімен еленіп, белсенділігімен танылып жүрген бірнеше қарасайлыққа аудандық мәслихатының шешімімен «Қарасай ауданының Құрметті азаматы» куәлігі мен төс белгіні табыстап, атқарып жүрген жұмыстары үшін алғысын білдірді.
Маңызды да ерекше атаққа Амангелді Толынбеков, Ақлима Көсемова, Абай Жұманиязов, Дүйсебай Шаштайұлы, Василий Гончаров, Лемис Абдикеримов, Гүлжан Медеуова, Самат Тұяқбаев сынды білім, мәдениет, денсаулық және басқа жауапты салаларда жауапты қызмет атқарған жандар ие болды. Сонымен қатар, аудан басшысы өз атынан ауданның өркендеуі жолында атқарып отырған белсенді қызметі үшін бірқатар аудан азаматтарын Алғыс хаттармен марапаттады.
Мерейлі мереке қарсаңында өтіп жатқан шарада спорттық ойындар да ұйымдастырылды. Қол күрес, асық ату, тоғызқұмалақ, аударыспақ сынды ұлттық ойын түрлерінен спортшылар бақ сынасты. Оның барысында Алмалыбақ мектеп-гимназиясының ұстазы Ержан Омаров қойды көтеру жарысында үздік атанып, көтерген қойын сыйлыққа алды.
Республика күні мерекесіне арналған салтанатты шара әрі қарай аудандық Мәдениет үйінің ұжымы дайындаған концерттік бағдарламаға жалғасты. Сүйікті Отан, егемен ел, туған жер тақырыбын арқау еткен әншілер патриоттық әндер шырқаса, ұлттық аспап домбыраның шанағынан төгіле күй шертіліп, мың бұралған қыздардың орындауында әдемі би биленді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.