Әділетті өмір орнату жолындағы ізденістер барысында ХVІІ-ХVIII ғасырларда конституция өмірге келген екен. Конституция деген сөз — латыншадан аударғанда «құрылыс» деген ұғымды береді. Оның мәні — өміріміздің, тыныс-тіршілігіміздің, ел-жұрт болып бірігіп мемлекет құруымыздың құрылысын жасаудың механизмі. Міне, осындай Конституция алғаш рет ХVII ғасырда Англияда (1679 ж.) «Хабак корпус акт» және 1688 жылы «Құқықтар жөніндегі билль» деген атпен қабылданған.
Жазбаша түрдегі Конституция ең алғаш 1787 жылы АҚШ-та, одан кейін 1791 жылы Франция мен Польшада өмірге келген. Ал, біздің елімізде бұл басты құжат тұңғыш жасалған дүние емес. Қазақстанда 1926, 1937, 1978, 1993 жылдары Конституция жасалып, ол Негізгі заң ретінде қызмет атқарғаны баршаға аян. Еліміздің ең алғашқы Конституциясы 1926 жылы 16 ақпанда Қазақ Автономиялық Социалистік Республикасында қабылданды. Бұл құжат бойынша елдің басқару формасы айқындалып, мемлекеттік құрылым жасалды. Одан кейін 1937 жылдың 24 наурызында жалпықазақстандық съезде Қазақ КСР-ның Конституциясы қабылданды.
Негізгі заң ІІ тараудан, 125 баптан тұрды. Бұл Конституция бойынша прокуратура мен сот органдары құрылды. Сонымен қатар, жасырын дауыс беру механизмі енгізілді. Республиканың IX шақырылымындағы Жоғарғы Кеңесінің 1978 жылғы сәуір айының 20-сы күні өткен кезектен тыс сессиясында жаңа Конституция бекітілді. Он бөлім, 19 тарау және 173 баптан тұратын бұл құжат қоғамға таптарға бөлінумен қатар, билік бүкіл халықтың қолында деген ұғымды енгізді.
Тәуелсіз Қазақстанның ең алғашқы Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда Жоғарғы Кеңестің ХІІ шақырылымының ІХ сессиясында қабылданды. Төрт бөлім, 21 тарау, 131 баптан құралған Негізгі заң Тәуелсіздік құндылықтарын қалыптастыруға мүмкіндік беріп, еліміздің демократиялық, парламенттік республика екенін айқындады. Ал, қазіргі қолданыстағы ел Конституциясы 1995 жылдың 30 тамызында рәсімделді. Демократиялық жолмен референдум арқылы қабылданған жаңа заң Қазақстанды Президенттік Республика етіп жариялады. Жалпыға мәлім, осыдан 27 жыл бұрын, яғни, 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан өзінің ғасырлар бойы армандаған мемлекеттік тәуелсіздігін жариялап егемендігін алғаннан кейін, 1993 жылы 28 қаңтарда өзінің алғашқы Конституциясын қабылдады. 1995 жылғы Конституцияның 1-бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп жарияланды. Осыған орай, тұңғыш рет біз біртұтас бөлінбейтін президенттік басқару нысанындағы мемлекет екендігімізді паш еттік. Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық. Мемлекетіміздің шынайы демократиялық мәнге ие болуы да осында.
Жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформаларға сәйкес, 2017 жылғы 10 наурыздағы Қазақстан Республикасының Конституциясына тағы да өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Барлық деңгейдегі орталық және жергілікті мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары Парламенттің, Үкіметтің және өзге де мемлекеттік органдардың өкілеттіктері мен жауапкершілігінің көлемін кеңейту жағдайында мемлекеттік аппараттың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету бойынша барлық шаралар қабылданды. Бұдан әрі – Заң талаптарына сәйкес Парламенттің және оның Палаталарының қызметін қамтамасыз ететін шараларды қабылдау ұсынылды.
Сондай-ақ, қолданыстағы ҚР Жер кодексіне де толықтырылар енгізілді. Бұған, 2016 жылы көктемде Қазақстан қоғамында резонанс тудырған «жер митингілеріне» түрткі болған еді. Атап айтар болсақ, бұл өзгерістерден кейін шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік заңды тұлғалар, жарғылық капиталындағы шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың үлесі елу пайыздан асатын заңды тұлғалар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін он жылға дейiнгі мерзімге жалдау шарттарымен уақытша жер пайдалану құқығында ғана иелене алады. Демек, аталмыш заң бойынша шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғалардың еліміздегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жеке меншік құқығы заңдық тұрғыда шектелді.
Осы аталған заңдардың қабылдануына ұйытқы болып отырған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық беделінің асқақ көріністерінің бірі Қазақстанның 2010 жылы Еуропадағы Қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуінен көрінді. 2016 жылы 31 наурыз – 1 сәуір аралығында Вашингтон қаласында өткен IV Ядролық қауіпсіздік саммитінде Н.Назарбаевтың «Әлем ХХІ ғасыр» манифесін жариялап, кез келген соғыс түрін болдырмай, оның алдын алуға шақырған өзінің құнды ұсынысы халықаралық үндеу ретінде қабылданды. Осылайша 2016 жылы Қазақстан Республикасы БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Қазақстандықтар үшін бұл жетістіктер зор мақтаныш. елімізде жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілеттілігі кеңейіп, барлық саладағы әкімдер жергілікті мәслихаттар арқылы сайланатын болды.
Жоғарыда айтылғанның барлығы айналып келгенде еліміздегі демократиялық процестердің халықаралық деңгейге сай жүзеге асырылып жатқандығының айқын көрінісі. Бүгінгі таңда еліміздің экономикасы жылма-жыл өркендеуде, серпінді технологиялар жасалып жүзеге асырылуда, халыққа электронды қызмет көрсету, интернет жүйесін тиімді пайдалану, электрондық сауаттылықты арттыру, қаржы рыногын жетілдіру міндеттері алға қойылды. Алдағы мақсат – Қазақстанның әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіруі. Осы алға қойған мақсаттардың толық жүзеге асырылуының негіздері – заңдылық пен құқық тәртібін нығайту, Ата Заңымыз – Конституция талаптарын мүлтіксіз орындау, Қазақстанды мекендейтін барлық ұлттардың татулығы, бірлігі, конституциялық тең құқықтарын қатаң сақтау, құрметтеу.
Бұрым ОРЫНБАСАР.