Ел тәуелсіздігінің айтулы күнін атап өтіп, «егемендік» деген ұғымды ұрпаққа ұғындыру мақсатында тәрбиелік мәні бар түрлі шаралар ұйымдастырылып жатады. Солардың бірі өткен аптада Тәуелсіздік күніне орай, «Немере» мектебінде өтіп, есте қаларлық кездесу кеші болды.
Білім шаңырағына құтты қонақ ретінде танымал кино, театр актері, режиссер Тұңғышбай Жаманқұлов, қазақ киносына есімі танымал актриса, желтоқсаншы Гүлнар Байбосынова және Тұңғышбай Қадырұлының шәкірті әрі осы мектептің оқушысына тәлімгерлік етіп жүрген Сүндет Мықтыбайұлы арнайы келді.
Қадірлі меймандарды мекеме ұжымы мен оқушылар зор қошеметпен қарсы алып, ерекше ілтипаттарын білдірді.
Кеш тізгінін директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жанар Буранкулова алып, алдымен қонақтарды таныстырды. Одан кейін мектеп басшысы Эльвира Угай сөз сөйлеп, егемендігіміздің қадір-қасиетін айтып, атақты актерлердің келгеніне ризашылығын білдірді.
Тәуелсіздіктің құндылығы насихатталған шарада мектеп оқушылары қазақ тарихынан сыр шертіп, түрлі көрініс қойды. Төрелік айтқан би-шешендердің заманын көрсетіп, батырлардың ерліктерін сипаттап, қазақ хандығынан бастап Желтоқсан құрбандарының күресін сахнада сомдады. Әсіресе, сонау 1986 жылы орын алған қыстың ызғарындағы дүмпуді мектеп оқушылары актерлік шеберлікпен жақсы ойнады. Желтоқсаншылардың жанкештілігін, тәуелсіздікті талап етіп, «Менің елім» әнін қосыла шырқаған сәттерін көрерменге әсерлі жеткізді.
Сондай-ақ бұл кеште актерлік шеберліктен сабақ беретін Рыскүл Исмайлова әуезді ән шырқап, қонақтардың ерекше ықыласына бөленді. Одан бөлек кеш барысында мектептің әр сыныбының оқушылары өнерлерін ортаға салды. Бірі ән шырқаса, енді бірі актерлік шеберліктерін көрсетті. Сонымен қатар мың бұралған бишілер де көптің қошеметіне бөленді.
Кеш соңында құрметті қонақ қатарынан табылған Тұңғышбай Жаманқұлов, Гүлнар Байбосынова және Сүндет Мықтыбайұлы мектеп ұжымына деген ізгі тілетерін білдіріп, Тәуелсіздік жайлы толғамды ойларын ортаға салды.
– Елімізге, жерімізге, ұлтымызға, тарихымызға қарап, көңілдері алаңдап, жүректері «елім» деп соққан оқушыларды көріп, біз риза болып отырмыз. Желтоқсан оқиғасы жайлы шағын көріністерін көріп, көзіме жас келді. Өйткені сол жерде өзіміз де болған едік. Біз ол жерде тек еліміз, ұлтымыз үшін деп шыққанмен, бізден күшті адамдардың кесірінен қан төгілді. Қаншама тағдыр талқан болып, жүректер жараланды. Ал осы тәуелсіздік жолында құрбан болғандарды ұмытпай, егемендіктің қадірлі екенін жеткізуге тырысқан бүлдіршіндердің перзенттік жүрегінен айналдым. Бұл мектептің ұстаздары білім алушыларды патриоттық сезімді сезінуге тәрбиелеп жатқанына қуандым. Білімді болу деген болашаққа жол ашу деп түсінемін. Сондықтан білімді ұрпақ тәрбиелеу жолында осы мектептің басшылығына, мұғалімдеріне және оқушылардың ата-аналарына ризашылықтан басқа айтарым жоқ. Жолдарыңыз ашық болсын, – деп Тұңғышбай Жаманқұлов бас иіп баршаға алғысын жеткізді.
Ал Тұңғышбай ағаның шәкірті әрі актриса Гүлнәр Байбосынова осы шара барысында жас өрендердің өнеріне риза болып, биік белестерден көрінуін тіледі.
– Біз өзімізді мықты ел ретінде таныту үшін әр салада жетістікке жетуіміз керек. Ал оны өнермен, спортпен, ғылыммен дәлелдеуіміз қажет деп ойлаймын. Мәселен, қазақтың мақтанышы Димаш Құдайбергеннің өзі Қазақстанды әлемге танытып жатыр. Сол сияқты осы мектептен Димаштай талантты, дарынды оқушылар өсе берсін. Ғылымға да көп көңіл бөлген жөн. Бұл сала бойынша да мықты мамандар тәрбиеленіп шығады деген үміттемін. Жолдарыңыз ашық болсын, құрметті бүлдіршіндер! Ата-аналарыңның, ұстаздарыңның үмітін ақтап, биіктен көріне беріңіздер, – деп актриса Г.Байбосынова ақжарма тілегін арнады.
Гүлнар ханым сонымен қатар, осыдан 38 жыл бұрын орын алған Желтоқсан оқиғасы жайлы да сөз етті. Желтоқсаншы ретінде сол бір 86 жылдағы көтерілістің қалай болғанын қысқаша баяндады. Егемендік жолындағы тайталас тарихта мәңгі сақталатынын айтып, осы кеш барысында оны суреттеуге тырысқан оқушылардың өнеріне тәнті болды. Шынайы ризашылығын білдіріп, мектеп ұжымына толағай табыс тіледі.
Осындай ізгі ниетін қадірлі қонақтардың бірі – Сүндет Мықтабайұлы да айтып, айтулы шараға қатысты ойын білдіріп, оқушыларға ұстаздарының жолын берсін деген тілегін білдірді.
Құрметті қонақтардың осындай жылы сөздерінен кейін мектеп директоры Эльвира Борисқызы қорытынды сөз сөйледі. Мекеме басшысы меймандарға құрмет көрсетіп, иықтарына шапан жауып, мектеп ұжымының атынан алғысын айтып, сый-сияпаттарын табыс етті.
Кездесу кешінің соңында «Немере» мектебінің ұстазы Қалихан Рымбаев «Атамекен» әнін жанды дауыста шырқады. Әуезді әнді құрметті қонақтар да, көрермендер де қосыла орындап, игі шараның әдемі нүктесін қойды.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.