Ел мақтаныштарымен көзбе-көз көрісіп, олармен жүздесу арқылы ой бөлісу – қазіргі жастар үшін бос уақытты ұтымды пайдалану жолындағы жақсы мүмкіндік. Осы бағытта олардың патриоттық қасиеттерін арттырып, спортпен жүйелі түрде айналысуына ықпал ету мақсатында аптаның сейсенбісі күні жас қарасайлықтар, әлемдік ареналарда есімдері белгілі, Жетісу өңірінің тумалары Айдос Ербосынұлы мен Абылайхан Құсайынов сынды боксшылармен кездесті.
Алматы облысының ішкі саясат басқармасына қарасты «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің ұйымдастыруымен өткен сұхбат аясындағы жүздесу Қаскелең қаласындағы №1 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде өтті. Спорттық шараның барысы үш кезеңмен қамтылды. Алдымен қос боксшы жастармен әңгімелесіп, сұрақтарына жауап беріп, қызықты сәттерімен бөлісті. Мұнда еркін пікір алмасу орын алып, талай ұтымды ойлар ортаға салынды. Әсіресе, жетістік жолында қай спорт түрінің бағы басым екені де айтылды. Ең белсенді әрі ұтымды сауал қойған қатысушыларға ұйымдастырушы тарапынан сыйлықтар табыс етілді. Одан кейін жекпе-жектерде жеңіліс таппаған жігіттердің әрқайсысы шаршы алаңда қолданатын шеберліктерін көрсетіп, болашақ чемпиондарға айла-тәсілдерін үйретті. Кездесудің соңында қарасайлық жастар құрметті спортшылардың қолтаңбасын алып, естелік суретке түсті.
Игі шараның басы-қасында жүрген, «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің бөлім басшысы Талғат Наукеновтың айтуынша, мұндай келелі кездесудің басты мақсаты – жас буын өкілдерін Айдос, Абылайхан сынды мақтаныштарымызбен жақынырақ таныстырып, спортқа деген құлшыныстарын арттыру.
Жастар мен танымал азаматтар арасындағы мұндай кездесулер Іле, Талғар, Еңбекшіқазақ аудандарында да өткізілген. Әр ауданға түрлі танымал спорт майталмандары арнайы шақырылғанын да айта кеткен жөн. Олардың барлығы – Жетісу өлкесінен шыққан белгілі спортшылар. Мәселен, Дамир Исмағұлов, Жалғас Жұмағұлов, Евгений Егембердиев сияқты мақтаныштарымыз.
Дидар МУХАМАДИЕВ.