мерейлі отбасы иесі Әріп Сыбанбаев ағамыз туралы сыр
Иә, Отан – отбасынан басталады. Ұлы даламыздың құшағындағы мемлекетіміздің бар жақсылығы шалғай ауылдардағы әрбір отбасыдан құралады. Әрбір жанұя республикамыздың соғып тұрған жүрегі іспетті. Осыған орай көп жылдардан бері мемлекетімізде «Мерейлі отбасы» атты байқау өткізіліп келеді. Ауыл, аудан, облыстан басталған бұл игі шара республикада қорытындыланады. Әр облыс өз аумағындағы «Жүзден жүйрік шыққан» мерейлі жанұяларды лайықты марапаттайды. Тәуелсіз мемлекетіміздің басты байлығы – адамдар. Ал, адамдар – әр шаңырақтың тынысы мен ырысы. Сондықтан туған Тәуелсіз отанымызда әр адамның, әрбір отбасының амандығы, жақсылығы, игілігі, бақыты мен қуанышы аса маңызды.
Мынау жарық дүниеде өмірге келіп, бар мәнді де мағыналы ғұмырын еңбекке арнаған жүздері жарық, мерейлері мен мәртебесі биік жандар жетерлік. Ауыл халқына сыйлы, отбасының өнегесі Кеген ауданындағы Жалаңаш ауылында тұратын Әріп Сыбанбаев ағамыз солардың бірі әрі бірегейі. Ел-жұртының ортасында, туған жерінде сексен төрт жасына келіп отырған Әріп ағамызды аудан тұрғындары жақсы біледі. Елінің қадірменді қариясы, артынан ерген жастардың батагөй ақсақалы. Бірсыпыра жылдардан бері Жалаңаш ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы.
Әріп ағамыз 1939 жылы тамыз айында Кеген ауданына қарасты өз тұсында Меркі ауылдық округінің Арал деген жерінде дүниеге келген екен. Әкесі Сыбанбай қарапайым шаруа адамы болған. Аталған Арал деген жерге әкесі Сыбанбай, Есбай баласы Сыбанқұл, Тұяқтың баласы Өскенбай тағы басқалары ел болып өмір сүреміз деп 1927 жылы Еңбекшіқазақ ауданындағы Көктөбе деген жерден көшіп келіпті. 25-30-дай жанұя көшіп келіп, тіршіліктерін жасаған. Кішкентай Әріп жастайынан малды ауылда еңбекпен өскен. Алғаш Тоғызбұлақ ауылында мектеп есігін ашып, кейін Жалаңаш қазақ орта мектебін бітірген. Малды ауылда өскен заңғар бойлы, кесек тұлғалы, қайратты жігіт мал маманы болуды армандайтын. 8-9 жасынан бастап ауылдағы мал азығын дайындайтын бригаданың құрамында еңбек еткенін ешқашан ұмытпайды. Мектептен кейін 2 жыл бұзау баққан ұл. Тоғызбұлақ ауылынан 2 жыл Жалаңаш ауылына ат арбамен сүт тасығанын да ұмытқан емес. Мұның бәрі жас жігітті өмірдің қиындығына төтеп беруге, қандай іске болсын дайын болуға үйреткені анық. Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу, сергек те сезімтал, өз ісіне тиянақты Әріптей азамат сенімге бөленіп, Жайдақбұлақта есепші болып қызмет атқарды. Еңбектен қол үзбей жүріп Алматы қаласындағы зоотехникалық және мал дәрігерлік институттан білім алып, ғалым оны зоотехник мамандығы бойынша бітіріп шыққан. Институттан кейін Жайдақбұлақ ауылындағы шаруашылықта ферма зоотехнигі, ферма меңгерушісі болып қызмет атқарды. Көп ұзамай Қарқара ет-сүт совхозында бас зоотехник, совхоз директорының орынбасары болды. Он жылдай Кеген ауданындағы Алғабас жылқы зауытының директоры қызметін жемісті жүргізді. Он жылдай Шелек ауданындағы Сөгеті қой совхозында бас зоотехник әрі совхоз директорының орынбасары, 1993-1996 жылдары Кеген ауданындағы Тоғызбұлақ колхозының директоры қызметін атқарған. 1996 жылдан бері «Дарқан – А» шаруа қожалығының жетекшісі. Сексен төрт жасқа келген фермер ағамыздың жағдайы жақсы.
Шаруашылықтардың түрлі жұмыстары арқылы шыңдалып, мол тәжірибе жинақтап өскен жан даланың бір академигі іспетті. Қарапайым еңбегімен, қажырлы іс-әрекетімен жұмысын істеп, даласымен сырласып, әр күні, әр айы, әр жылы, әр сәтімен көгеріп-көктеп келе жатқан жайы бар. Даласымен, тауымен сырлас, елімен етене ағамыз сексен төрт жасқа келсе де аттан түскен емес. Өзі құрған шаруа қожалығының жұмысын сәтімен жүргізіп келе жатыр. «Дарқан – А» шаруа қожалығы өңірдегі маңдай алды, мақтаулы қожалықтың істері ілгері, шаруалары мығым. Біз, Әріп ағаның үйінде болдық. Қатар-қатар қойылған жұмыс столының басы толған түрлі қағаздар. Әлі күнге дейін республикалық «Егемен Қазақстан», «Қазақ» газеттін, облыстық «Жетісу» және жергілікті «Қарқара» секілді бір топ газеттер мен журналдарды жаздырып, алып оқиды екен. Қазыналы қарт оқырманымыз күнделікті теледидардың да хабарларын жібермей көреді. Білгені көп, түйгені жетерлік. Бір әңгіменің шетін шығарсаң болды, төгіліп сала береді. Күнде ерте тұрады. Бұл жастайынан, еңбекке араласқан күнінен жұққан қасиет. Көлігімен шаруа қожалығының науқанды жұмыстарының барысын көзімен көреді. Бір ғана қожалықтың 1500 гектар жері бар. 900 гектарына жаздық бидай мен арпа өсірілсе, 120 гектар шабындық алқабы бар. Қырманы жұмыс істейді. Біз қожалықтың қырманындағы тау-тау болып үйілген алтын дәнін көзімізбен көрдік. Қожалық 15 адамды жұмыспен қамтып отыр. Қырмандағы Қайрат Абаевтай күзетшісінің жұбайы Бисұлу Жанғожаева аспаз болып жұмыс істейді. Еңбеккерлерге барлық жағдай жасалған. Ретіне қарай астықпен, мал азығымен қамтамасыз етіліп тұрады. Қожалықта мал азығын дайындау мен алтын орақ науқаны қатар жүргізіліп жатыр. Адал ісінен, қарапайым еңбегінен қалмаған Әріп аға барлық шаруаларды бақылап, тапсырмаларын беріп жүр. Әр істің жайын бес саусағындай біледі.
Қолы қалт еткенде мағыналы өмір жолы туралы жастарға үлгі боларлық естеліктерін жазып қоятын болып шықты. Ағамыздың ел айта жүрер, артына ізгілікті ізін қалдырған дүниелері мол. Алғабас жылқы зауытын басқарған жылдары Құрметі мен Жіңішке секілді шағын ауылдарда 8 жылдық мектеп салдырған. Шелек өзенінің бойындағы жолды салдырдың негізін қалапты. Ал, Жайдақбұлақ фермасын басқарған жылдары сондағы клуб ғимараты мен 8 жылдық мектептің салынуына ықпалын тигізген.
– Өткен жылы да алтын орақ науқаны сәтімен жүрді. 450 гектар жаздық бидай мен 250 гектар жаздық арпаның әр гектарынан орташа 18 центнерден өнім алынды. Көп жылдан бері «Сыбаға» бағдарламасымен жұмыс жүргізіп келемін. Негізінен асыл тұқымды 60 бас «Әулиекөл» іріқаралары, 1200 бас «Архар-меринос» қойы өсірілуде. «Әулиекөл» іріқараларының 30 бас аналығы бар. Жүзге тарта жылқымыз өсіп келеді. Жалпы, жағдайымыз жаман емес, – дейді шаруа қожалығының жетекшісі Әріп Сыбанбаев ағамыз.
Буыны бекімей жатып шаруашылықтың мал азығын дайындау ісіне араласқан, мектеп бітірген соң ат арбамен сүт тасыған, екі жыл бұзау баққан ұл әлі де еңбектен қалған жоқ. Таң атқаннан күн батқанша шаруаларын қадағалап, егіс басында болады. Еңбеккерлермен бірге қырман басында шайын ішіп, емен-жарқын әңгімелесіп, орынды әзілін де қағытып қойып жүре береді. Қарауындағы жігіттерге орнымен тапсырмасын беріп, іске жігерлендіріп қояды. Бәрі жарасымды. Тау тұлғалы ағамыз көрікті, еңселі тауларындай асқақтап көрінеді. Ауылдастарын жетелі, жақсы ісіне жұмылдырып қояды. Реті келген жерінде түрлі-түрлі мақамымен ақ батасын беріп, аталы сөзін айта жүреді. Өзі басқаратын ауылдағы ақсақалдар алқасының да жүргізіп келе жатқан жұмыстары ауқымды.
Біз сөз етіп отырған Әріп Сыбанбаев ағамыз, сексен төрт жастағы фермер қарт ұрпағымен өсіп-өнген, ауылдағы өнегелі шаңырақ, мактаулы әулет. 4 қыз, 3 ұлын өсіріп, қанаттандырған. Бәрі жоғары білімді. Жәмиладай қызы энергетик. Есенғалидай ұлы құрылысшы. Осы салада бір фирманы басқарады. Сәбирасы экономист. Астанада іргелі қызмет атқарады. Фаридадай тағы бір қызы да Астанада жұмыс жасап келеді. Дархандай ұлы Алматы қаласындағы медицина институтын бітірген. Медицина ғылымының кандидаты. Алматы облыстық ауруханасында бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары. Есжандай ұлы заңгер. Сарыөзек қаласында әскери прокурор. Жазирадай кенже қызы «Самұрық-қазына» мекемесінде белді қызметкер. Әріп ағамыз Ләтипадай жарымен 17 немере, 3 шөбере аялап сүйіп отырған бақытты жандар. Еңбекқор ағамыз көп жылғы еңбектері үшін бірнеше орден, медалдармен марапатталған. Тәуелсіздік алған жылдарымызда «Еңбек жолындағы тиімділігі үшін» медалын алған. Облыстық «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары. Ауданның құрметті азаматы. Екі мәрте облыс әкімінің құрмет грамотасымен марапатталыпты. «Өсетін елдің қарты- қазына болар» деп халық мақалында айтылғандай нық қадамы, тау тұлғасымен, ерен еңбектерімен келген Әріп ағамыздың елі-жеріне, қарауындағы еңбек иелеріне тигізіп келе жатқан шарапаты аз емес. Сексенінің төртіне сергек қалпымен келген ағамыздың көрер жақсылығы әлі алда. Күндері көрікті, таңдары арайлы бола бергей!
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
КЕГЕН АУДАНЫ.
Суретте: «Дарқан – А» шаруа қожалығының жетекшісі, ауылдағы ақсақалдар алқасының төрағасы, үлгілі әке Әріп ағамыз өмірлік жары Ләтипа Мәжбиевамен бірге.