Елордасы Астана қаласының 20 жылдығы мен мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтың 120 жылдығына орай, осы аптаның сейсенбісінде Жетісудың бас қаласында бұрын соңды болмаған екі қабатты заманауи үлгідегі театрдың ашылу салтанаты өтті. Сондай-ақ, жаңа ғимараттың бой көтеруі Орта Азия елдерінің жетінші Халықаралық театр фестивалімен тұспа-тұс келген. Салтанатты шараға Алматы облысы әкімі Амандық Баталов пен Қазақстан театрлары ассоциясының төрағасы Асанәлі Әшімов бастаған қазылар алқасының мүшелері қатысты.
Аталмыш шараның шымылдығын Амандық Ғаббасұлы ашып, тұрғындарды заманауи үлгідегі жаңа театрдың ашылуымен құттықтады. Сонымен қатар, облысымыздағы атқарылып жатқан игі істерді атап өткен өңір басшысы осындай жетістіктердің төркінінде парасатты Президентіміздің нақты тапсырмалары мен міндеттері жатқанын да атап өтті. Шара аясында бірқатар өнер қайраткерлері «Серпер» сыйлығымен марапатталды. Жаңа ғимараттың сахнасы әйгілі «Айман-Шолпан» пьесасымен ашылды.
Талдықорған қаласының жетінші ықшам ауданында бой көтерген Салтанат сарайы мен Көрме павильонының жанынан осы ғимараттарға сәулеттік жағынан үйлесімі мол Бикен Римова атындағы жаңа драма театры да қосылды. Акустикасы, сахнасы, актерлер бөлмесі, өзіне ғана тән басқа да ерекшеліктерінің барлығы да ескеріліп, жоғары талғаммен жасалған. Жалпы, театрдың құрылысына алты миллиард теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары «BI Group» компаниясына қарасты «Өнеркәсіп құрылыс» ЖШС жүргізді. Екі қабаттан тұратын театрдың жалпы ауданы 10 538 шаршы метр, көрермен орны 510 адамға лайықтанған.
Рухани орданың облыс орталығынан бой көтеруіне Елбасының өзі қолдау білдірген. Талдықорғандағы театр фестиваліне Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Белоруссия сынды бірқатар мемлекеттің және еліміздегі республикалық, өңірлік театр ұжымдары қатысуда. Қазан айының 30-нан қарашаның алтыншы жұлдызы аралығында өтетін аталмыш ірі байқауда 20-дан астам қойылым көрсетілмек.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.