Талдықорған қаласындағы Жастар саябағында өткен «Печа куча» форматында конференция өтіп, онда мемлекетіміздің қалаларын жақсарту мақсатында жасалған жобалар талқыланылды, деп хабарлайды Алматы облысы өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жиында әр аймақтан келген спикерлер өздерінің ауқымды жобаларын таныстырды. Солардың бірі «Аlmatybike» компаниясының қызметкері Әнуар Жүсіпов. Ол форумда өзінің экологиялық ахуалды да жақсартуға бағытталған тың жобасын көпшілік назарына ұсынды. Оның айтуынша велоспортты дамытуға арналған жоба жүзеге асатын болса, Талдықорған қаласында арнайы веложолдар мен велотұрақтар салынбақ. Осылайша, қала тұрғындары күнделікті өздерінің уақыттарын тиімді пайдаланып қана қоймай, сондай-ақ, велосипедтегі серуен арқылы денсаулықтарын да жақсартатын болады.
– Жобаның жүзеге асуына қанша ақша кететінін айта алмаймын. Бірақ, Талдықорған үшін көп қаржы қажет емес деп ойлаймын. Веложобаны жүзеге асырған дұрыс. Себебі, экологиялық жағынан тиімді және адам денсаулығы үшін де пайдалы, – деді «Аlmatybike» компаниясының өкілі ӘнуарЖүсіпов.
– Жүз сексен мың халқымыз 5 жылда жарты миллионға өсуі мүмкін. Сол себепті қазірден бастап, транспорт, жол мәселесін қолға алып, дайын болуымыз керек, – деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Алпысбаев.