Өткен жылдың аяғында, 22 желтоқсанда аудандық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өткізіліп, күн тәртібінде белгіленген мәселелер қаралды. Кеңес төрағасы Жанат Исағұлов алғашқы сөз кезегін аудандық электр жүйесі торабының басшысы Ерлан Момбаевқа беріп, ол «Қарасай ауданы электр жүйелері торабында атқарылып жатқан жұмыстар туралы» хабарлама жасады.
Торап басшысы өздерінің қазіргі жай-күйлері, жаңа жұмыстары, электр қуаты бойынша тұтынушыларға көрсетілетін қызмет, жарық берудегі кейбір проблемалар, алда тұрған міндеттер жайында жан-жақты айтып, соңғы кездері электр қуатына деген сұраныстың көп артып отырғанына да тоқталды. Ал мұның өз кезегінде жұмыс көлемін барынша көбейтетіні де белгілі. Сонымен қатар, осы жиынға Елтай ауылынан арнайы келіп қатысып отырған екі тұрғынның шағымына байланысты жауап беріп, таяу арада тұрғындармен сол елді мекенде, округ әкімінің қатысуымен, кездесіп, түйіткүлді мәселе жөнінде нақты шешім қабылданатынын жеткізді.Электр жүйелері торабының жұмысы туралы, сондай-ақ кеңес мүшелері Несіпбала Әблідаева, Әмина Абдраманова, Серік Рысмұхаметов, Қаныбек Айтжанов, төраға Жанат Исағұлов және Елтай ауылдық округінің әкімі Біржан Махатов сөйлеп, сұрақ қойды, ой-пікірлерін айтты.
Келесі кезекте кеңес мүшелері «Тұрғындар алдында есеп беру кезінде Райымбек, Елтай ауылдық округтері әкімдеріне берілген талап-өтініштердің орындалу барысы туралы» осы округтердің әкімдері Елжан Төленбаев пен Біржан Махатовтың есептерін тыңдады. Әкімдер өздерінің осы бағыттағы жұмыстары туралы кеңінен әңгімелеп, қойылған көптеген сұрақтарға жауап қайтарды. Осы орайда кеңес төрағасы Жанат Исағұлов, кеңес мүшелері Қаныбек Айтжанов, Серік Рысмұхаметов, Несіпбала Әбділдаева, Әмина Абдраманова өз ұсыныс-тілектерін білдірді, талаптарын қойды. Кеңес төрағасы Жанат Исағұлов әкімдердің халыққа үнемі жақын болуы керектігін атап айтып, істің сапасын арттыруға, жұмысты әлі де болса ширата түсуге шақырды.
Мұнан кейін аудандық экономика және қаржы бөлімі Жеңіс Ноғайбаев Қарасай ауданының 2023-2025 жылдарға және оның ішінде нақтылай алғанда, 2023 жылға арналған бюджетінің жобасы туралы хабарлама жасады. Бұл мәселе жөнінде Жанат Исағұлов, Қаныбек Айтжанов, Несіпбала Әбділдаева пікірлерін білдірді.
Жиында талқыланған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
* * *
Кеңес отырысында «Amanat» партиясы Қарасай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қаныбек Айтжанов, Президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі қоғамдық штабтағы белсенді жұмысы үшін Серік Рысмұхаметовке Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатын тапсырды. Сондай-ақ, Қоғамдық кеңес мүшелеріне куәлік берілді.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.