«Өлең деген тумайды жайшылықта,
Өлең деген тулайды қайшылықта», – деп жырлаған Мұқағали Мақатаевтың жыр жолдары кез келген ақынның ой-тебіренісі бекерден-бекер өлең болып жазыла салмайтынын ұғындыратындай.
Расымен де қалам тербеген жандардың өз әлемі бары анық. Өлең өлкесінде олар бірде шаттықтан шалқыса, бірде қайғыдан құлазиды. Міне, осының барлығы өлең болып өріліп, оқырманның жүрегіне жол табатыны ақиқат. Осындай өмірінің өрнегін поэзия арқылы жеткізіп, ағартушылықты жанына серік еткен жас ақынның бірі – Ерхан Молдағалиев. Қостанай облысының тумасы бүгінде Қаскелең қаласындағы Қ.Сәтбаев атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарады.
Ерхан Болатұлы – айтыстың ақтаңгері Айбек Қалиевтен бата алып, өлеңге деген құштарлықтың арқасында жас ақынға айналған жастардың бірі. Жақында оның өзі қызмет етіп жүрген білім ошағында «Қауызыңды жарасың қашан, бағым?» атты кітабының тұсаукесері болды.
Әдеби кеште тұңғыш өлеңдер жинағының жарыққа шығуына қолдау көрсеткен ақын, аудармашы ҚР Журналистер одағының мүшесі Қайырбек Шағыр, Алматы облысы Жамбыл ауданы «Шынасыл» мешітінің бас имамы Қалжан Исламханов және Қ.Сәтбаев атындағы орта мектептің директоры Қорлан Тұрсынова құрметті қонақтардың қатарынан табылды. Осы ретте айта кету керек, Ерхан Молдағалиевтің бұл кітабының оқырман қауымға жол тартуына белгілі ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Жарас Сәрсек және «Математика және физика» журналының бас редакторы Ардақ Кәкітаев сияқты жомарт жандар да демеушілік көрсетті. Аты аталған азаматтар белгілі бір себептерге байланысты айтулы шараға қатыса алмады.
Ақынға арналған шарада алғашқылардың бірі болып қадірлі қонақ Қайырбек Семейғазыұлы сөз сөйлеп, Ерхан Болатұлына шығармашылығының шыңдалуын тіледі. Ағамыз өз сөзінде Ерханның тегінің өзі ерекше екендігін айтып, атақты ақындар – Тұманбай, Жұбан Молдағалиевтердің атына кір келтірмейтініне сенім білдірді. Осындай жақсы сөздердің тізбегін бас имам Қалжан Әрібжанұлы да жалғастырды. Қадірлі қонақ ақын Ерханның бойындағы жақсы қасиетін тілге тиек етіп, бірге қызметтес болған кездерін еске алып, ізгі тілегін жеткізді.
Ақтарылған ақжарма тілектерден кейін Ерхан Болатұлының «Қауызыңды жарасың қашан, бағым?» атты кітабының тұсаукесері болып, шашу шашылды. Одан кейін әуезді әндер айтылып, сахна төрінде оқушылар ақынның өлеңдерін оқып, шәкірті жыр арнады. Ал еркін микрофон айдарында ақынның әріптестері Ерхан жайлы орамды ойларын ортаға салды. Атап айтар болсақ, Көкөзек ауылындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ғани Ниязымбетов ақын екеуінің арасындағы сыйластықты сөз етсе, аталмыш білім ұясында еңбек ететін, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Майра Дөненбаева бірлестіктің атынан Ерханның шығармашылық кешімен құттықтап, сый-сияпат тапсырды. Дәл сол сияқты Ерхан Молдағалиевке мектептің кәсіподақ ұйымының атынан да сый-құрмет көрсетілді. Тілектердің легі бейнеқұттықтауға да ұласты. Ақынды жақсы танитындар алыстағы сәлемін жолдап, әдеби кешімен құттықтады.
Игі шараның қорытынды сөзі мектеп директоры Қорлан Дәуітханқызына берілді. Білім ошағының басшысы ұстаз Ерхан Болатұлының ақындық қасиетіне тәнті болып, оның жыр-шумақтары адамдардың жүрегіне адаспай жетуін тіледі. Мұғалімге құрмет көрсету мақсатында өз атынан Алғыс хат табыстап, иығына шапан жапты.
Барлық ыстық ықыласқа бөленген Ерхан Молдағалиев мұңға, сырға толы өлеңдерін алдағы уақытта жалынды, бақытты шақтарға арнайтынын айтып, кештің өтуіне атсалысқан мектеп директорына, әріптестеріне, қонақтарға риясыз ризашылығын жеткізді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.