«Таңбалы» қорық-музейі – көне заманымыздың баға жетпес киелі, әрі тарихи мекенінің бірі болып табылады. Алматы облысы Жамбыл ауданына қарасты Қарабастау ауылының маңында, нақты айтқанда, Алматы қаласынан 170 шақырым жерде орналасқан мәдени ортаның тылсым табиғаты да, ел көрмеген ескерткіштері де көптің көңілін ерекше әсерге бөлейді. Өткен аптада аталмыш мәдени орталық Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласы аясында тарихи мекенді кеңінен дәріптеу үшін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнайы «Баспасөзтурын» ұйымдастырды.
Тарихи таңғажайып мекен 2003 жылдың 14 қазанында қорық-музей болып құрылып, 2004 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген. Аталмыш одақтың құрамына жайдан-жай белгілі мекендер тіркеле бермейтінін ескерсек, қорық-музейдің мынадай ерекшеліктеріне тоқталуға болады: жоғалып кеткен дала өркениетінің ерекше куәгері болғандықтан, табиғатпен үндесу және табиғи ландшафты экологиялық залалсыз пайдалануы оның маңызды сипаттық белгісі деп айтуға болады.
«Таңбалы» шатқалының баурайындағы мәдени мекенде әлемде көп кездесе бермейтін байырғы петроглифтер түп нұсқада сақталып қана қоймай, көне заманның тұрмыс-тіршілігі мен тасқа қашалған шежіресі де айрықша бейнеленген. Құрылғанына 15 жыл толса да бүгінгі таңда қасиетті жерге деген саяхатшылардың саны артып келеді. Отандық туристерден бөлек, Азия және Еуропа халықтарынан келетін қонақтардың өзі талай осы тау шатқалына жорықтарын жасап, жоғары бағасын беруде. Музейдің директоры Мадияр Әмірғалиевтің айтуынша, келешекте қорық аумағы заманауи талапта жаңарып, келушілерге барынша жағдай жасалынбақ. Себебі, бүгінгі уақытқа дейін шамамен 2500-3000 турист келіп, тау-тастың көрікті жерлерін аралап кеткен.
Жалпы, «Таңбалы» қорық-музейінде қола дәуірінен бастап, XII-XIV ғасырдағы 5000-ға жуық ескерткіштер кездеседі, ал, олардың анық бейне тұстары зерттеу нәтижесі бойынша осы орталықта бес топқа бөлінген. Әр топтың өзіндік белгіленген тарихы, мәдениеттері және жартастағы аң-құстардың тас бетіндегі көріністері саяхатшылардың таңданысын тудыратыны анық. Неге десеңіздер, мұндағы топтағылардың әрқайсысындағы жартас суреттері бір-бірінен асып түседі. Олардың көне әсем суреттерінің өзі тұнып тұрған тарих деуге болады. Мәселен, ІІІ топтағы 400 жартас суреттерінің ішінде жабайы жануарларды аулау көріністері бейнеленген. Тіпті, құлан, тау ешкісі, бұқа сияқтыларды құрбандыққа шалу әрекеттері де анық таңбаланған.
Саяхатшыларға қашанда таулы мекеннің ерекшеліктерінен хабардар ететін қорық-музейінің ғылыми қызметкері Ринат Шарипов тас бетіндегі суреттердің ерекшелігінен бөлек, қасиетті ортадағы жерлеу орындарын қорық ішін аралау барысында кеңінен баяндап берді.
– Қола дәуірінде өмір сүрген адамдардың тұрақтары мен жерлеу орындары жартас суреттерін айтпағанда, ерекше ескерткіштердің бірі болып табылады. Назар аударып қарасаңыздар, қабірдің құрылыстары тас жәшіктермен тік бұрышты және көлденең ретінде орналасқан. Ал, жерленген адамдарды сол қабырғасымен жатқызып, басын шығысқа қаратып жерлеген. Сол қабірлердің ұқсастығына қарап сол замандағы адамдар арасында мәдени тәртіптің қалыптасқанын да аңғаруға болады, – дейді «Таңбалы» қорық-музейінің ғылыми қызметкері.
Жартас бетіндегі таңғажайып бейнелердің бірі – Азия халықтарының әншілері кезінде бақтарын сынаған «Азия дауысы» байқауының негізгі таңбасындай таңбаланған осы жердегі тастағы таңғажайыпты айтсақ болады. Тарихи дерекке сүйенсек, бұл күн бейнесі сол заманда өмір сүрген жандарда күнге табынушылық деген түсініктің қалыптасқанын айқындайды.
Ландшафттық мұражайдың зерттелу жұмысы негізінен 1957 жылдан бері бастау алған. Яғни, қорықтағы петролифтердің талданып, тарих беттеріне енгеніне 60 жылдан астам уақыт өткенін айтуға болады. Алғаш рет Анна Георгиевна Максимова өзі жетекшілік етіп, «Таңбалы» шатқалындағы тарихи орындар мен қабірге қазба жұмыстарға зерттеу жүргізілген.
Аспан астында ашық түрде қорғалатын табиғи қорық-музейінің біз айтқаннан басқа да тамаша таңғажайыптары жетіп артылады. Осындай маңызы жоғары, өткеніміздің куәсі, болашағымыздың бағалысы болып саналатын қасиетті қорықтың құндылығы еш жоғалмай, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып қала берсін, дегіміз келеді.
Дидар МУХАМАДИЕВ.