Халқымыздың бүкіл өмірін көз алдыңнан өткізу ол – тарих. «Таңбалы» десе тасқа салынған тарихи сурет елестейді көзімізге.
Бүгінде, дүниежүзінде тарихи-мәдени мұраларға қызығушылық артқандықтан, мәдени саяхаттар күрт дамуда. Тасқа салынған суреттер саяхатшыларға бәрінен де қызықтырақ, себебі, олар басқаларына қарағанда анық көрініске ие болған. Қазақстандағы ашық аспан астында орналасқан «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық мұражайына еліміздің түкпір-түкпірінен туристер толассыз келіп жатады. «Таңбалыда» тек жартас суреттері ғана емес, сонымен қатар, жерлеу орындары мен тұрақтар да туристердің қызығушылығын тудырады. Бұл түп-тамыры тарих пен әдебиетке келіп тірелетін мәдени орындардың адамзат санасына оң әсерін тигізіп жатқанын көрсететін болса керек.
Әлемге әйгілі «Таңбалы» қорық -музейі Алматы облысы, Қапшағай қаласы, Іле өзені маңындағы Ұлы дала өркениеті «Таңбалытас» жартас өнері ескерткішімен толықты. Оны бабамыздың тасқа жазған шежіресі, мыңжылдық аманаты, ұлы дала галереясы, туризмнің орталығы деуге болады. Мұндағы үлкен тастар мен жартастарда Будда және Бұрхан бейнелері ойылып салынған. Халқымыз қаншама қоғамдық дәуірді, алмағайып шапқыншылық заманды бастан өткізсе де төл мәдениетіміз – қазақ ауыз әдебиетінің арқасында, даламыздың кеңдігіне қарамастан қаймағы бұзылмай сақталып, бүгінгі күнге жетті. Ел-жұрттың, туған өлкенің тарихы мен әдебиеті, өнері, мәдениетімен, түйіндеп айтқанда, барлық өмір саласымен кеңінен танысып, оның қыры мен сырын көкейге түйетін жер бұл. Қазақ даласындағы тарихи мұралар – өткен ұрпақтың өнегелі ізінен қалған аманаттар іспетті.
«Таңбалытас» тарихына тереңірек үңілсек, кезінде осы киелі орында әр дәуірде өмір сүрген хандар дәстүрлі кеңес-жиындарын өткізіп, таңба үлестіріп отырған. «Таңбалытас» жайлы мәліметтер мен пікірлер ертеректе осы жерде болған ғалымдар, жазушылар мен саяхатшылардың жазба деректерінде де айтылған. Мәселен, Ә.Марғұлан өз жазбаларында «Қазақ сахарасындағы мәдениеттің жарқын бір түрі – тарихи дәуірлерде осы арнаны қоныстанып келген тайпалардың тас бетіне жазып қалдырған белгілері» депті.
Ә. Марғұланның пікірінше, «Таңбалытасты» ең алғаш 1840 жылы зерттеген ресейлік ғалым А.И.Шренк: «Таңбалытастың» зор атаққа ие болуының себебі, бұл жерде қазақтар ұлы мереке жасап, ұран шақырып, бір ел болып қосылған жер» дейді. Сондықтан бұл тасты көп ғалымдар «тарихтың зор куәлігі» деп атаған» депті. Ол әрбір тайпаны белгілі бір аймаққа орналастырып, қыс қыстайтын, жаз жайлайтын өлкелерді анықтайды, өздеріне таңба бөліп береді. Суармалы егін салу үшін өзен бойларын тәртіпке түсіреді. «Таңбалытастағы» көп таңбалардың мәні осында. Қазақ халқы ғасырлар бойы тарихи даму барысында көптеген әдет-ғұрпы, тілі, діні бір туыстас ру-тайпалардан құралып, халық болғандығы байқалады. Қасиетті «Таңбалы тас» бабаларымыздың сан ғасырлық ұлтты қалыптастыру жолындағы қажымай-талмай күрескен ерлік ісінің жемісі. Әлемнің тоғыздан бір бөлігіне тең, сарқылмас бай қазыналы өңірді ұрпағына мирас етіп қалдырған бабалар рухына борыштар екенімізді әрдайым ұмытпай, олардың рухын мәңгі қастерлеу келешек ұрпақтың қасиетті борышы болмақ. Бүкіл қазақ әлемінің, тіптен барлық түркі дүниесінің тарихи-шежіресінің бастау алатын қайнар көзі – осы Нұраның Қаратұзындағы «Таңбалытас» десек дұрыс болатын сияқты. Әр дәуірде өмір сүген қазақ хандары мен игі жақсыларының бас қосып ақылдасып кеңес құрған, әз тұтынып, тәу ететін киелі, бойтұмары болған орын – «Таңбалытасқа» бүгін ерекше қамқорлық қажет.
Мәдени мұралар адамзаттың ғасырлар бойы жинаған рухани байлығы, тарихы, шежіресі десек, біздің тарихи-мәдени мұрамыздың тамыры тереңде жатыр. Ол ұлттық болмысымызда, салт-дәстүрімізде айқын көрініс тапқан. Ұлттық менталитетті, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық сана, дүниетаным, салт-дәстүр, рухани материалдық байлықты, жалпы ата-баба мұраларын келешек ұрпаққа дәріптеу – біздің басты мақсатымыз. Құнды мұраларымызды сақтап, оның өміршеңдігін қадағалау қай-қайсысымыздың да ұрпақ алдындағы борышымыз.
Ортағасырлық «Таңбалытас» археологиялық ескерткіштерін бұдан әрі қорғау, сақтау, насихаттау және мониторниг жүргізу, зерттеу жұмыстарын жалғастыру «Таңбалы» қорық-мұражайының негізгі мақсаттарының бірі. Олай болса, осындай рухани азық, жаныңа жігер, рух беретін мәдени ошақтардың ғұмыры ұзақ болғай!
Мәншүк ШАҒАТАЕВА,
«Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық музейінің кіші ғылыми қызметткері.