Тәуелсіз мемлекетіміздің болашағы – жастар. Ел мен жұрттың тілеуі мен тілегі де жас ұрпақ. Күнге қарай бой түзеп өсіп келе жатқан жастардың білімді, білікті, бір-бір мамандық иесі болып, үлкен өмірге бір-бір кірпіш болып қаланғаны абзал. Міне, сол үшін де мынау жарық дүниеге келген әрбір жас бойына біткен қабілет-қарымына қарай білім алып, жүрек қалаған кәсібімен айналысып жатса, соған негіз қаланып жатса, үлкен жақсылық деп бағалаймыз.
Кеген ауданындағы Жалаңаш ауылынан мектеп қабырғасындағы жас ұрпақты түрлі іске баулитын, өнер мен шығармашылығына, кәсібіне негіз қалайтын орталық ашылды. Бұл өз тұсындағы оқу-өндірістік комбинаты негізінде жүзеге асырылған игілік. Техникалық. шығармашылық және кәсіби бағдар беру орталығының ашылуына тәжірибелі басшы, іскер ана Бақытгүл Ұзақованың үлкен еңбек сіңіргенін айта кетуіміз керек. Аталған орталық өз жұмысын бастады. Аудан аумағындағы 15 мектеп негізінде 91 үйірме ашылып, оған 1104 дарынды, қабілетті шәкірттер тартылыпты. Оқушыларға жалпы 41 мұғалім шығармашылық саласы бойынша білікті мамандар дәрісін беруде.
–Бақытгүл Сатынбайқызы, көптің қуанышына айналған шығармашылық орталықты ашуға не себеп болды? – деген сұрақ қойдық.
–Рас, Жалаңаш оқу-өндірістік комбинатын 1990 жылдардан кейін 2007 жылға дейін жабылып қалудан сақтап, қосалқы шаруашылық жүргізу арқылы қаражат көзін тауып, соны құрастырып отын өшірмедік. 2008 жылдан бастап қайта құрылды. Соңғы жылдары тағы да жағдайы қиындап кетті. Сосын көп ойландым. Тек кәсіпке баулу бағытында ғана жұмысымыздың жақсармайтынын білдім. Сол үшін жолын қарастырдым. Ауданымызға облыс әкімі келген кезде арнайы қабылдауына кіріп, қосымша білім беру туралы заңға сәйкес оқу-өндірістік комбинатын жас ұрпақты кәсіпке ғана дайындап қоймай тұла-бойларындағы талап көздерін ашуға, шығармашылықпен айналысуларына негіз қалайтын орталыққа айналдыру туралы жоспарымды айттым. Облыс әкімі мені қолдады. Сосын облыстық білім басқармасының да қаулысы қабылданды. Сөйтіп, мақсатымыз орындалды.
– Қазір талапты жастарға қандай бағыттарда дәріс беріп, талабын ұштап отырасыздар?
– Бес бағытта жұмыс жүргізуді қолға алдық. Нәтижесі жаман емес. Техникалық бағыт бойынша жоғары сынып оқушыларын «көлік жүргізу» мамандығына дайындаймыз. Өңіріміз туризмның бір Отаны болғандықтан, осы саланы қолға алдық. Бұл – өлкетануға арналған дүние. Жас орманшыларымыз болады. Жас бағбандар, гүл өсірушілер, осы бағытта көркемдеуші дизайнерлер қалыптастыруға негіз қаланады. Көркемдік және эстетикалық бағытымыз бар. Сәулетшілер, дизайнерлер, компьютермен жұмыс жасайтындар, көркемсөз, тіл шеберлерін дайындауға арна салынады. Сәндік-қолданбалы өнер бағыты бойынша ұлттық бағытта, нақышта жұмыс жасайтын тігіншілерді, суретшілерді, мүсіншілерді дайындауға ықпал жасаймыз. Кәсіптік бағыт-бағдары бойынша аспазшылар, шаштараз, сұлулық салондарында еңбек ететін мамандарды қалыптастыруға негіз қаланады.
–Бұл үшін білікті әрі кәсіби мамандар тартылатын болар?
– Әрине, онсыз болмайды. Бұрын оқу-өндірістік комбинат кезінде 24 мұғалім оқушыларды кәсіпке ғана баулитын. Ал қазір бізде аталған бес бағыт, неше түрлі өнер, шығармашылық салалары бойынша 41 мұғалім, кәсіби мамандар жұмысқа алынды. Мұғалімдеріміз аудан аумағындағы әр мектепте дарынды, талапты, іске, өнерге, кәсіпке икемді шәкірттерімен жұмысын жүргізіп келеді. А. Түркебаев атындағы орта мектептен робототехниканың маманы Мұнарбек Мелатұлын, суретші, мүсінші Болат Сәрсенбайұлын, мүсін өнерінің кәсіби шебері Ержан Қожахметұлын, Қарқара орта мектебінен робототехника маманы Әсет Сүлейменді, кондитер, тағам саласының маманы, технолог Үміт Мәмбетәліқызын, сұлулық салонында жұмыс тәжірибесі бар жандарды жұмысқа қабылдадым, – дейді Жалаңаш техникалық, шығармашылық және кәсіби бағдар беру орталығының директоры Бақытгүл Ұзақова.
Міне, осылайша Кеген ауданында өсіп келе жатқан жас ұрпақты түрлі кәсіпке, өнер әлеміне жетелейтін, талаптарын шыңдайтын, болашақтарына жап-жақсы бағыт-бағдар беретін орталық ашылып, жұмысын жалғастырып келеді. Оның салтанатты ашылуында облыстық білім басқармасының тапсырмасымен жер-жердегі оқу-өндірістік комбинаттардың басшылары қатысып, тәжірибе алмасып қайтыпты. Шын мәнінде, аталған орталықтың жұмысы өзгелерге үлгі ретінде ұсынылып отыр. Біз де ҚР Білім беру ісінің үздігі, Райымбек, Кеген аудандарының Құрметті азаматы Бақытгүл Ұзақова бастаған орталықтың кәсіби мамандарына, шығармашылық ұжымына жемісті еңбек тіледік. Орталықтың мерейін өсірер, мәртебесін биіктетер дарынды, талапты шәкірттері көп болсын деген ниеттеміз.
Суретте: ҚР Білім беру ісінің үздігі, Райымбек, Кеген аудандарының
Құрметті азаматы, Жалаңаш техникалық, шығармашылық және кәсіби бағдар беру орталығының директоры Бақытгүл Ұзақова.
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Кеген ауданы.