Тәрбиелі ұрпақ тәрбиелеу – білімді, жан-жақты тәрбиешілердің еншісінде екенін ескерсек, ең бірінші кезекте өзгерістер солардан басталуда. Нақтырақ айтқанда, бүгінде тәрбиешілердің ұйымдастыру жұмыстарында әдіс-тәсілдер көбейіп, жаңарып, толығып жатыр. Осыған байланысты бүгінде аудандық білім бөлімінің бастамасымен өңіріміздегі мемлекеттік балабақшаларда өз тәжірибелерімен бөлісу мақсатында жекеменшік балабақшаларының тәрбиешілерінің қатысуымен ауқымды семинарлар өткізілуде.
Күні кеше осындай семинар орталығымыз Қаскелең қаласында орналасқан «Ерке-Нұр» бөбекжай-балабақшасында ұйымдастырылды. «Мектепке дейінгі ұйымның білім беру процесіндегі ойын технологиясы» тақырыбында өткен шараға бұл жолы 30-дан астам жекеменшік балабақшаның тәрбиешілері қатысты.
– Қазіргі уақытта балабақшаларда балаларға білім беруді жеңілдету, нақтырақ айтқанда, оларға жаңа ақпаратты жаңа әдістермен, ойын түрімен жеткізу алдыға қойылып отыр. Осыған орай біздің ауданымыздың барлық мемлекеттік балабақшаларында қазіргі уақытта жекемекшік балабақшаларының тәрбиешілеріне арналған семинарлар өтілуде. Оның барысында тәрбиешілер өзара білім алмасып, өз тәжірибелерімен бөлісуде, сондай-ақ, ақпаратты балаға әртүрлі қызықты ойындар арқылы жеткізуді үйренуде, – дейді аудандық білім бөлімінің әдіскері Ләйлә Раймова.
Шараның негізгі бөлімі басталмас бұрын алдымен балабақшаның педагог-психологы Малика Жомартқызы шараға қатысушылар өздерін емін-еркін сезу үшін олармен «Тамаша көңіл-күй әлемінде» атты тақырыпта психологиялық ойындар ойнады. Нақтырақ айтқанда, психолог тәрбиешілерге «қол алысу», «артқа сурет салу», «релаксация», «би билеп, ән айту» сияқты ойындарды ойнатып, оларға жақсы көңіл-күй сыйлап, семинар кезінде еркін жүруге, жаңа ақпаратты оңай қабылдауға көмек көрсетті.
Балалардың ойын бірлестіктерін нығайту, өз әрекетінің серіктесінің іс-әрекетімен үйлестіре білуді дамытуды мақсат еткен семинардың негізгі бөлімінде мектепалды даярлық «Бүлдіршін» тобында «Сандықты әшекейлейміз», «Мақтаныш» тобында «Металл мен ағаш қасиеттерімен танысу», «Балдәурен» тобында «Я познаю мир. Дни недели. Части суток», «Үміт» тобында «Зимние забавы» тақырыптарында үлгілі оқу қызметтері ұйымдастырылды. Оның барысында балалар роботтандырылған құралдармен, «иохукуб» деп аталтын арнайы кубиктармен қалай жұмыс жасайтындықтарын көрсетті. Арнайы екі топқа бөлінген тәрбиешілер сабақтың барлығына қатысып, ойын арқылы балаларға ақпарат берудің жаңа әдіс-тәсілдерін көріп, өздеріне қажетті тәжірибе жинады.
Мұнан кейін тәрбиешілер музыка залына жиналып, балабақша әдіскері Турсынкул Айдарова мектепке дейінгі ұйымда ойын технологиясын қолдану тақырыбында дайындаған презентациясын тыңдады.
Жалпы семинар барысында өзге бөбекжайлардан келген тәрбиешілер аймақтағы балалармен тиімді жұмыс жасаудың жаңа әдістерімен танысып, өзара тәжірбие алмасып, ойларын ортаға салды.
Әлеуметтік белсенді жеке дара баланы қалыптастыру және жетілдіру, балалардың ойын бірлестіктерін нығайтуға бағытталған семинар соңында оған қатысқан тәрбиешілер Ғалия Аширбаева басқарған балабақша ұжымына алғыстарын білдірді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.