Осы аптаның алғашқы күнінде аудан әкімі Жандарбек Далабаевтың үшінші есептік кездесуі Бірінші Май ауылдық округі тұрғындарымен жалғасты. Аудан басшысының есебін тыңдау үшін ауыл халқы Қайнар ауылындағы жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында жиналды. Әдеттегідей, қорытынды жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, бірқатар салаға жауапты бөлім мен халыққа қызмет көрсетуші мекемелердің басшылары қатысты.
Жиын барысында Жандарбек Ермекұлы алдымен 2019 жылы орын алған саяси жағдайлардан бастап, бір жыл ішінде тұрғындар тарапынан болған ескертулер мен ұсыныстардың барлығы назарға алынғанын сөз етті. Баяндама барысында аудан басшысы былтырғы жылы бірнеше салада жеткен жетістіктерді де тізбектей келе, олардың сандық көрсеткіштері бойынша да айтып кетті. Осы ретте аудан әкімі Жандарбек Далабаев ауданның 24 елді мекенін сумен қамтамасыз ететін «Қаскелең су жинақтау топтамасы» жобасының жұмысына да ерекше тоқталды. Сондай-ақ, бұл жоба жақсы қолға алынғанымен, біріншімайлықтардың пайдасына жұмыс істемейтінін де ескертті. Өз кезегінде аудан басшысы Қайнар және Бекболат ауылдары сумен толық қамтамасыз ету жағы облыстық бюджет тарапынан игерілген қаржы арқылы жүзеге асатынын айтып, биыл оның құрылыс жұмысы байқау нәтижесі бойынша басталуы жоспарда бар екенін түсіндірді. Бұл айтылғаннан бөлек, Қайнар ауылының тұрғындарын кәріз жүйесі де көптен бері алаңдатуда екен. Жандарбек Ермекұлы бұл өзекті проблеманы алға тартып, биыл аталған мәселе бойынша жұмыс басталады деп, халықты тек сабырлылықпен күтуге шақырды. Міне, осылайша аудан әкімі баяндама барысында көптің көкейінде жүрген бірнеше мәселеге қатысты ойын жеткізіп, басқа жағдайларға байланысты жұртшылықтың пікіріне құлақ асуды жөн санады.
Ұсыныс-сауалдарын білдіруші ретінде ауыл тұрғыны алдымен аудан әкімінің былтырғы жылы берген уәдесі бойынша атқарған жұмысына ризашылығын білдіріп, округтегі мектептің жағдайына, бала санының артуына алаңдатушылық білдірген еді. Өз кезегінде аудан әкімі білім ошағы, расымен де, ескіргенін тілге тиек етіп, жаңа мектептің салынуына жер телімін қарастыратынын жеткізді. Ал, әзірге бала санының артуына байланысты осы білім ошағына 600 орындықты жапсаржай құрылысы мен күрделі жөндеу жұмысы жоспарда барын түсіндірді. Бұл айтылған мәселелердің қатарында ауылдастар тарапынан жарық, жедел жәрдем, мал жайылымына жердің қажеттіліктері де қозғалды. Аталғандарды аудан басшысы Ж.Далабаев тиісті бөлім мен мекеме басшыларына және округ әкімі Елдос Мұқатаевқа жүктеді.
Жиын соңында ауыл ақсақалдары Жандарбек Ермекұлының еңбектерін жоғары бағалап, ақ баталары мен ризашылық тілектерін білдірді. Ал, Қайнар орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сымбат Сүлейменова ауданда жүзеге асып жатқан игі істерді өлең жолдармен жеткізіп, аудан басшысына деген алғысын жеткізді. Осындай ризашылық тілектен кейін ауылшаруашылық ғылымының докторы, академик Виктор Әбілдаев есептік кездесу болып жатқан ғылыми-зерттеу институттың тарихына қысқаша тоқталып, бүгінгі күнге дейін жеткен жетістікті тізбектеп айтты.
Дидар МУХАМАДИЕВ.