Халық саны өсіп келе жатқан Қарасай ауданында инфрақұрылымды жаңғырту, жолдарды жөндеу, ауызсу жүйелерін қалпына келтіру және көшелерді жарықтандыру сияқты өзекті мәселелер күн тәртібінен түскен емес. Соған сәйкес тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған жүйелі де жоспарлы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.
Мәселен, таяуда ауданға қарасты Ұмтыл ауылдық округіндегі бірқатар көшелерде жалпы ұзындығы төрт шақырымнан астам жолға асфальт жабындысы төселді. Бұл жұмыстар аудан әкімі Жасұлан Естеновтің тікелей тапсырмасына сәйкес іске асырылды.
Жыл сайын аудан басшысы бекітілген кестеге сәйкес Қаскелең қаласы мен барлық ауылдық округтерде тұрғындармен тұрақты түрде кездесу өткізеді. Мұндай жиындарда бір жыл ішінде атқарылған жұмыстарға есеп беріліп, қана қоймай, жергілікті жұртшылықты толғандырған ең түйткілді сауалдар ортаға салынады. Аудан әкімі әрбір тұрғынның арыз-шағымы мен ұсынысына мұқият құлақ асып, оларды шешудің нақты тетіктерін айқындайды және округ әкімдері мен тиісті бөлім басшыларына тікелей тапсырмалар жүктейді. Ұмтыл ауылдық округінде таяуда жөндеу жұмыстары жүргізілген көшелер де соның нәтижесі.
Нақтырақ айтқанда, аудан әкімінің тікелей тапсырмасына сәйкес, Қарасай ауданының автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің тапсырысы негізінде округке қарасты бірнеше елді мекенде жалпы ұзындығы 4 шақырымнан астам жолға сапалы асфальт жабындысы төселді. Көлді ауылындағы Көктерек көшесінің 1030 метрлік және Балдәурен көшесінің 620 метрлік бөлігіне және Жалпақсай ауылындағы Керімбек көшесінің 830 метріне жаңа асфальт салынды. Сондай-ақ Алмалыбақ ауылындағы Үшқайың көшесінің 800 метр (1-суретте) және Бөлтірік би көшесінің 830 метр (2-суретте) аралығы тегістеліп, асфальт төселді. Бұл – тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің құр сөз күйінде қалмай, бюджет қаражаты мен мүмкіндіктерге орай кезең-кезеңімен шешімін тауып жатқандығының айқын дәлелі.
Ауыл тіршілігінде жолдан кейінгі ең маңызды әрі өзекті мәселе сапалы ауызсумен қамтамасыз ету. Бұл бағытта да Ұмтыл ауылдық округінде нәтижелі істер атқарылуда. Атап айтқанда, Жалпақсай ауылындағы Бекдайыр көшесінде тозығы жеткен су құбырын ауыстыру ісі сәтті жүзеге асырылды. 50 жылдан астам уақыт бойы үзіліссіз пайдаланылып келген бұл ескі су құбыры ұзақ жылдар бойы көше тұрғындарының басты бас ауруына айналған еді. Жиі орын алатын апатты жағдайлардың салдарынан құбыр әртүрлі қолжетімді материалдармен қайта-қайта жамалып, салдарынан үйлерге келетін су қысымы күрт төмендеп кеткен болатын. Бұл мәселе де аудан әкімі Жасұлан Тоққожаұлының жеке бақылауына алынып, тұрғындар өтінішіне қолдау көрсетілді.
Нәтижесінде, Ұмтыл ауылдық округінің су жүйесіне жауапты «Таусамалы Қызмет» мекемесі аталған көшедегі тозығы жеткен су құбырын толықтай жаңасына ауыстырды. Мұнымен қоса, тұтынылған судың есебін дәл жүргізу әрі ысырапшылдыққа жол бермеу мақсатында әрбір тұрғын үйге заманауи су есептегіш құралдары орнатылды. Қазіргі таңда су құбыры тартылған аумақ толықтай тығыздалып, қалпына келтіру жұмыстары аяқталуға жақын.
Одан бөлек түнгі уақытта тұрғындар мен көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттыру мақсатында Алмалыбақ ауылындағы әлеуметтік маңызы бар Жазылбеков көшесіне көше жарықтандыру бағаналары орнатылды. Жарық диодты шырақтарды орнатумен қатар аталған көшедегі жолдың шұңқырлары ағымдағы жөндеуден өткізіліп, қозғалыс үшін қолайлы жағдай жасалды. Бұл жұмыстар мұнымен тоқтап қалмайды.
Биылғы жылы Ұмтыл ауылдық округінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру мақсатында тағы бірнеше көшеде жарықтандыру жұмыстарын кезең-кезеңімен жүргізу жоспарланған.
Қарасай ауданында жүзеге асырылып жатқан бұл жұмыстар жергілікті билік пен халық арасындағы тығыз байланыстың жемісі. Алдағы уақытта тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер осылай кезең-кезеңімен шешімін табатын болады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

