Аудандағы тұрмыс-тіршіліктің дамуы, болашақтағы көркею жоспары мен экономикалық жетістіктерінен аудан тұрғындары хабардар болатын, олардың ұсыныс-тілектері тыңдалатын аудан әкімінің халықпен кездесуі жалғасуда. Бұл жолы Жамбыл ауылдық округінде аудан әкімі Жасұлан Естенов тұрғындармен жүздесті.
Жамбыл ауылдық округіне қарасты Батан, Жамбыл, Қошмамбет және Ұлан ауылының тұрғындары аудан әкімімен кездесу үшін Жамбыл ауылының орта мектебіне жиналды. Жиында тұрғындар өздерінің тілектері мен ұсыныстарын және мазалап жүрген сұрақтарын қойды. Бұл ауылдық округтегі шешілмеген шаруалардың бастысы ауыз су тапшылығы мен жол мәселесі еді.
Алдыңғы аптада басқа ауылдық округтерде өткен жиналыста аудан әкімі Жасұлан Тоққожаұлы ауыз су мәселесін шешу бойынша үлкен жоба дайындалып жатқанын атап өткен еді. Аудан басшысы Жамбыл ауылдық округінің тұрғындарына да осы жұмысты таныстырып, «Қаскелең су топтамасы» жобасы арқылы, алдағы уақытта қарасайлықтардың ауыз су мәселесі шешілетінін қадап айтты. Осыған байланысты одан кейін жолдың жағдайы дұрысталмақ.
Сонымен қатар, Жасұлан Тоққожаұлы Жібек жолы мен Алматы қаласы арасына тікелей қатынайтын қоғамдық көлікті іске қосу жоспарда бар екенін айтты. Аудан әкімінің айтуынша, жарық, газ секілді мәселелер өз ретімен шешіледі.
«Осыдан 10 жыл бұрынғы статистикаға сүйенсек, сол жылдарға қарағанда биыл халық саны күрт өсті. Яғни, екі есеге халық көбейді. Сондықтан су, газ, жарықтың жетіспеуі қалыпты жағдай. Әзірше біздегі бар ресурс арқылы тұрғындар күн көре тұруға мәжбүр. Өйткені, адамдарды медициналық көмек көрсететін және білім беретін орталықтармен қамтамасыз ету маңызды болып отыр. Сондықтан қазір қаржының көп бөлігі мектеп және медициналық көмек көрсететін орталық салуға кетіп жатыр», – деді аудан әкімі Жасұлан Естенов.
Жиын барысында халықтың көтерген мәселесі бір болғанмен де ең соңынан Жамбыл ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Анар Сүлейменованың мәселесі назарға алынды. Тұрғынның айтуынша, Жамбыл ауылындағы жаңа құрылыста балалар ойнайтын алаң жоқ. Ол жерде шамамен 70-тей тұрғын табан тіреген. Мұндағы ауыл тұрғындары бәрі бірігіп, өз қалталарынан ақша шығарып, екі сотық жерге ойын алаңын салмақшы. Бірақ сол жерге жиналған тұрғындардың қаражаты асфальт төсеуге жетпеген көрінеді. Жасұлан Тоққожаұлына осы ұсыныс айтылды. Ал өз кезегінде аудан әкімі тұрғындардың бұл қадамын қолдап, екі сотық жер теліміне асфальт төселіп, көмек берілетінін жеткізді.
Кездесу соңында ауыл ішіндегі тазалық мәселесі де көтерілді. Жамбыл ауылының маңындағы Қаскелең өзен суының айналасы жиі ластанатыны белгілі болды. Бұл мәселеге де аудан әкімі назар аударып, тұрғындарға түсінікті жауап берді.
Шұғыла ТЫНЫС.