Аудан әкімі Жандарбек Далабаевтың Елтай ауылдық округінде өткізген халық алдындағы кезекті есеп беру кездесуі облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ерғали Сыдымановтың қатысуымен өтті.
Есепті кездесуде аудан басшысы жергілікті тұрғындарға өткен жылы атқарылған жұмыстар жайында жан-жақты айтып, осы жылы назарға алынып отырған жоспарларымен бөлісті. Жалпы, баяндамада өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен 2019 жылдағы міндеттер кеңінен жеткізілді. Атап айтсақ, Елтай ауылдық округі биылғы аудандық бюджетке түскен 47,8 млрд теңге салықтың басым үлесін құрап отыр. Жарыссөзге шыққандар ауыл халқының атынан аудан басшысының атқарған жұмыстарын оң бағалап, түрлі салалар бойынша ұсыныстарын да жеткізді. Мәселен, Елтай ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Қалида Қосшығұлов өзінің ақ батасын берсе, келесі кезекте ортаға шыққан Елтай ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Қарашаш Нұртазаева жергілікті мекеніне 300 орындық балабақша салатынын айтты. Жармұхамбет ауылындағы мектептің мұғалімі Альфия Жамбылова жастар атынан сөйледі. Жарыссөз аяқталған соң, Жандарбек Ермекұлы жұртты мазалап жүрген көптеген сұрақтарға жауап берді.
Елтай ауылдық округін аудандағы ірі кәсіпорындардың басым бөлігі орналасқан аумақ ретінде тануға болады. Соның арқасында ауыл халқының көпшілігі мен басқа да округ тұрғындары жұмыспен қамтамасыз етіліп отыр. Бұл жайт халық санының күрт өсіп, өз кезегінде әлеуметтік мәселелердің пайда болуына да әкеліп соғуда. Яғни, тұрғындар тарапынан қойылған мәселелер ауыз су, газ, жол, жарық және медицина саласына қатысты болды.
Нақтырақ айтсақ, Жармұхамет ауылында 120 орындық мектепте бала санының артуы үшауысымдыққа әкеліп отыр. Аталған мәселеге байланысты Жандарбек Ермекұлы ол жерге 600 орындық жаңа ғимараттың жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалып жатқандығын айтты. Сол сияқты Көкөзек ауылына мектеп, стадион және дәрігерлік амбулаторияның қажеттілігі де сөз етілді. Бұған қатысты ауыл тұрғыны Сабырхан Құралбаев ауылдастарымен бірге 4,7 га жекеменшік жердің дайын тұрғанын айтып, осыған аталған нысандарды мемлекет тарапынан тұрғызып беруді өтінді.
Сондай-ақ, Елтай ауылында мектептің жоқтығы, Қаратөбе ауылына табиғи газдың қажеттілігі сияқты бірқатар мәселелер ортаға салынды. Аудан басшысы оны тиісті бөлім басшыларына тапсырма ретінде жүктеді.
Жиын соңында Жандарбек Ермекұлы айтылған мәселелер оңды шешімін табу үшін округ тұрғындарымен осы жылдың наурыз айының он бесінен кейін тағы бір кездесу болатынын айтты.
Бұрым ОРЫНБАСАР.