Бірінші желтоқсан – тарихта алғаш рет Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде сайлау өткізген күн. Осы сайлауда 98,2 пайыз дауыс жинаған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев азат қазақтың алғашқы Президенті болып сайланды. Бұл 1991 жыл болатын. Араға 20 жыл салып, 2011 жылы 10 желтоқсанда тұңғыш сайлау өткен күнді Тұңғыш Президент күні мерекесі ретінде атап өту туралы шешім шықты. 2012 жылдан бері мемлекеттік деңгейдегі мереке ретінде биыл алтыншы рет тойланады. Осыған орай, аудандық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен, «Сыныптастар сыры» атты кездесу кеші болды.
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өткен бұл шараға оның сыныптастары, замандастары қатысты. Музей директоры Серік Қалиев құрметті қонақтарды зор қошеметпен қарсы алып: «Тарихи орында ұйымдастырылған іс-шара өзгеше, болмысы бөлек. Себебі, біздің ортамызға Қазақстанның Тәуелсіздік алуына, егемен елдің аяғының нық тұруына ерен еңбек етіп, кемел келешек жолында стратегиялық бағдарламалар жасап, мақсаты айқын, міндеті зор тың жобаларды жүзеге асырған Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен бір сыныпта білім алған, ауылды көркейтуге атсалысқан ата-әжелеріміз келіп отыр. Бұл жай ғана кездесу емес, бәрі үшін тәлім-тәрбиелік мәні зор сыр-сұхбат кешіне айналары сөзсіз», – деді.
Тарихи мұралардың ортасына келіп, жастық шаққа ойша саяхат жасаған Елбасының Шамалған ауылында тұратын сыныптасы, апамыз Күләш Әмірова өзінің мектеп кезіндегі естеліктерімен бөлісті.
–Мен Нұрсұлтанмен Қаскелеңдегі Абай атындағы мектепте 10-сыныпта бірге оқыдым. Өте білімді болды. Математиканы, тарихты ерекше жақсы көретін. Ұйымдастырушылық қабілеті ерекше болатын. Жоқтан бар жасап, тығырықтан шығар жол тауып кететін. Қиындықтарға мойымайтын. Қай кезде де елгезек-тін. Сол кездің өзінде мектепте абырой-беделі жоғары болды. Спортпен де шұғылданды. Би билегенді де ұнататын. Ол кездің адамдары бір-біріне бауырмал болды. Біз әр уақытта бір-бірімізге көмектесуге әзір тұратынбыз. Сыныпта оқу үлгерімімізді көрсетіп тұратын тақта болатын. Ылғи беске оқитын мен бір күні «үш» деген баға алып қалдым. Дереу жаныма Нұрсұлтан жетіп келіп, «Күләш, мынауың не, ұят емес пе?» деді. Сөйтсем, тақтадан барлығының бағасын қарап, бақылап жүреді екен ғой. Ұялғанымнан, «үш те болса күш» деп қоямын, – деді ол кісі. Ал, «Елбасының Сыныптастары және Курстастары» ұйымының Алматы қаласы бойынша штаб бастығы Рая Ғарифқызы мен ауданымыздың ардагерлер төрағасы Сайлаубек Қыдырәлиев Елбасының балалық шағы мен мектептегі күндерінен қызықты әңгімелер айтып, жас кезінен-ақ мемлекет басшысының ұйымдастырушылық, іскерлік, даралық қасиеттерінің айқын көрініп тұратындығын әсерлі әңгімелеп, Елбасыдан өнеге алуға шақырды.
Жиын соңында сыныптастар дастарханның үстінде әңгіме-дүкен құрып, өткен-кеткенді еске алды, бір сәт балаға ұқсап, мәз-мәйрам болысып, көңілді отырды. Олар уақыттың қалай өте шыққанын сезбегендей, бір-бірімен қимай қоштасты…
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.