СДУ – еліміздегі ең жетекші, белгілі оқу ордаларының бірі. 1996 жылы ашылған бұл университет биыл ширек ғасырлық мерейтойын тойлауда. Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген білім ошағының 25 жылдығы өткен аптада гала-концерт түрінде атап өтілді.
Ауқымды өткен шараға ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі, СДУ-дің түлегі Бағдат Мусин, ҚР Білім және ғылым вице-министрі, осы университетің бұрынғы ректоры Қуаныш Ерғалиев, белгілі математик, ҚР ҰҒА академигі, аталмыш оқу ордасының оқытушысы Асқар Жұмаділдаев және Серік Абас-Шах, Зейін Әліпбек сынды белгілі журналистер арнайы қатысты. Одан бөлек, Сулейман Демирель университетімен серіктес, ынтымақтастық бағытында жұмыс атқаратын еліміздегі белді оқу орындарының ректорлары мен өкілдері құрметті қонақ ретінде келді.
Гала-концерттің басында университеттің іргетасы қаланған сәттен бастап бүгінгі күнге дейін жеткен жетістігі жайлы әсерлі бейнематериал көрсетілді. Бұл видеода ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия елінің 9-шы Президенті Сулейман Демирельдің жүздесуі және олардың қатысуымен оқу ордасының ашылуы баяндалды. Тарихтан сыр шерткен бейнероликтен кейін ҚР Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев сөз сөйлеп, министр Асхат Аймағанбетовтың құттықтау хатын оқыды. Ізгі тілектен кейін СДУ-дің ректоры Дәуренжан Гаиповты «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапаттаса, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай министрдің атынан оқу ордасының 30 оқытушысына Алғыс хаттарды табыстады. Одан кейін Қуаныш Ерғалиев өзінің атынан ыстық ықыласын білдіріп, бір кездері өзі қызмет еткен бұл университет қашанда қымбат екенін айтып, бұрынғы әріптестерін 25 жылдық мерейтойымен құттықтады.
Дәл осындай ізгі тілектің ізін басқа да құрметті қонақтар жалғап, жүрекжарды тілектері мен университет ұжымына естелік сыйлықтарын тарту етті. Игі шараның барысында патриоттық әндер шырқалып, өнерпаз студенттердің жанды дауыста айтқан әндері мен домбырада ойнаған күйлері жұртшылыққа паш етілді. Әсіресе, қазақ эстрадасының жұлдызы Ибрагим Ескендірдің орындауындағы «Көк тудың желбірегенін» көрермендер қосыла шырқағаны ерекше әсер қалдырды. Университет қабырғасынан құралған музыкалық топ та ерекше стильде Абайдың шығармасын және басқа да қазақ әуендерінен попури орындап, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Әлемге қазақтың атын шығарып жүрген «Алатау серілері» де өр рухты, әуезді әндерін арнады. Осындай тамаша концерттік нөмірлердің арасында құттықтау сөз кезегі де беріліп отырды. Атап айтқанда, бұл оқу ордасы Алматы қаласы мен Қарасай ауданын байланыстыратын білім ошағы болғандықтан аталған өңір басшыларының да ізгі тілегі оқылды. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың құттықтау хатын осы шаһарға қарасты Наурызбай ауданының әкімі Санжар Тағай оқыса, Қарасай ауданы әкімі Жандарбек Далабаевтың ыстық ықыласын оның орынбасары Дулат Сансызбаев жеткізді.
Бұл кеште СДУ-дің түлегі, әрі мақтанышы, еліміздің ең жас министрі Бағдат Мусинге де сөз берілді. Ол өзінің осы университеттің қабырғасында білім алғанын мақтанышпен айтып, студент кезіндегі қызықтарымен бөлісіп, оқу ордасына жарқын болашақ тіледі.
Университеттің 25 жылдығы осылайша гала-концерт түрінде, құтты қонақтардың шақыртылуымен ерекше форматта тойланды. Өткеннің жетістігі келешекке серпіліс болып, оқу ордасы ширек ғасырды артқа тастап, тарих бетін жаңартты!
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.