Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылғы 3 наурыздағы №826 Жарлығына сәйкес ауыл-ауылды аралап, апта сайын тұрғындармен кездесіп, халқының хал-ахуалымен жете танысып жүрген аудан әкімі Таңат Айдарбеков осы жолы ат басын Нұра ауылдық округіне қарасты Өстемір ауылына бұрды. Мұнда да айтылар ой, қордаланған мәселе аз болмағаны белгілі. Тұрғындардың айтар жанайқайы да бар.
Нұра ауылын Дәулетқұл көшесінің бойындағы трек пунктінің (опорный пункт) кұрылысына 80 497,5 мың тенге каржы бөлінді. Техникалық қадағалауға 2 608,0 мың тенге қарастырылды. Жұмысты орындаушы мердігер компания – «Азамат құрылыс» ЖШС. Қазіргі уақытта құрылысы салынып жатыр.
Тағы бір ауқымды жоба – Нұра ауылындағы №12 орта мектепті күрделі жөндеуі. Мекемеде жұмыстар басталды. Бөлінген қаржы – 1 млрд 10 млн тг. Жұмысты атқаратын мердігер компания – «Sheber Build» ЖШС. Қазіргі танда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Талғар ауданының әкімдігі.
Алғы сөзін аталған округтің әкімі Данияр Күнгей жылдық бюджеттен бастады.
– Салық түсімі бойынша 2023 жылдың жоспары – 46 млн 865 мың тенге болса, 2023 жылдың 3 тоқсанында орындалғаны – 55 758 869 тенге, пайыздық көрсеткіші 114%. Оның ішінде «төлем көзінен салық салынбайтын табыстардан ұсталатын жеке табыс салығы» бойынша 2023 жылғы жоспар – 6 млн 700,0 мың теңге, бүгінгі күнге 25395 149,1 теңге түсіп, 221,5% орындалды. Жеке тұлғалардың мүлкіне салынатын салық жоспар – 1 300,0 мың теңге, орындалғаны 949526,1 теңге, 73%. Елді мекендер жерлеріне алынатын жер салық жоспар – 1 млн теңге, 1 275 368,0 тенге түсіп, 127,5% орындалды. Жеке және заңды тұлғалардан көлік құралдарына салынатын салык жоспар – 33 млн 101 мың теңге, бюджетке түскені – 25 млн 725 мың тенге, 77% орындалды, – деп округ әкімі ақпармен бөлісіп, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасына 8 154 000 теңге бөлініп, Нұра және Туғанбай ауылына балалар ойын аланын орнату жұмыстары жоспарланғанын жеткізді. Айтуынша, екі ауылға балалар алаңын орнату үшін конкурс арқылы 6 269 760 тг каржы карастырылғанымен, жұмысты атқарушы мердігер компания ЖК «BAGDAR» белгісіз себептермен жұмысты орындаудан бас тартуына байланысты келісімшарт тоқтатылып, порталға қайта шығарылған.
Ал Туғанбай ауылына Чаймерденов көшесі бойынан тағы да қосымша балалар алаңын салуға 0,08 сотық жер беріліп, кұжаттары рәсімделді. Осы ауылдан ФОК салу үшін 1,350 га жерге қарастырылып, кұжаттары рәсімделген. Сонымен қатар Туғанбай ауылынан мектептің жанынан КАРТЕЛ байланыс торабын орнату үшін 0,02 соток жер беріліп, құжаттары дайындалған. Жақын арада құрылғылары орналастырылып, іске қосылды.
Өстемір ауылындағы Камарова көшесі мен Нұра ауылының Дәулетқұл көшесінің бойынан арнайы күрес залын салуға жер бөлініп, құжаттары рәсімделді. Сондай-ақ қазіргі уақытта күрделі жөндеу жұмысы қызу жүріп жатқан Нұра ауылындағы №12 орта мектеп қаңтар айында қалыпты жұмыс жағдайына оралатыны айтылды.
«Бәйдібек қалтарысының тұрғынымын. Бізге керегі – электр бағаналары. Кеше жарық жанғаннан бастап балалардың сабағын оқыту үшін қолшамдарды қоса жағамыз. Ал көшенің жарығы туралы айтпай-ақ қояйын. Сондықтан біздің аумаққа трансформатор қойып берулеріңізді сұраймыз. Данияр Күнгейұлына өтініш те жазғанбыз. Әне-міне деумен келеді. Жолымыздың да жайы жырғап тұрған жоқ. 9 жыл айтап жүріп қолымыз әрең жеткен балласты қазір барып көрсеңіздер сіздер таңқаласыздар. Оның сол жерге төселгеніне бір жыл да болған жоқ. Әрқайсысының өз көшесі бола тұра шаңын аспанға шығарып бүкіл ауыл малын сол жермен айдап өтеді. Келіп көріңізші деп ауыл әкіміне де айттық. Абылайға да айттық. Неге жұмыс істемейсіздер?» – деген Лауриа Қоңыратованы қоштағандар көп болды. Умарахон Дуссимметова, Адима Танекеновалардың да айтпағы – осыған ұқсас жағдайлар.
Мәселенің мән-жайын бағамдаған аудан әкім келесі жылы жоба жасалып, сараптамаға жіберіліп, ақша сұралатынын, сосын жаңа трансформатор қойып, бағаналар қойылатынын жеткізді. «Өлмегенге өлі балық жолығар» дегендей», қырқына шыдаған халық оған да шыдар. «Айтылған сөз – атылған оқ». Ендеше ет құлағымен естіп кеткен тұрғындар жанайқайын Т.Айдарбеков те жерде қалдырмайды деп сенеміз.
«Бір қызығы, тұрғындардың сөзінше, бұрынғы трасформаторды біреу ұрлап кетпесін», – деп үйге апарып қойдым деген осы округтің бұрынғы әкімі Сейтқұл Донбаевтың қылығы түнісіксіздеу көрінгені де рас.
Бұл ретте ауыл тұрғындарының мәселесіне қанық аудандық мәслихаттың депутаты Жәнібек Жұмабекұлы Талғар ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айбек Ақылжановтың ауыл тұрғыны айтқан трансформатор мен бағаналар жайынан хабары бар екенін айтып, олардың биыл қайта қойылатынын жеткізді.
Округ тұрғыны Темірхан Өміртаев жеткізген өзекті мәселе талайдың көкейінде жүрген көп сұрақтың жауабын білуге арналды.
– Өткенде кездескенде Бәйдібектегі тәртіп туралы, елдің жағдайы туралы Сізге егжей-тегжейлі айтқанмын. Бірақ қазір Сізден сұрағым келетіні мынау: «Біздің ауданда арыз жазсақ оған бір жылдан кейін жауап бере ме? Бәйдібекті ақпан айында су басып кетті. Мен сол кезде ауылдық округтің әкімі Даниярды және Ақтолқынды сағат 04.30-да ояттым. Бірақ 09.00-да келген Абылай деген азамат мені жағадан алып сүйреп: «Сен арақ ішіп алып, неге оятасың?» – деп қысым көрсетті. Ауылдың учаскелік полициясына арыз жаздым. Оған 3 айдан кейін жауап әрең келді. Одан кейін аудандық әкім аппаратына шағым жаздым. Оның жауабы осы айдың 11-де ғана қолыма тиді. Сонда барлығы 7 айда жауапты зорға алдым. Сосын Қонаев қаласы әкімдігінің адамдарына көрсеттім. Олар Президент әкімшілігіне жазыңыз немесе сотқа бер дейді. Ал ауылдық округте отырған қыздар біз оған жауап беруге міндетті емеспіз дейді. Енді қайда барып, кімнен не сұраймыз? Тіпті «Не пайда көргелі жүрсің», – деп өзімізді кінәлайды. Айтсак ауылдың жайын айтамыз», – деген ақсақал өз құқының аяқасты болғанына ашулы. Сондай-ақ ауыз судан таршылық көріп отырған тұрғындардың жайын айтып: «Бір көшеде 3-ақ үй арнайы тартылған құбырдан су аламыз. Егер ол көшеден 10-нан артық үй су алатын болса қысым жоғалады. Бәйдібекке су жүрмейді. Неге? Осының бәрін атқамінерлерге айтсаң «халық жауы» қылып алады…» – деп өздері тұрғындар тарапынан айтылған мәселеге дер кезінде жауап бермейтін атқамінерлердің атқарылған іске деген жауапсыздығы мен тұрғындарға деген қарым-қатынасының төмендігін тілге тиек етті.
Ауыл ішінің тазалығына көңілі толмаған аудан әкімі тұрғындарды күл-қоқыстарын арнайы мекемемен келісіп, ауыл ішінің тазалығына мән беруге шақырды. Бірақ бұл турасында тұрғындардың да айтар өз уәжі бар болып шықты. Мәселен, А.Танекенова әкімдік тарапынан арнайы сенбілік ұйымдастырылса, оған шықпай қойған ешкім жоқ, тек ондай шаруаны ұйымдастыратын адам жоқ екенін ашық айтты. «Міне, Данияр Күнгейұлы өзі отырғай, өмірі жұмыс істемейді. Істей ме істесін, істемей ме орнын босатсын!» – деген талап қойды. «Ертең-ертең» деген жауаптан жалыққан халықтың жан ашуын түсінуге де болады. Өйткені сан сауал қойып, нақты бір жауап ала алмайтын, айтқан сөзі далаға кетіп, естір құлаққа жетпейтін халық барар жер, басар тау іздеп шырылдап отыр.
Сонымен қатар тағы да сол зират мәселесі көтеріліп, қайтқан адамдарды жерлегенде де белгіленген орынға белгілі бір тәртіппен қойылса деген тілек айтқан тұрғындар орайын тауып Ораза айтта, Құрбан айтта жиналған пітір-садақаның есебінен болса да зират аумағын қоршап берсе деген ниетте. Өйткені қайтқан адамды әркім қалаған жеріне жерлеп, ашық-шашық жатқан аумақты мал жайылып айран-асырын шығарғанына наразы жұрттың бұл тілегі де орынды. «Бұрын адам қайтқанда мен әкімдікке телефон шалып, жерді ЖКХ-ның жігіті барып көрсететін. Қазір ол да жоқ. Жақында бір адам қайтып оған орынды мен көрсеттім. Сонда бұл не болды? «Айдай салдан аз өлді, көре салдан көп өлдінің» керін киіп отырмыз. Әркім білгенін істеп, қалаған жеріне қайтқан адамын қоя берсе не болады?» – деген ақсақалдың да айтқанының жаны бар. «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген аталы сөзге тоқтаған халықтың көтеріп отырған бұл мәселесі де сөз жоқ маңызды.
Бұл жиында жоғарыда аталғандардан бөлек қоғамдық көліктің, жолдың, жарықтың, мектеп пен балабақшаның т.б. қордаланған көп мәселе айтылып, осының бәрі мәмілемен шешілсе деген ниеттегі тұрғындардың бар үміті аудан әкімінде. Апта сайын ауылдарды аралап, елмен бетпе-бет кездесіп жүрген аудан әкімі де бұл мәселеде үнсіз қалмайды деген үмітпен тарқасқан халықтың айтқандарының бәрі ойындағыдай шешілер дегенге сенімі аз. Өйткені осыған дейін де «Күлтөбенің басында күнде жиын» болғанымен, қордаланған мәселелері көңілдегідей шешіле қоймаған соң, атқамінерлерге деген сеніміне селкеу түскен бе, жиылған жұрттың да қарасы аз, сөйлегені санаулы.
Ауылда балабақша жоқ екенін жеткізген Рая Мұхамеджанова осы күнге дейін алданып келе жатқанына қапалы.
– Мен бармаған есік қалмады. Осы мәселені көтеріп жүргенімі қанша болды, 3-4 әкім ауысты. Ауданға дейін бардым. Алдағы 5-10 жылдықта балалар тағы көбейеді. Мәжбүрлікпен 4-5 баланы үйде бағамын. Ол дұрыс емес, бірақ амал жоқ. Ауылға ең болмаса 75-80 балаға арналған балабақша салғызып берсеңіз. Өзім үшін емес, ұрпақ қамы үшін сұрап жүрмін… Сосын мына мектеп қазірдің өзінде тарлық етеді. Ауылымызға жаңа мектеп те керек, – дейді күйінген кейуана.
Нұра ауылдық округінің атынан сайланған аудандық мәслихаттың депутаты Жәнібек Туғанбаев көтерген мәселеге құлақ түрейік. Ел атынан сөйлеген депутаттың жеткізге мәселесі де елді елең еткізгені анық.
– Біріншіден, халықтың айтып отырған мәселесінің көбі орынды. Туғанбайда болған жиналыста ауыл әкіміне 2 тапсырма бердіңіз. Бірінші, электр жарығын, екінші су құбырын қосып бер, 10 күнде дедіңіз. Сонда мен 10 күнде үлгермейді дем айтқам. Бірақ Данияр Күнгейұлы 1 ай беріңіз деген. Сол жасалды ма? Одан бері 3 ай болды, ол жасалған жоқ. Екіншіден, «Бәйдібек» ықшамауданының мәселесі. Андас батыр көшесіне сол салынып жатқанда әкімге Нұра ауылының үстінен келе жатқан арықты қазып беріңіздер деп тапсырма бергенсіз. Өкінішке орай, ол да айтылған күйде қалды. Міне, қазір жаңбыр жауып жатыр. Салдарынан үйлерді су алып жатыр. Халықтың шулайтындай да, айқайлайтынындай да жағдай бар. Шыны айту керек, Данияр өз ауылымыздың адамы болғанымен, әкімшілік шынымен жұмыс істемейді. Ол рас. Бірдеңе болса автожол бөлімінің басшысы Асхат маған телефон шалады. Әкімдік телефон алмай жатыр, хабарын біліп берші деп. Үшіншіден, осыдан 2 ай бұрын ішкі істер департаментіне арыз жазғам. Мектептің артында 40 ағаш, оның ішінде мектеп аумағына кірмейтін 12 ағашты әкімдікте жұмыс істейтін Абылай деген азамат өзі кесіп, Байсеркедегі ағаш тілетін мекемеге кестіріп, оның қаражатын қалтасына салмақ болды. Ол сонда қалай мемлекеттік қызметші болып отыр? Өкінішке қарай, аудандық ішкі істер қызметінің басшысы келмепті, сол арызым әлі күнге тіркелмепті. Халық осының жауабын менен сұрайды. Мен не деп жауап беруім керек? Сондықтан сізден сұрайтыным, әкімшілікті жұмыс істету керек. Аудан әкімі күндіз-түні байланыста, ал ауыл әкімдігі жым-жырт. Кешкі 8-ге кейін қандай жағдай болса да біреуіне хабарласа алмайсың. 5 күн болды, Дулатта біреудің үйін су алып жатыр. Халық шулаған соң прокуратура мамандарымен барып қайттық, өкінішке қарай, су әлі ағып жатыр. 5 жерден су жарылған. «Асатай» жобасы мүлде дұрыс емес. Оразхан Қаспақбаев мырза, Сізге айтам. Төбеде тұрған су арнасының құрылғысын ой жерге апарып орнатты. Содан суды су сорғыштың қысымымен айдайды. Құбыр жарылмағанда қайтеді?! Ол күлетін нәрсе емес. 2014 жылдан бері қайда қарап отырсыздар? Төртіншіден, «Төле би» ықшам ауданына 3 көше салынайын деп жатыр. Тәнеке көшесінде бір адам тұрмайды. Жолын салып тастады. Жоба дұрыс жасалмаған. Оның үстіне ол 2021 жасалып қойған, сол көшені жасауға тағы да тапсырыс беріп қойғансыздар. Ал Алматы көшесі 2 300 м. 15 шақты ғана үй бар. Сол жерлерге ғана жол салынуы керек еді, түгел жасап тастады. Осындай жағдайлардан кейін халық наразы болмағанда, кім наразы болады?» – деп көптің көкейіндегі көп мәселенің бетін ашты.
Тек аудан әкім Таңат Айдарбековтің: «Қазақша айтқанда сүйектен өткізіп айттыңыз. Бұл жұмысты осы жігіттермен бірге істейміз немесе басқа адамдармен істейміз. Бүгінгі айтылған мәселенің бәрі хаттамаға енгізіледі. Бәрі жасалады, бірақ осы жылы емес. Мен келгелі бері бөлінген ақшаның жартысы осы округке бөлінген. Болашақта да, келесі жылға да қарастырамыз. Осы уақытқа дейін шыдап отырғандарыңызға да рақмет. Алда талай жұмысты бірге атқаратын боламыз», – деп халық қалаулысы.
Бүкіл ауылға тән тағы бір мәселе – қаңғыбас ит. Ол туралы айтқан жұртқа «сендерге Африкадан әкеп тастаған жоқ ол итті» деп әкімшілік адамдары күлгенімен, ауылдардың бір бас ауруы екені ақиқат. Қайсыбір итттің көбейіп кетпесін деп аңдып отыратын жайы бар дейсің халықтың?! Дер кезінде ауланбайтын иттердің барлық жерде қаптап кеткені сонша, құқы адамдардан ары қорғалатынын «біліп алған қуларға да бәрібір». Оның үстіне аудандағы ит аулайтын жалғыз бригаданың барлық ауылдағы иттерді ұстап, жайын жасап, кастрациядан кейін аяғын жерге тигізбей тасып жүретін де мүмкіндігі жоқ. Ал азабын тұрғындар тартады. Ит сілекейінде болатын құтырық ауруының вирусы қапқан адамның денесінде 9 жылға дейін сақталатыны туралы бір дәрігердің аузынан естіп едім, беті аулақ, ертең ит қапқаннан адам құтырса не боларын ойлаудың өзі қорқынышты. Оның үстіне иттің аты ит, қабарда адам таңдап жатпайтыны, ашықса адамдарға шабатыны тағы бар. «Ет сасыса тұз себесің, тұз сасыса не себесің?» дегендей, бар бәлені елге аударып езуге күлкі үйіріп кекеткендей болған атқамінерлердің қылығына әлде ызадан, әлде таңданыстан еріксіз езу тарттық. «Басы ауырмағанның Құдайменен іс жоқ» екеніне тағы да көз жеткендей.
Жанбота СҰЛТАНМҰРАТҚЫЗЫ.
Талғар ауданы.