Ауданымызға қарасты Шамалған ауылдық округіндегі «Ushkonyr» спорт кешенінде Алматы облысының мемлекеттік қызметшілерінің басын қосқан XV жазғы спартакиада өтті. Үш күнге жалғасқан жарыс 23 маусым – мемлекеттік қызметшілер күніне арналған еді.
Қоғам айнасы саналатын мемлекеттік қызметшілер арасында саламатты өмір салтын насихаттап, оларды спортқа баулу мақсатында өткен шараға арнайы қонақтар ретінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Ляззат Бейсеқұлова мен Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының Олимпиадалық спорт түрлері, спорттық резервтер және мемлекеттік қызметтер бөлімінің басшысы Ерболат Сарабеков шақырылды.
Жарысқа облысы әкімдігі мен қалалық, аудандық әкімдіктерден және орталық атқарушы органдардың 400 қызметкерлерінен құралған 16 команда қатысты. Қатысушылар спорттың 7 түрі бойынша бақ сынасты. Атап айтсақ, шағын футбол, волейбол, суда жүзу, қазақ күресі, үстел теннисі, бильярд және тоғызқұмалақ.
Спорттық бәсекеде командалар бар шеберліктерін салып, жеңісті қолдан бермеуге барын салып бақты. Қызу да тартысты өткен жарыстың нәтижесінде спартакиаданың барлық спорт түрі бойынша жалпы командалық есепте Алматы облысының мемлекеттік қызметшілері арасында І орынды Еңбекшіқазақ ауданының спортшылары иеленсе, ІІ орынды Кеген ауданы, ІІІ орынды Райымбек ауданының спортшылары еншіледі. Ал Алматы облысының құқық қорғау органдары қызметшілері арасында І орынды Алматы облысының төтенше жағдайлар департаменті қанжығасына байласа, ІІ орынды Алматы және Жетісу облыстары бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті, ІІІ орынды Алматы облысының прокуратурасы жеңіп алды. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері медальдармен, тиісті дәрежелі грамота және кубоктармен марапатталды.
Айта кетейік, спартакиадада бірінші орын алғандарға 1 000 000 теңге, екінші орын алған командаларға 500 000 теңге, үздік үштіктен көрінгендерге 300 000 теңге ақшалай сертификаттар табысталды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.