Алматы облысының әкімі Амандық Баталов осы аптада Жетісу өңіріндегі бірқатар спорт мектебіне автокөлік кілттерін табыстап, осы салада еңбек етіп жүрген азаматтарды марапаттады.
Мәртебелі марапат пен сый-сияпаттардың барлығы Талдықорған қаласында өткен 2020 жылдың қорытындысы бойынша спорт саласының үздіктерін құттықтау сәтінде берілді.
Темір тұлпарға ие болған денешынықтыру-сауықтыру кешенінің арасында біздің ауданның «Úshqońyr» спорт мектебі де бар. Дәурен Төлеген басшылық ететін ұжымның осы уақытқа дейін атқарған еңбектері бағаланып, материалдық-техникалық базаларын жақсарту мақсатында шағын автобустың кілті бұйырды.
Санитарлық талапқа сай ұйымдастырылған шара барысында өңірдің спорт саласындағы жеткен жетістіктері жайлы бейнеролик көрсетіліп, жеңісті жолдары таныстырылды.
Облыс басшысы Амандық Ғаббасұлы бүгінгі таңда барлық жастағы азаматтар арасында бұқаралық спортты дамытуға баса назар аударылғанын айтып, осы мақсатта Қарасай және Ескелді аудандарында заманауи талапта денешынықтыру-сауықтыру кешендері ашылғанын да тілге тиек етті. Сонымен қатар, А.Баталов осы салада табандылық танытып жүрген спортшы жандарға ізгі тілегін білдіріп, үздіктерге өз атынан Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарын, арнайы дипломдарды және 300 мыңнан 2 млн. теңгеге дейінгі ақшалай сертификаттарды тапсырды.
Дәл осы күні спорт мектебінде тағы да бір қуанышты жаңалық орын алды. Кешенді басқаратын Дәурен Төлеген Алматы облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының атынан мерейлі марапатқа ие болды. Аталмыш басқарманың басшысы Нұрбақыт Теңізбаев (суретте) білікті басшының осы уақытқа дейін атқарған еңбегін жоғары бағалап, «Спорт саласының үздігі» төсбелгісін кеудесіне тақты.
Осылайша, бір күнде ауданымыздың абыройын арттырып жүрген «Úshqońyr» спорт кешенінің мерейі үстем болды. Жетістіктеріңіз еселене берсін дегіміз келеді.
Дидар МУХАМАДИЕВ.