Мемлекет басшысының республика судьяларының алтыншы съезінде берген тапсырмаларының бірі – азаматтардың сот төрелігіне кеңінен қол жеткізуін қамтамасыз етіп, сот жүйесінің жұмысына қазіргі заманғы ақпараттық технологияларды кеңінен енгізу мәселелері. Осыған орай, Жоғарғы Сот 2014 жылы «Сот кабинеті» сервисін іске қосты. Бұл электрондық жоба өзара іс-қимыл арқылы сот ісін жүргізуді жеңілдетуге, сондай-ақ, сот жүйесінің анықтығын, қолжетімділігін қамтамасыз етуге және жедел жұмыс істеуіне бағытталған болатын. Осы аталмыш бағдарламаны азаматтарға кеңінен жеткізу үшін өткен аптаның жұма күні аудандық соттың ұйымдастыруымен, халыққа қызмет көрсету орталығының инспекторларымен басқосу өтті.
Онда аудандық сот төрағасы Мади Көшікбаев «Сот кабинеті» мобильді қосымшасының барлық маңызды тетіктерін түсіндіріп, нақтылап өтті. Атап айтқанда, бұл бағдарлама азаматтарға сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы талап-арыздарды, апелляциялық шағымдарды, өтініш хаттарды электрондық құжат нұсқасында беруге, мемлекеттік БАЖды интернет арқылы немесе пайдаланушы үшін қолайлы басқа орындар арқылы онлайн-режимінде төлеуге мүмкіндік береді екен. Яғни, үйде отырып, ғаламтор желісі арқылы өз жұмыстарын бітіруге мүмкіндік алады. Сонымен қатар, аталмыш қосымша 2016 жылдан бері пайдаланушыларға жетілдірілген түрде қызмет көрсете бастапты. Оның құрылымы да өзгерген.
Бұдан бөлек, Мади Жаубасарұлы «Сот кабинеті» сервисін пайдаланушыларға оның мүмкіндіктерін, яғни, осы сервистің адвокаттардың, судьялардың және сот мамандарының тиімді жұмыс істеуіне, азаматтардың құқықтық мәдениетінің артуына, азаматтардың өздерінің конституциялық құқықтарын қорғауына оң ықпал етіп отырғанын атап көрсетті.
Бақдәулет ТАЛИПОВ.