Ұлы Отан соғысы елімізге көп қайғы-қасірет алып келді. Осы орайда мен кішігірім қазақ ауылынан сол соғысқа аттанған жауынгерлер туралы айтқым келеді. Ол біздің Батан ауылы.
Соғыс деген аты жаман суық сөз. Біздің ауылдан 1941-1945 жылдар аралығында 100 адам Отан қорғауға қатысыпты. Соның ішінде 60 адам ұрыс даласында қалып, 40 шақтысы сауы бар, жаралысы бар, елге қайтыпты. Жаңағы 60 адамның көбі 17-18 жасқа жаңа толған, отау құрмаған жастар еді. Олардың ата-аналары қартайып қайтыс болған, ал жас жауынгерлердің артында ұрпақ қалмаған…
Біздің ауылдан соғысқа аттанғандардың бірі – Үсенбай Бақтиярұлы Тастанбеков. Үсенбай атамыз соғыс басталмай тұрып, қызыл армия қатарына 1940 жылы шақырылып, елдің батысында танк айдаушы болып қызмет атқарды. Үйге қайтатын уақытта неміс басқыншылары елге соғыс жарияламай басып кірді. Үсенбай атамыз соғыстың бірінші күнінен бастап фашистермен шайқасты. Алғашқыда жау екпіні күшті еді, шегінуге тура келді. Атамыздың бөлімшелері қоршауда ұрыс салды. Кеңес армиясы шегініп, атамыздың бөлімшелері қоршауда қалып ұрыс жүргізді.
Беларусь жерінде партизандармен бірлесіп көптеген фашист солдаттарының көзін жойды. Үсенбай атаның «Партизан күнделігі» деген кітабында бұл туралы жазғандары бар.
Олар қатты ұрыс жүргізе отырып, қоршаудан шығып, майданға қайта қосылды. Ұрыстың аты ұрыс, шығын болмай тұрмайды. Қаншама жауынгеріміз жат жерде қалды, хабар-ошарсыз кетті! 1943 жылы атамыз екі аяғынан жараланып, алты ай госпитальда жатып, ұрысқа жарамсыз болып ауылға қайтады. «40 жыл қырғын болса да, ажалсыз өлмейді» дегендей, ауылға екі балдақпен келіп, жазылған соң, еңбекке араласты. Көзі ашық, оқығаны бар Үсенбай атамыз колхозда жұмыс істеп, майданға тылда жүріп көмектесті, жеңісті жақындата түсті. Сауатты маманды кеңес өкіметі бағалап, партия, кеңес қызметіне шақырды. Жоғарғы партия мектебін бітіргеннен кейін, аудандарда газет редакторы болды.
Үсенбай атамыз өмірінің соңына дейін қаламын тастамады. 11 кітаптың авторы. Қазақ тілінің шынайы жанашыры. 1989 жылдан бастап ауданда «Қазақ тілі» қоғамын ашып, соны басқарды. Қарасай ауданындағы көптеген аралас білім ұяларына қазақ мектебінің мәртебесін алып берді. Ауданымыздағы жер, су, ауыл аттарына тарихи атауын қайтартқызды.
Ол кісіні біздің аудан емес, Алматы облысы білетін.
Тастанбеков Үсенбай атамыз Қазақстанның кұрметті журналисі, Алматы облысының және Қарасай ауданының Құрметті азаматы, көптеген орденнің иегері, абыз ақсақалымыз еді.
Үсенбай атамыз ауылымыздағы ҰОС жеңістің 70 жылдығын тойлауда болып, соған арналған ескерткішті ашуға қатысқан еді. Ал, 75 жылдыққа бір жыл қалғанда жүз жасап, бұл дүниеден өтіп кетті…
Бұл мақаламның атын «Соғыстың соңғы жауынгері» деп қойғаным, біздің Жамбыл ауылдық округінде соғыстан аман елге оралып, қайтыс болған соңғы жауынгер еді.
Үсенбай Тастанбековтың есімін ұрпақтары ескеріп жүрсін деп мәрмәр тасқа аты-жөні, туған және өмірден қайтқан жылы жазылды.
Жатқан жеріңіз жайлы болсын, ұрпағыңыз аман болсын, Үсенбай ата!
Амангелді ТОЛЫНБЕКОВ,
Жамбыл ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы.