Адамзат тарихындағы ең қасіретті майдандардың бірі – Ұлы Отан соғысы. Бейбіт заманның тыныштығын бұзған бұл қарулы шайқастың жеңісі оңайшылықпен келмеді. Қаншама батырлар құрбан болды. Сәбилер әкесіз қалып, ерін зарыға күткен жұбайлар жесір қалды. Алаңдаумен өткен аяулы аналарымыз ұлдарын жоқтады. Бұл алапат кезең еш ұмытылмайды. Осы бір соғыс жылдарында жауынгерлерді киім-кешекпен, азық-түлікпен, қару-жарақ сияқты қажетті заттармен қамтамасыз еткендердің қатарында әйелдердің бар екені айтпасақ та белгілі. Олар елден қалған қарттарына қарайласып, бала-шағаның қамын ойлап, майдандағы жақындарынан жырақ жүрсе де жеңіс туын желбіретуге зор үлес қосты. Сондай нәзік жандылардың бірі, Челябинск қаласындағы «Катюша» снарядын шығаратын зауытта істеген, Ұлы Отан соғысындағы екінші топтағы мүгедек – Фәтима Құрымбаева. 2014 жылы өмірден өткен кейуана 1949 жылдан бастап дәм-тұзы таусылғанша ауданымызға қарасты Абай ауылында тұрды. Сұм соғысты әлі күнге дейін санасынан өшірмеген әжеміз ескірмеген естеліктерін ұл-қыздары мен келіндеріне, немерелеріне айтып отырған екен. Ұрпақтары аяулы батыр ананы мақтан етіп келеді. Әсіресе, келіні Марғуа Құрымбаева енесінің ерліктері жайлы газет-журналдарда жариялануына үлкен ықпал етіп жүр Ол кісі газетіміздің редакциясына өзі келіп, апамыздың өмірбаянын бастан аяқ баяндап берді. Бүгінде күйеуінің ата-анасын өзіне жақын жан ретінде қабылдамайтын, сыйламайтын жас келіндер үшін Марғуа апамыздың бұл ісі көпке үлгі болары анық.
Фәтима Түлекбайқызы 1927 жылы 12 мамыр айында қазіргі Қарасай ауданының аумағында орналасқан Бірінші Май совхозында дүниеге келген. Биыл тірі болғанда бала шағасының ортасында мерейлі 95 жасын тойлап отырар еді. Оның балалық шағы 1932 жылы ашаршылық нәубетімен қатар келген. Сондай-ақ, жетімдіктің де дәмін ерте татқан. Әкесі халық жау ретінде ұсталып атылып кеткен. Ал анасы аштық жылдары балаларына тамақ таппаған соң төркіні Алатаудың арғы жағына, Қырғыз еліне, атанады. Жолда кетіп бара жатқанда қасқырға кезіккен анасы, алыс жолды көтермейді деп балаларын уақытша туысында қалдырды. Өздерін әзер асырап жүрген туысқандары кішкентай Фәтиманы балалар үйіне өткізген. Осылайша ол әкесінен өліп, шешесінен тірі айрылған жетім қыз атанады. Сол кездері балалар үйінде қайбір жағдай жақсы болды дейсің? Онда да қулығы жетіп, бергенді сақтап ішкен балалардың ғана көзі тірі қалды. Аман қалғандардың ішінде жас жеткіншек Фәтима да бар еді. Жетімдер үйінде туған-туысынан хабарсыз өскен оны 1941 жылы Өзбекстан жаққа, Кітап деген қалаға жібереді. Онда бір фабрикада тоқымашы болып жұмыс істеді. Тоқымашылықпен қатар оқуды да қатар алып жүріп, токарь мамандығын меңгерген. Ал, оқуын ойдағыдай тәмамдаған соң 1943 жылы Ресейдегі Челябинск қаласына барыпты. Онда мемлекеттік машина жасау зауытына жұмысқа қабылданып, атақты «Катюша» снарядын шығаруға ат салысады. Оның міндетіне снарядттарды құммен ысқылап тазалау жүктелген. Жастардың бәріне дерлік осындай қара жұмыс тапсырылған болатын.
Қолдары әбден үйкеліп, ойылып кеткеніне қарамастан, жеңіс үшін, елінің ертеңі үшін жасалып жатқан бұл шаруаны тыңғылықты орындауға тырысқан. 16 сағаттан жұмыс істейтін жас жеткіншектердің алақандары тілініп кеткенше көз ілмей жұмыс істеді. Дайын болған снарядтарды қабырғаға жинап қояды екен. Жан кешті жұмыс уақытында балалықпен бір-бірін қуып ойнап жүргенде снарядтар домалап бастарына түсіп, қатарлас 2-3 бала мерт болыпты. Фәтима апамыз, «Снаряд на голову упал чтоли?» деген -орыстың сөз тіркесі осыдан шыққан деп айтып отырады екен. Кейін кейіпкерімізді зауыттың басқа жұмысына ауыстырады. Онда снарядтарды құммен емес, арнайы ысқышпен тазалап отырған. Бір күні снаряд салынған жәшікті көтеріп келе жатқанда оқыс оқиға болады. Аяқ қолы ауыр жұмыстан әбден әлсіреген 16 жасар бойжеткен ауыр жәшікті игере алмай, айналып тұрған конвейерге құлап кетіпті. Дамылсыз іскен жатқан темір машинаны өшіріп үлгерем дегенше, жас қыздың бір аяғы темірдің астына кіріп кеткен. Жан-жағындағы жұмыскерлер бірден іштен тынып, дәрігердің келгенін күтеді. Медицинаның әлі де дамымай тұрған уақыты емес пе?! Спиртпен ысқылап, темір тақтайды жанына байлап берген. Дәрігерлердің тәжірибесі жоқтығынан жас қыздың сынған аяғын орнына келтіріп салып бергенімен, темір үгіткен сүйектері дұрыс бітпей, орнына келмей қалыпты. Ауыр жарақатынан соң екінші топтағы мүгедек атанады. Жазылған соң құр қол отырғанды жөн көрмей қайта жұмысқа кірісіпті.
Кейін соғыс аяқталған соң снаряд шығарудың қажеті болмай қалған. Осылайша зауытта жұмыс істегендердің барлығы туған елдеріне орала бастайды. Фәтима апамыз балалар үйінде өсіп, туғандары болмаған соң Челябинскте қалады. Қазақстанға аттанған құрбысы бір күні жеткенін баяндап хат жазады. Хатта: «Алматы қаласы қатты әсемденіп кеткен, көркіне көз тоймайды. Қысының өзі жаздай жылы, табиғаты тамаша, құстары сайрап, алманың иісі мүңкіп тұрады. Оның көптігі сондай, көшеде үзіп алып жей беруге болады. Тегін!» деп жазыпты.
Туған жеріне бұрыннан қайтқысы келіп жүрді ме, әлде, жазылған хат себеп болды ма Фәтима апамыз қасына тағы бір құрбысын ертіп жолға аттанады. Әр көлікке отырып, айға жуық уақытта қазақ жеріне аяқтары тиеді. Алматыға келген соң алдымен Киров атындағы әскери зауытта, ол жабылған соң, Дзержинский тоқыма фабрикасында жұмыс істеп, жатақханасында тұрады. Бір күні әріптес құрбысымен бірге «үйдің тамағын жеп қайтайық деп оның Абай ауылында тұратын ата-анасының үйіне келген. Сол жақта қағілез пысықтығымен көзге түскен Фәтиманы Дулат руынан шыққан Жамалкөз деген ауылдың сыйлы ақсақалы Рахымбай деген туысқан інісіне алып береді. Рахымбай Құрықбаев та әкесі халық жауы ретінде атылып, анасы аурудан қайтыс болған жетімдіктің дәмін әбден татып ағасының қолында тәрбиеленген. Болашақ жары да Ұлы Отан соғысының ардагері, социалистік Еңбек ері атағын иеленген екен. 1942 жылы соғысқа аттанып, Ашхабад, қаласында 6 ай оқуда болған Кенигсберг (қазіргі Калининград) қаласында фронтта болып, құрыстарға қатысқан. 1948 жылға дейін әскер қатарында жүріп, өз борышын толық өтеген соң елге оралған. Ауылдан келгенен кейін отбасы болып, Фәтима апамызды өзіне жар еткен. Рахымбай ата бейбіт өмірде Абай ауылындағы құс фабрикасында ұста болса, Фәтима апамыз тігін цехында жұмыс істеді. Соғыс жылдарынан кейін аз ғана халқы қалған қазақтар бір-бірін жақын тартып, ру сұрасып ата-тектерін есіне түсіре бастаған. Сол кездегі күндердің бірінде Шамалған ауылындағы Фәтима апамыздың нағашы ағасы Нүсіпбай «Абай ауылына балалар үйінде тәрбиеленген қыз келін болды» дегенді естіп, іздеп келеді. Бұл уақытта Фәтима апамыздың анасы да тірі екен. «Ат айналып қазығын табады», демекші Ресей асып Алтайдың ар жағынан шықса да анасымен жүздесу бұйырыпты батыр қызға. Осылайша елге сінген еңбегі, аққан тері анасының ай дидарлы жүзімен жолығып, қартайған шағында бірге болуды жазды.
Осылайша бір отбасының екі адамы, бірі елде, бірі түзде жүріп, ел болашағы үшін, халқының тыныштығы үшін күрескен. Балғын балалығы соғыс кезінде, жалынды жастық шақтары соғыс кезіне тап келген бұл отбасылық жұптың өмірлері көпшілкке өнеге болары анық. Рахымбай Құрақбаев 1991 жылы өмірден озды.
Жауды жайратқан «Катюша» снарядты шығаруға ат салысқаны үшін Фәтима апамыз мақтанышпен айтады. Сондықтан да «Катюша» әні Құрақбаевтар әуелетінің гимніне айналған. Балалары мен немерелері жиналған кештерде осы әнді бәрі қосылып айтады. Артында қалған ұрпағына бейбіт өмір сыйлап кеткені үшін оларды соңында қалған Күнсұлу, Баяхмет, Шолпанай, Сәкен, Бақытгүл есімді бес баласы үлгі тұтады. Осы әңгіменің жазылуына септігін тигізген Марғуа апамыз Баяхмет ағаның жары екенін айта кеткен жөн. Ал немере-шөбересі аяулы әжесімен, ардақты атасымен мақтанады. Үлкен кісіге біз де бар жақсылық тілейміз! Майдан кезіндегі ерен еңбегіне шексіз алғысымызды білдіреміз. Өнегелі өмір жолы көпке үлгі бола берсін дегіміз келеді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.