Ел тәуелсіздігінің мерейлі мерекесін атап өткен қарасайлықтар тағы бір жылды шығарып салды. Өткен Доңыз жылы ауданның тарихында жақсы жаңалықтарымен есте қалды. Барлық саланы табысты қорытындылаған ауданның экономикасы дамып, халықтың әл-ауқаты арта түсті. Енді, міне, ескі жылмен қоштасып, жаңа бір жылға қадам басқан аудан жұртшылығы жуырда Мәдениет үйінің алаңында жаңа жылдық бас шырша шамының салтанатты жағу рәсіміне жиналды.
Көркі көз тартар, шамдары жарқырап, әсем безендірілген алып шыршаның маңына топтасқан тұрғындар мен балалардың қуанышына аудан басшысы Жандарбек Далабаев та ортақтасты. Түрлі ойыншықтармен және сан алуан жарықпен безендірілген әшекейі мол шырша аудандық Мәдениет үйінің алаңында сән салтанаты келісіп, зәулім боп бой көтерді.
Шырша мерекесінде аудан әкімі сөз сөйлеп, қарасайлықтарды Жаңа жылдарымен құттықтады, 2020 жыл баршамыз үшін сәтті, халқымыз үшін қолайлы да берекелі жыл болсын деген мерекелік тілегін білдірді. Мұнан кейін Жандарбек Ермекұлы өз қолымен ауданның бас шыршасының шамшырағын салтанатты түрде жақты.
Түрлі түсті жарық шамдармен безендіріліп, сәні мен сымбаты келіскен шыршаның биіктігі жиырма екі метр. Алыстан менмұндалап, көрер көздің жауын алады. Мерекелік кеште ертегі кейіпкерлерінің бейнесіне енген жастар өнер көрсетіп, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сондай-ақ, орталық алаңға Аяз ата мен Ақша қар жұптасып шығып, шара көркін кіргізді. Жасыл шырша жанында аудан тұрғындары мен қонақтары жақсы әсермен мерекелік концертті тамашалады. Салтанаттың шырқау шегі от шашуға ұласты. Осылайша, Мәдениет үйінің алаңын әсем әуенге бөлеген мерекелік кеш көпшілікке тамаша көңіл-күй сыйлады.
Ескі жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп. Табалдырықтан аттаған Тышқан жылы табысты болғай!
Жаңа жыл құтты болсын!
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.