Қасиетті Рамазан айы қарсаңында ауданда тағы да бір мешіт ашылды. Құлшылық үйі – «Сақтаған ата» мешіті деп аталып, жаңадан ашылған ғибадат орны Үштерек ауылында бой көтерді. Оны салуға себепкер болған жеке кәсіпкерлер, компьютер және логистика салаларының мамандары Ержан Майлыбаев пен Нұржан Құрманәліұлы.
Әдемі салынған мешіт ауылдың көркін ашып тұр. Бұл аудандағы осымен отыз сегізінші Алланың үйі болып саналады.
– Мешіт – жердегі Алланың үйі, онда келген жамағат Алланың қонағы, – деп іс-шара басында «Қарасай батыр» мешітінің имамы Қуаныш Наржанов ең алғашқы болып сөз алды. Ол, сонымен қатар, хадистерде айтылғандай мешіт салудың сауабы үзілмейтінін тілге тиек етті.
Мұнан соң, ашылу салтанатында ауыл тұрғындарын аудан әкімі Махаббат Бигелдиев құттықтап, қасиетті Рамазан айы алдында мешіттің ашылуын жақсылыққа балады. Бұдан бөлек, бұл ислам дінінің қанат жайып, имандылыққа бет бұрған азаматтардың қатары өсіп келе жатқанын білдіретінін жеткізді. Сонымен қатар, мешітті салуға атсалысқан азаматтарға рахметін айтып, ризашылығын білдірді. Және өзінің арнайы сыйлығын, атап айтқанда, үлкен Құран кітабы мен Жаратушымыз бен Пайғамбарымыздың есімі жазылған картинаны табыстады. Ал, одан кейін ортаға шыққан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайлаубек Қыдыралиев те жаңа мешіттің ашылуымен үштеректіктерді құттықтап, оның елдің рухани дамуына өлшеусіз үлес қосатынын атап өтті. Қызыл лентаны қиюдың алдында жаңа ғибадат ету ғимаратының бас имамы болып сайланған Зиятхан қажы Бөрібаев Алла Тағаланың пендесіне тілегенін беріп, құр қол қайтармайтынын, мешіт жамағатының Жаратушы нұрына бөленетінін алға тартты. Бұдан кейін, ауылдың қадірменді ақсақалдары ақ батасын беріп, мешіттің лентасы қиылып, құлшылық үйінде алғашқы намаз оқылды.
Мешіттен шыққан соң барлығы Сақтаған атаның ұрпақтары жайған ақ дастарханнан дәм татып, алғыстарын жаудырып кетті.
Бақдәулет ТАЛИПОВ.