Бүгінде Қарасай ауданындағы медициналық мекемелердің көбі ескіріп, жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Осыған байланысты ауданда халық денсаулығын сақтауға баса назар аударылып, дәрігерлік бақылаудан тысқары қалған елді мекендерді болдырмауға қатысты нақты шаралар атқарылып жатыр. Мысалы, қазіргі уақытта Әйтей ауылдық округіндегі Үштерек ауылында 50 келушіге арналған жаңа дәрігерлік амбулаторияның құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Айта кетейік, бұған дейін ауыл тұрғындарына медициналық қызметті 1969 жылы ашылған фельдшерлік-акушерлік пункт көрсетіп келген. Оның ғимарыты сонау Кеңестер одағы кезінде салынғандықтан, әрі шағын болғандықтан, халыққа жақсы дәрежеде қызмет көрсетуге мүмкіндік жоқ еді. Оның үстіне талаптарға сәйкес, ФАП-та қызметкерлер саны шектеулі. Осы жылға дейін бұл мәселе айтарлықтай өзекті болып келген.
Ағымдағы жылы талай жылдар бойы жиналыстарда сан мәрте талқыланып келген мәселе өз шешімін тауып, халықтың қалауы орындалып, ауылдағы ескі фельдшерлік-акушерлік пунктінің орнына құны 618, 2 млн.теңге болатын 50 келушіге арналған жаңа дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталды.
Аталған құрылысқа тапсырыс беруші Алматы облысының құрылыс басқармасы болса, бас мердігер ретінде бүгінде ауданымызға қарасты Райымбек округіндегі Абай ауылында дәрігерлік амбулаторияны салып жатқан «Бауыр Құрылыс Компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бекітілген.
– Бүгінде ауданымыздағы медициналық мекемелердің біразына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет болып отыр. Осы бағыттағы жұмыстар жолға қойылды. Үш медициналық мекемелердің құрылыс жұмыстары басталып, тағы да бірнеше ауқымды жоба жасалуда. Үштерек ауылындағы амбулатория да соның бірі.
Жалпы ауылда дәрігерлік мекеме жоқ емес, бар, бірақ тым ескі еді. Алғашқы кезде ашылған ФАП 1500 адамға арналған еді. Алайда қазіргі уақытта онда 5000 -нан астам адам тіркеуде тұр. Сондықтан біз өз тарапымыздан осы мәселені облыс көлемінде көтердік. Нәтижесі жақсы. Келер жылдың көктем айында тұрғындарға жаңа амбулатория қызмет ете бастайды.
Қазір құрылыс жұмыстары жоспарға сай жүруде. Салынып жатқан дәрігерлік амбулатория 50 келушіге арналған. Жаңа нысанда бүтін бір ауылдың адамдары қаралатын болғандықтан, құрылыстың қарқынын өз тарапымыздан қатаң бақылауда ұстап отырмыз, – деді Қарасай клиникалық көп бейінді орталық аудандық аурухананың бас дәрігері Алмат Чорманов.
Бүгінгі таңда үш қабатты ғимараттың ең астыңғысы, яғни жер төлесінің іргетасы құйылып, қабырғалары тұрғызылуда. Жұмыстардың бастапқы кезеңіне 20-ға жуық құрылысшы жұмылдырылған. Алдағы уақытта жұмыс қарқынына сай тағы да жұмыскерлер тартылатын болады.
– Бұл нысанның құрылысын негізінде біз шілде айында бастадық. Жалпы бірінші жоспар бойынша оның жұмыстарын ағымдағы жылдың соныңда бітіруіміз керек еді. Алайда бастапқы жобаға өзгерістер енгізілгендіктен, оның үстіне ескі ФАП-тың ғимарытың бұзу жұмыстарын жүргізгендіктен, жұмысымыз біраз уақытқа тежелді. Сондықтан құрылысты келер жылы аяқтайтын боламыз. Қазіргі уақытта жұмыскерлер мен техника, қажетті материалдар жеткілікті, – деді құрылыс учаскесінің бастығы Вячеслав Шутов.
Бүгінде құрылыстың сапалы жүріп, өз уақытында пайдалануға берілуі облыстық және жергілікті әкімдік тарапынан кадағалануда.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.