Биылғы жыл ауданымыз үшін атаулы шараларға толы болды. Тарихы бай Қарасай ауданымызға 95 жыл болса, ауданның тарихын сақтаушысы Қарасай аудандық тарихи-өлкетану музейіне – 25 жыл.
Қарасай аудандық тарихи-өлкетану музейі ғимаратының тарихы ХІХ ғасырдан бастау алған. Орыс армиясының офицері Алексей Егорович Кудрин біздің өңірге алғаш қоныс аударғандардың балаларын оқыту үшін жеке мектеп ғимаратын салды. Бір ғасырдан кейін ғимарат жаңа мағынаға ие болып, тарихи-өлкетану музейіне айналды. Музей ғимараты сол кездегі шағын Любовинское елді мекеніндегі алғашқы үлкен ғимараттардың бірі болған.
1910 жылы Кудрин мектебі шіркеуге берілді, ал 1919 жылы бірінші деңгейдегі кеңестік еңбек мектебі болды, оның директоры З.И. Колчин еді. 30-жылдардың басында мектепке аудандық мектеп, ал 1937 жылы колхоз жастарының мектебі мәртебесі берілді.
1937 жылы Бүкіл ресейлік коммунистік большевиктер партиясы Қазақстан өлкелік комитетінің қаңтар пленумы халықтың ұлттық құрамын ескере отырып, қазақ және орыс мектептерін ашу туралы қаулы қабылдады. Осы қаулы бойынша 1937 жылы қыркүйекте колхоз жастар мектебі жаңа мәртебеге ие болып, қазақ орта мектебіне айналды. Бұл жерлесіміз Әбжан Байсалбаевтың бастамасымен Қаскелеңде ашылған алғашқы ұлттық мектептердің бірі еді.
Аталған білім шаңырағында 1945 жылы қазақтың ойшыл ақынының 100 жылдығына орай, ұлы Абайдың есімі берілді. Осы мектепті 1958 жылы бітірген 42 түлектің бірі – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Мектеп жаңа ғимаратқа көшкеннен кейін осы мектептің оқушыларына арналған мектеп-интернаты осында орналасып, 90-шы жылдарға дейін қызмет етті. Аталған білім ошағы жабылғаннан кейін ғимарат мұғалімдер мен жас отбасылар үшін жатақханаға айналды. Бұл – архитектуралық ескерткіш болып табылатын музей ғимаратының бұрынғы тарихы.
Музейдің тарихына келсек, 1999 жылдан бастау алады. Ол жылдары ауданда музей үйі болған жоқ еді. Осы ескі мектеп ғимаратын музейге айналдыру идеясы 1997 жылы қаңтарда Абай атындағы мектептің директоры Мұқанова Мария Хамзиқызы мен Президентіміздің ұстазы Исаев Сейтхан Ахметұлынан туындап, оны жүзеге асыру үшін Нұрсұлтан Әбішұлына арнайы хат жазған болатын. Сол жылы 15 мамыр күні Тұңғыш Президент Мария Хамзиқызы мен Сейтхан Ахметұлын Алматы қаласындағы резиденциясында жеке қабылдады.
Нұрсұлтан Әбішұлы құрметті қонақтардың ұсынысын құрметпен қабыл алып, лайықты ғимарат болса, жан-жақты көмек көрсететінін жеткізді.
Біздің құрметті ұстаздарымыз ескі мектеп ғимаратын сақтап қалу және аудандық музей ашу сияқты маңызды және басты мақсатты көздеді.
Осылайша ескі мектеп ғимаратына қайта жөндеу жұмыстары басталды. Қалпына келтіру жұмыстары «Дәулет Серпін-603» АҚ басшысы Серік Донбаевқа тапсырылды. Ал көрме залдарының ішкі дизайнын дизайнер А.Найманбаев ойластырған. Музейдің дер кезінде ашылуына және оның алдағы жұмысына қолдау көрсеткен Алматы облысының экс-әкімі С.Үмбетов, Парламент Мәжілісінің депутаты Ә.Тойбаев, ауданның экс-әкімі Б.Кұтпанов орасан зор үлес қосты. Құнды тарихи, көне жәдігерлерді жинауға облыс және аудан әкімдіктерінің қызметкерлері көп көмек көрсетті. Атап айтқанда, Т.Қосынов, Г.Жақыбаева, М.Қожанова, М.Қыстаубаев, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Д.Битуова, ардагер ұстаздар – М.Мұқанова, С.Исаев, тарихшылар, өлкетанушылар – Ө.Тастанбеков, А.Винниченко. , Н.Кириленко, Қ.Қосшығұлов, Қ.Әбдиев, А.Байғазиев, М.Жүйріктаева, В.Варлов.
Осылайша, бірлескен күш-жігердің арқасында 1999 жылы 30-шы тамызында ресми түрде музей ашылды. Бүгінгі күнге дейін халық игілігіне қызмет етіп келеді.
Музейдың алғашқы директоры Мария Хамзиқызы Мұқанова болған. Ол 1964 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын бітіріп, Абай атындағы орта мектепке пионер вожатый болып жұмысқа орналасқан. 1979-1999 жылдар аралығында осы мектептің директоры қызметін атқарды. 1999 жылдың 30 тамызында Қарасай аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры болып тағайындалып, 2003 жылдың тамыз айына дейін жұмыс істеді. Қазіргі таңда Мария Хамзиқызы немере-шөберелерін тәрбиелеп, лайықты, құрметті демалыста.
2003 жылдың тамыз айынан бастап музей директоры қызметін Мария Мұсатайқызы Қожанова атқарды. 2017 жылы 6 наурызда Мария Мұсатайқызы мезгілсіз өмірден өтті. Ол белсенді өмірлік бағытты ұстанды: экспонаттарды іздеп, жинады, музей залдарында келушілер үшін қызықты көрмелер жасады, өңіріміздің өлкетанушыларымен бірге жастарды патриоттыққа тәрбиелеу бойынша жұмыстар атқарды. Оның музейіміздің дамуына қосқан үлесі басшылық тарапынан жоғары бағаланды.
2017 жылдың сәуір айынан бастап, музей ісіне толықтай қаныққан, осы жұмысты өзінің хоббиі – ақындық өнерімен ұштастырған Серік Мақұлбекұлы Қалиев музей меңгерушісі болып қабылданды. Мақал-мәтелдерді жаттауға арналған жас буын ғұламалар арасында жыл сайын ауызша байқау өткізуді ұсынған да сол еді. 2023 жылдың 28 сәуір күні Серік Мақұлбекұлы мезгілсіз өмірден өтті.
2023 жылдың маусым айынан бастап, музей меңгерушісі қызметіне Тұрлыбаев Әділ Жамбылұлы қабылданды. Ол – осы салада талай жыл қызмет еткен білікті маман. Бұл орталықта бірнеше ай жұмыс істеп, оның дамуына үлес қосты.
Музейдің басшылық қызметіне қазіргі уақытта мен жауаптымын. Анығын айтқанда, 2023 жылдың қараша айынан бастап, музей меңгерушісі қызметіне тағайындалдым.
Музей құрылымы 9 залдан тұрады, оның 5-і өлкеміздің көне тас дәуірінен бүгінгі күнге дейінгі тарихына арналған, қалған залдары еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа арналған. Музейіміз жұмыс істеген жылдар ішінде сақтау қорына ауданның тарихи өткенінен сыр шертетін 2 мыңнан астам түрлі құнды материалдар, тарихи жәдігерлер мен фотоқұжаттар, сонымен қатар Тұңғыш Президентіміздің балалық және жастық шағы туралы сыр шертетін материалдар бар.
Олардың басым бөлігі – аудан тұрғындары мен Президенттік қордың тегін сыйлықтары. Өңірдің тарихи-мәдени мұрасын сақтау, ұқыптылық пен қамқорлық біздің қызметкерлер – қордың сақтаушысы Аянбаева Гүлжан, аға ғылыми қызметкер Нұржанова Ләззат және экскурсовод жетекшісі Ерғазиева Наргизаға жүктелген. Олардың жұмысы тек мұнымен шектелмейді, сонымен қатар таңғажайып жәдігерлер туралы лекциялар, әңгімелер, экскурсиялар, тақырыптық іс-шаралардың барлық түрлері, көрмелер, тарихи-танымдық экспедициялар ұйымдастыру, сонымен қатар ауданның белгілі адамдарымен кездесулер және әдеби кештер өткізу болып табылады. Осылай музей қызметкерлері тұрақты жұмыстар атқарып тұрады.
Ашылған күннен бастап музейге Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, ТМД, Германия, АҚШ, Жапония, Моңғолия, Пәкістан, Қытай, Корея, Түркия және басқа да шет мемлекеттердің өкілдері келді. Бір жыл ішінде мұражай 6 мыңнан астам келушілерді қабылдайды. Шолулар мен тілектер кітабында алыс-жақын шетелдерден келген қонақтардың, сондай-ақ ауданымыздың тұрғындары мен қонақтарының көптеген тілектері бар.
Музей қорларында өлкеміздің атақты тұрғындарына тиесілі заттар бар. Музейге 100 ге жуық зат сыйға тартылды. Сыйлықтар арасында 19-20 ғасырлардағы бірегей тұрмыстық бұйымдар, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ордендері мен медальдары, зергерлік бұйымдар да бар. Осындай сыйлықтардың арқасында біздің музейдің арсеналында өткен ғасырдың 50-ші жылдарындағы патефон, 13-17 ғасырлардағы жебе ұштары, 19-20 ғасырлардағы ағаш үккіш және басқа да көптеген қызықты экспонаттар бар.
Музей облыс бойынша үздік музейлер қатарында. Атап айтсақ, 2015 және 2018 жылдары Алматы облысы бойынша музейлер арасында «Ең үздік музей» атағын екі мәрте жеңіп алды. 2021 жылы Мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің республикалық «Рухани Қазына – 2021» фестивалінде қатысып, «Үздік аудандық (қалалық) маңызы бар мемлекеттік музей» атағын жеңіп алды. 2024 жылы, Дүниежүзілік экскурсоводтар күніне орай, музейіміздің экскурсия жетекшісі Ергазиева Наргиза Назарбайқызы «Жауһар жәдігер» атты облыстық байқауға қатысып, жүлделі 3 орынға ие болды. Мұның бәрі музей қызметкерлерінің еңбегінің жемісі. Бұл – музей мерейі.
Қорытындылай келе, мынаны айтқым келеді: Құрметті ауданымыздың тұрғындары, cіздердің өлкенің тарихи-мәдени мұрасын сақтауға, музейіміздің қызметін дамытуға қосқан үлестеріңіз ұшан-теңіз. Жас ұрпақ өз халқының, өлкесінің тарихын білуі үшін олардың тамырына балта шаппауымыз қажет, жарасымды, саналы, өнегелі тұлға болып өсуі үшін біз тарихымызға ұқыптылықпен және құрметпен қарауымыз керек.
М. ЖУНУСПАЕВА,
Қарасай аудандық тарихи-өлкетану
музейінің меңгерушісі.
Барлық деректер мен материалдар музейдің жеке мұрағатынан және қызметкерлердің жазбаларынан алынған.