Халқымыз-дың қолөнері – көркемдік мән-мағынасы бар өткен тарихымыздан сыр шертетін асыл қазынамыздың бірі. Қолөнер халықтың тұрмыс-тіршілігімен, әдет-ғұрпымен біте қайнасып жатыр. Сондықтан да шеберлердің туындыларын тұрмысымыздан бөліп қарау мүмкін емес.
Ауданымыздың қолөнер шеберлері Бекдайыр Қоңыр Егенұлы мен Нарботанова Анаргүл Жаманқұлқызы отбасымен 35 жылдан бері қолөнермен айналысып, атадан балаға мирас болған өнерді үздіксіз жалғастырып келеді. Қоңыр Егенұлының қолынан шыққан әрбір бұйым бірегей, қайталанбас дүниелер. Ағамыз ағаш пен теріден эксклюзивті экспонаттар жасаудан жалықпайды. Олар – отбасында үш ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған жандар. Балалардың барлығы өнерлі. «Қыз еркем – кестесімен көркем, ұл еркем – өнерімен көркем» демекші, үлкен ұлы Айдос мүсінші, екінші ұлы Бақытжан керамикамен, ал үшінші ұлы Ғалымжан зергерлікпен айналысады. Анасы мен қызы Еркежан жүннен киіз басып, түрлі-түрлі бұйымдар жасайды. Олардың қолдарынан шыққан үйдің ішкі көрінісін әшекейлейтін киізден жасалған сан алуан авторлық жұмыстары көздің жауын алады. Шеберлеріміз қазақы болмысымызды, тарихымызды, табиғатымызды өз туындыларына арқау ете білген. Бүгінгі таңда Еркежанның өзінің шағын мектебі бар. «Өнер мінсең – ат, ұшсаң – қанат, кисең – жанат, ішсең – тамақ» деп, аталарымыз айтқандай, ол да адал кәсібінің арқасында, ризық-несібесін қолөнерден тауып отыр. «Жантақтан ине, жаңқадан түйме» жасай білетін әрбір отбасы мүшелеріне тән ортақ қасиет – еңбекқорлық. «Телміріп алған теңгеден термен тапқан тиын артық» деп санайтын қолөнершілер ешқайда алақан жаймай, ешкімге шағым айтпай, өздері сүйіп атқаратын жұмыстарынан рахатын да, нәпақасын да тауып үйренген. Балаларын еңбекпен тәрбиелеген ата-ана «қолы қимылдағанның аузы қимылдайтынын» сөзбен де, іспен де дәлелдеп келеді. Мәдениетіміз бен өнеріміздің өркендеуіне өз үлестерін қосып келе жатқан шеберлер отбасының қолдарынан шыққан бұйымдар бүгінгі таңда да, алдағы уақытта да халқымыздың кәдесіне жарап, отандық өнімдеріміздің қатарын толықтыра беретініне сенеміз.
Р. АБДИКАИМОВА,
Қарасай аудандық тарихи-өлкетану музейінің қор сақтаушысы.